Бүгін Ресейдің Сочи қаласында аралас жекпе-жектен АСА 126 турнирі өтеді. Чешенстанда іргетасы қаланған белді промоушеннің мұрындық болуымен ұйымдастырылып отырған жарыста бірқатар танымал спортшылар күш сынасады, деп хабарлайдыы Egemen.kz.
Осы кештің басты бәсекесінде қазақстандық Евгений Егембердиев пен ресейлік Мүсілім Магомедов айқасады. «Метис» деген лақап атпен танылған 36 жастағы Тараздың тумасы кезінде бокстан жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері атанған. Аралас жекпе-жектен 15 кездесу өткізген «Алаш Прайд» клубының мүшесі 12 рет жеңіске жетті. 9 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады.
26 жастағы Мүсілім Махачкала қаласында дүниеге келді. Оның осы спорт түрін серік еткелі төрт жылдан асты. Сол аралықта тоғыз рет октагонға шығып, барлығында басымдық танытты. Төрт қарсыласын ол айқын ұтты. Осыдан үш жыл бұрын Магомедов біздің Асылжан Бақытжанұлымен кездесіп, екінші раундта «қылқындыру» әдісімен жеңгенін жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Осы жолы Егембердиев өзінің командалық әріптесі жіберген есені қайтарады деген сенімдеміз. Бұл бәсекеде АСА промоушенінің ауыр салмақтағы (93,4 кило) чемпиондық белбеуі сарапқа салынады.
Қара теңіз жағлауында өтетін жарыста Марат Балаев (Ресей) пен Жоао Луис Ногейра (Бразилия), Евгений Гончаров (Ресей) мен Франсимар Барросо (Бразилия), Дауд Шайхаев (Ресей) пен Самвел Варданян (Армения) және тағы басқа белді спортшылар өз өнерлерін ортаға салады.