Бұған дейін «Болашақ» бағдарламасының түлектерін орталықтан, яғни мегаполистерден ғана іздейтінбіз. Ғалымтану бағытындағы жобамыздың кейіпкерін осы жолы өңірден таптық. Ол – жас ғалымдардың, ғылымға жаңа қадам басқан зерттеушілердің білімін жетілдіріп, танымын кеңейтіп, ғылыми әлеуетін арттыруды қоғамдық міндетіндей көретін Лаура Қарабасова.
Кейіпкеріміз өзінің туған жері Ақтөбе облысындағы «Дарын» мектеп интернатында, оны бітірген соң қазіргі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде білім алды. Білім қуған жас талапкер мұнымен тоқтап қалмай оқуын шетелде жалғастыруды көздеп, Англияға аттанды. «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританиядағы Warwick университетіне «Білім берудегі көшбасшылық және менеджмент» бойынша магистратураға түсті. Ондағы оқуын аяқтағаннан кейін, анығы 2013 жылы ол елге оралды. Елордада ғылыми ізденістерін бастады, оны практикамен ұштастырды. «Назарбаев зияткерлік мектептері» жанындағы Білім беру бағдарламалары орталығына жұмысқа тұрды.
«Мен бірден инновация алаңына түскендей болдым. Мұндай ортада жұмыс істеген сондай қызықты. Бұл өзі НЗМ-нің қалыптасу жылдары еді. Осындай маңызды кезеңде маған жауапты іс – үштілді білім беруді енгізу бағытын іске асыру жүктелді. Үштілді білім беру бойынша аға менеджер ретінде 20 Зияткерлік мектепте үштілділікті енгізудің моделін әзірлеуге көмектескен халықаралық ірі сарапшылармен жұмыс бойынша жобаны басқардым. Бұл сарапшылар Канада, АҚШ, Бельшия және Эстониядан шыққан ірі ғалымдар болатын. Кейін Білім және ғылым министрлігі жанындағы үштілді білім беру стратегиясын әзірлеу бойынша ұлттық жұмыс тобының үйлестірушісі болдым», дейді кейіпкеріміз.
Үштілділікті көп зерттеген ғалымнан «Осы саясат қазақ тілін жұтып жібермей ме? Ғылыми негізге сүйеніп айтқанда, балаға екінші немесе үшінші бір шет тілін қанша жастан үйреткен тиімді?» деп сұрадық. Оның ойынша, қоғам белсенділерінің, әсіресе мемлекеттік тіл жанашырларының жанайқайы орынды, тек тіл құрып кетпес үшін оған басымдық беріп қою жеткіліксіз, қажеттілік тудыру керек. Бұл қажеттілік мектеп немесе университетте тілді оқыту арқылы шешілмейді, еңбек нарығын да қамтиды. Сонымен қатар тілдік саясат туралы айтқанда микродеңгейдегі, яғни мектеп деңгейіндегі саясаттың, әсіресе педагогиканың шешуші рөл атқаратынын назарда ұстаған жөн.
«Шындығына келгенде үштілділік деген ағылшын тіліне басымдық беру деген сөз емес. Бұл – орыс сыныптарындағы немесе ағылшын тілінде білім алатындарға сол тілмен теңдей қазақ тілін білуіне қажеттілік тудыру. Айталық, НЗМ-де қай тілде білім алатын сынып екеніне қарамастан Қазақстан тарихы тек қазақ тілінде өтеді. Демек, орыс сыныбындағы оқушылар да бірнеше пәнді қазақ тілінде оқу арқылы мемлекеттік тілді тереңдей біледі. НЗМ-нің дәл осы тәжірибесін қарапайым мектептерге енгізуді ата-ана және оқушылар сұранысы бойынша жүзеге асыруға болады. Екіншіден, үштілділік ғылыми ізденістерімнің тақырыбына айналғалы, бір нәрсені анық түсіндім. Отбасында баланың бірнеше тілде сөйлеуі – қалыпты жағдай, тіпті қажеттілік. Мысалы, әкесі түрік, анасы ұйғыр бала отбасында туған бала – табиғатынан билингвал, сондықтан оған 2 тілде сөйлеу, түсіну қалыпты үйреншікті нәрсеге айналған. Ата-анасы шет елде оқығандықтан, бала ағылшын тілді ортада тұрып, мектепте ағылшынша оқып келген. Ол кейін қазақ мектебіне барса, қазақ тілін, кейін орыс тілін меңгере алады. Міне, осындай жағдайда балалардың білім алу құқын шектемей, оларға мүмкіндік жасап, қажеттілік тудыра білген абзал. Алайда шет тілін оқыту әдістемесі мен ресурстары жолға қойылмай, баланы ерте жастан тіл оқытуға ұмтылу – нәтижесіз», дейді Л.Қарабасова.
