Санаулы күндерден кейін Жапонияның бас шаһары – Токиода XXXII жазғы Олимпия ойындарының жалауы желбірейді. Екі аптаға созылатын төртжылдықтың басты додасында Қазақстанның 95 спортшысы (96 жолдама) спорттың 27 түрі бойынша ел намысын қорғайды. Алдыңғы Олимпиадалармен салыстырар болсақ, әрине, биылғы көрсеткіш көңіл көншітпейді. Токиодағы жарыс – Қазақстанның Олимпия ойындары тарихында ең аз спортшы қатысқан бәсеке болмақ. Бұған дейінгі ең төменгі көрсеткіш – Атланта Олимпиадасы болатын. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі тұңғыш Жазғы Олимпиадада біздің елдің 96 саңлағы бақ сынаған еді.
Токио Олимпиадасына іріктеу бәсекелері енді басталып жатқанда Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев Токио Олимпиадасына 100-ден аса жолдама аламыз деп болжаған болатын. Бірақ коронавирус салдарынан саңлақтарымыз дәстүрлі межеге қол жеткізе алмады. Кей спорт түрлерінен жерлестеріміздің байрақты бәсекелерде пандемияға байланысты тиісті деңгейде жаттығу жұмысынан өтпегендіктен баптарына ене алмай, қажетті нәтижені көрсете алмады. Сонымен қатар допинг дауына байланысты ең көп жолдама алатын ауыр атлетика спортынан Қазақстан құрамасына биыл небәрі екі лицензия берілді.
Өткенге зер салсақ...
Бұған дейінгі Олимпиадалар тарихына көз жүгіртер болсақ, жоғарыда айтып өткеніміздей Қазақстан дербес мемлекет ретінде бірінші мəрте қатысқан 1996 жылғы Атланта Олимпиадасында 96 спортшымыз спорттың 14 түрі бойынша бақ сынады. Ал одан кейінгі бірде-бір Олимпиадада спортшы саны 100-ден кем болған емес. Айталық, 2000 жылы Сиднейде спорттың 17 түрінен 130 спортшымыз ел намысын қорғады. 2004 жылы Афинада тап осынша спорт түрінен 119 өкіліміз Олимпиада жүлдесі үшін күресті. Содан кейінгі, 2008 жылғы Бейжің Ойындарында 132 спортшы спорттың 22 түрі бойынша жан алып, жан берісті. 2012 жылы Лондонда 20 спорт түрінен 115 спортшы сынға түсті. Ал кейінгі Рио Олимпиадасына 17 спорт түрінен 104 олимпиадашыларымыз қатысты.
Осы алты Олимпиаданың алтауы да Қазақстан үшін табыссыз болған жоқ. Ең бастысы, барлығында да жерлестеріміз алтын медальға қол жеткізе алды. Мысалы, Атлантада 3 алтын, 4 күміс, 1 қола, барлығы 11 медаль олжаласақ, Сиднейде 3 алтын, 4 күміс, барлығы 7 медаль қоржынға салдық. Афинадағы көрсеткішіміз 1 алтын, 4 күміс, 3 қола, барлығы – 8 медаль. Бейжіңде 2 алтын, 2 күміс, 4 қола, барлығы 8 медальмен табысты аяқтадық. Лондондағы додада 11 медаль (3 алтын, 1 күміс, 7 қола) жеңіп алдық. Риодағы аламанда жерлестеріміз жалпы саны 18 медальмен жүлде бойынша Олимпиадалардың рекордын орнатты. Қазақстандық саңлақтар Бразилияда 3 алтын, 5 күміс және 10 қола медальді қоржынға салды.
Жаңа есімдер жарқылы
Қазақстандық спортшылар Олимпиаданың дәстүрлі спорттық жарыстарынан бөлек, биылдан бастап Олимпия ойындарының бағдарламасына енген спорттық шыңға өрмелеу мен каратэ бойынша да бақ сынауға мүмкіндік алды. Каратэ бойынша бірден бес спортшы, ерлерден Дархан Асаділов, Нұрқанат Әжіқанов, Данияр Юлдашев пен әйелдерден Мөлдір Жаңбырбай мен Софья Берульцева, ал құзға өрмелеуден Ришат Хайбуллин жүлде үшін таласады.
Сондай-ақ жеңіл атлет Ольга Рыпакова Қазақстанның биылғы олимпиадалық құраманың көшбасшысы болатыны сөзсіз. Бұл дода Ольганың спорт мансабындағы төртінші Олимпиадасы болмақ. Бүгінде оның қоржынында Олимпиада медальдарының толық жиынтығы бар. Осыған дейінгі қатысқан барлық Олимпия ойындарында ол елге абыройлы оралған болатын.
Су добынан Қазақстан ерлер құрамасы – командалық ойын түрлерінен жарысқа қатысатын елдегі жалғыз құрама. Олар Олимпия ойындарына сегіз жылдық үзілістен соң қайта оралды. Дәстүр бойынша Қамшыбек Қоңқабаев бастаған бокстан ерлер командасы Олимпиадаға толық құраммен, яғни сегіз салмақ бойынша қатысады. Қыздар құрамасы бір ғана жолдаманы қанағат тұтты.
Гимнаст Милад Карими жалғыз өзі жеті жолдаманы еншілеп, үлкен ерлік жасады. Енді одан тек жүлде күтеміз. Жүзу спортынан үш жолдама бар. Оның екеуі Рио Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландинге тиесілі. Отандасымыз Руслан Құрбанов Халықаралық семсерлесу федерациясының жеке рейтингі бойынша құрлықтық квотаны жеңіп алған алты спортшының қатарына енді.
Афинадағы Олимпиададан кейін (2004) алғаш рет Қазақстанның үш велошабандозы топтық жарыста бақ сынайды. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге команда көшбасшысы Алексей Луценко үлкен үлес қосты. Ол Қазақстанға жалпы алғанда Азия құрлығының бірде-бір мемлекеті еншілемеген ұпайды жинады. Тректегі велоспорт (спринт, омниум және кейрин) бойынша үш лицензия жеңіп алды. Айта кетерлігі, спорттың бұл түрі бойынша жолдама Қазақстан үшін тарихи болып есептеледі. Себебі, осы уақытқа дейін қазақстандық спортшылар аталған бағдарлама бойынша Олимпиадаға қатыспаған. Садақ атудан 20 жылдан кейін алғаш рет Қазақстаннан үш садақшы Олимпиадада командалық жарысқа қатысады.
96 жолдаманың 11-і балуандарға тиесілі болса, жеңіл атлеттер де осы мөлшерде лицензия жеңіп алды. Теннисшілер жеті, ал байдарка мен каноэде ескек есуден алты жолдама қоржында. Рейтингтік жарыстар нәтижесі бойынша дзюдошылар алты жолдаманы иеленді. Токио төрінде белдесетін татами шеберлерінің арасында тәжірибелі Елдос Сметов те бар. Үстел теннисінен Қазақстан құрамасының еншісінде қос жолдама, сондай-ақ таэквондо мен слаломды есу бойынша спортшылар екі лицензия алды.
Аймақтардың Олимпиадаға үлесі
Жолдамалардың үлес санын аймақтарға бөлер болсақ, республикалық маңызы бар үш қала мен 13 облыстың спортшылары Токио төрінде ел намысын қорғайтын болды. Өкінішке қарай, Ақмола облысының бірде-бір спортшысы Олимпия ойындарына жолдама ала алмады.
13 спортшыны Олимпиадаға қосқалы отырған еліміздің бас қаласы – Нұр-Сұлтан аймақтар арасында жеке-дара көш бастап тұр. Шымкент қаласы, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары екінші орында. Бұл аймақтардан Токиоға 10 спортшыдан барады. Қарағанды облысы 7 спортшымен үздік үштікті түйіндеп тұр.
Ал Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарынан – 5, Алматы қаласы, Түркістан және Жамбыл облысынан – 4, Павлодар және Қызылорда облыстарында үш-үштен спортшы бар. Ал Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Атырау облысының спортшыларының қарқыны баяу болып тұр. Яғни бұл облыстардан бір ғана спортшы Олимпия ойындарында бақ сынайды.
Инновациялық Олимпиада
Токио Олимпиадасын ұйымдастырушыларының айтуынша, алдағы Олимпиада бұрын-соңды болмаған ең инновациялық Олимпиада болмақ. Жоспар бойынша жаһанның басты жарысын Токионың 13 ауданында орналасқан спорт кешендері қабылдайды. Онда əлемнің түкпір-түкпірінен жиналатын спортшылар 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығын сарапқа салады. Сонымен қатар Токиодағы Олимпия ойындарының бағдарламасына жаңадан бес спорт түрі қосылғаны баршаға белгілі. Атап айтар болсақ, бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық шыңға өрмелеу жəне скейтбординг. Биылғы додаға əлемнің 206 елінен 11 090 спортшы қатысады деп жоспарланған.
Спортшылардың 49%-ы əйелдер болмақ. Бұл гендерлік теңдікті білдіреді. 2017 жылы Халықаралық Олимпиада комитетінің атқарушы комитеті кезектен тыс бас қосып, Токио Олимпиадасының бағдарламасына біршама өзгеріс енгізді. Басты мақсат – төрт жылдық дүбірлі додаға қатысатын ерлер мен əйелдердің санын теңестіру. Сөйтіп жеңіл атлетика, су спорты түрлері, нысана көздеу, ауыр атлетика, бокс жəне күрес түрлеріндегі ерлер жолдамаларының (лицензиялар) саны қысқарып, əйелдердің үлесіне берілді.
Жапония дүбірлі доданы осымен екінші рет қабылдамақ. Күншығыс елі ең алғаш жазғы Олимпия ойындарын 1940 жылы өткізуі керек еді. Алайда елдегі саяси жағдайға байланысты ресми билік 1938 жылы Олимпиаданы өткізуден бас тартты. Кейіннен Күншығыс елі тағы бір рет Олимпиаданы өткізуге мүмкіндік алды. 1964 жылғы додада əлемнің 93 елінің спортшылары бақ сынап, спорттың 19 түрінен жүлделерді сарапқа салған-ды.
Айта кетейік, ертең Қазақстанның Олимпиадалық құрамасы Токиоға аттанады. Осы орайда спортшыларға Токио сапары табысты болсын дегіміз келеді!