Ғылымды насихаттау – ғылым саласының бағалануына алып келетін жолдардың бірі. Кейде ақпарат аз болғандықтан, жастар үшін сала тартымсыз болып көрінуі мүмкін. Ал ғылымды насихаттауға ең алдымен ғалымдар мүдделі, құлықты болғанда ғана көздегенімізге қол жеткізетініміз анық. Иә, бізде ғылыммен айналысатын ғалымдар жетерлік, бірақ ғылым жайында, ғылымда өзін қалай қалыптастыруға болатыны туралы айтатын ғалымдар саусақпен санарлық. Сол санаулы ғалымның бірі – кейіпкеріміз Л.Қарабасова. Ол шетелден алған білімін әлі де жетілдіре түсу керегін түсініп, 2014 жылы Назарбаев университетінің докторантурасына түсті. Докторантурадағы алғашқы жылында оқуға, терең академиялық білімге көп күш салды да соңғы жылдарында оқуымен қатар жиған-терген ілімін жобаларға жұмсаумен айналысты. Көп жобасының ішіндегі біздің көзімізге ерекше іліккені – ғылым туралы кәсіби блок жүргізетіні.
«Әлеуметтік желідегі парақшамда жазатын ғылымға қатысты жазбаларымның жемісі болар, сондағы ой мен кеңестердің ықпалымен магистратураға, докторантураға түсіп яки бір кездері ғылымнан үмітін үзіп, тастап кеткен университеттегі жұмысына қайта оралғандары бар. Демек елімізде мықты мамандардың ғылыммен айналыспауына насихатталмауы бірден-бір себеп болып отыр. Алайда мен блогымда ешкімге ақыл айтпаймын, тіпті ғылыммен айналысуға үгіттемеймін де. Бар болғаны өзімнің ғалым ретінде жұмыстарымды, ғылыми жолдағы жетістіктеріме (үлкен-кіші демей) қалай жеткенімді жеңіл баяндаймын. Дәл осы әрекетті кез келген ғалымнан күтемін. Өйткені, менің ойымша, жетістікке жетудің жолы жайлы біліміңді өзгелермен бөліспеу – өзімшілдік», дейді философия PhD докторы Л.Қарабасова.
Кейіпкеріміз блогында ғылыми жетекшілер, олардың қандай болу керегін, өзінің магистранты немесе докторантына нені үйретуге тиіс екенін жазады. Оның айтуынша, ғылыми жетекшінің мектебі үлкен рөл ойнайды. Бұдан бөлек ғылыми диссертацияның тақырыбын таңдау да – қазақстандық жас зерттеушілер үшін маңызды мәселе. Себебі ол өзі зерттеп көрген көптеген отандық жоғары оқу орнында ғылыми диссертацияның тақырыбына келгенде, іс жүзінде жас зерттеушінің таңдауы шектеулі болып қалады, ғылыми жетекші өзіне ыңғайлы тақырыпты таңдауға ықпал етеді. Бұл – қателік.
«Ғылыми жетекшілер кейінгі буынның өзіне қызық болатын, жаңа бір нәрсені ашатын, тіпті жетекшінің өзіне белгісіз бір тақырыпты таңдауына қорықпай мүмкіндік беру керек. Студент 2-3 жыл бойы сол таңдаған тақырыбымен «өмір сүреді», кейбірі студент кездегі тақырыбын кейін оқуын бітіріп жұмысқа тұрғанда да жалғастыра зерттейді. Менің жетекшім, Луизиана университетінің құрметті профессоры Дениз Ижеаның сөзімен айтсақ, әркімде өз тақырыбына құштарлық болуы керек. Қалыпты жағдайда ғылыми жетекшіге оның бұрын зерттеп жүрген, болмаса сәйкес келетін тақырыбын таңдаған студентті беруге тырысады. Негізі зерттеу қызығушылықтары сай келмесе, қорқынышты жағдай емес. Нағыз ғалым ретінде қалыптасқан жетекші кез келген тақырыпта бағыт бере алады. Өйткені тақырып сан түрлі болғанымен, диссертация жазудың, зерттеу жүргізудің жолы – бір. Содан соң тақырыптың проблемасын қою жөнінде қанша докторантпен сөйлестім, бірақ басым бөлігі зерттеу тақырыбын айтады, ал тақырыптың проблемасын, яғни нәтижесінде не нәрсеге жеткісі келетінін және бұл зерттеу қандай нақты сұраққа жауап беру керегін айта алмайды, білмейді. Тағы бір проблема – әдебиетке шолу. Зерттеуші көп әдебиетті оқымайынша, әдебиетке шолу жасай алмайды. Бір мақала жазу үшін кемі 30-40 мақала оқу керек. 5-6 ғылыми еңбекті оқып алып, қандай да бір тақырыптың бұрын зерттелмегенін қалай анықтайсың. Әдебиетке шолудың ой деңгейінде белгі беретін бір заңдылығы бар. Соған жету қажет», дейді кейіпкеріміз.
Ғылым жайлы айтатын ғалым өзінің блогында зерттеудің әдіснамасы төңірегіндегі түйінді түйткілдер туралы да мәселе көтерген. Осы мәселеге қатысты жас зерттеушілермен бірге өзі де зерттеу жүргізген. Сондағы көз жеткізгені – еліміздегі біраз университеттің докторантурасында зерттеу әдістері деген арнайы пәннің жоқ болып шыққаны. ЖОО өкілдері магистратурада оқытылатынын алға тартқан. Алайда «Білім берудегі көшбасшылық және менеджмент» бойынша магистр әрі философия PhD докторы Л.Қарабасова аталған пәннің докторантурада бір сатыға жоғарылап, тереңдей оқытылуы керегін айтады.
«Сандық және сапалық зерттеу деген бар, оның әрқайсысын семестр бойы оқыту керек. Қазақстандық зерттеушілердің мықты журналдарға мақала жариялауда және ғылыми гранттарды ұтып ауда қиналатын себебі – зерттеу әдістерін дұрыс негіздей білмейтінінде. Зерттеу әдістерін толық меңгеріп, жақсы мақала жазғанымен, жариялаудың жолын таппайтындар да бар. Оларға импакт факторы жоғары журналдарды анықтау, мақала жіберу, анонимді түрде келген рецензияға қалай жауап беру қажет екенін жазбаларым арқылы жеткіземін. Менің қатты таңғалғаным, көп ғалымдар мықты журналдардың делдалдары болмайтынын, ешбір агенттікпен жұмыс істемейтінін түсінбейді. Ғалым және ғылыми журналдың редакторы сол басылымның сайты арқылы ғана жұмыс істейді», дейді кейіпкеріміз.
Ғалым Л.Қарабасова өзі студент болған А.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне жақында академиялық жұмыстар жөніндегі проректор болып оралды. Оның бұл қадамы, халықаралық білім алуына мүмкіндік беріп, жағдай жасаған еліне деген азаматтық, перзенттік парызы шетелде оқыған өзге замандастарына үлгі болады деп сенеміз.