Өткен жылы әлемді жайлаған қауіпті індетке қарсы күреске еліміздегі мемлекеттік органдармен бірге Ұлттық ұланның әскери қызметшілері де белсене атсалысты. Осы қауіпті де жауапты істің басы-қасында жүрген сардардың бірі – Ұлттық ұлан бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов еді...
Бейбіт күнде де тыным таппайтын, әскери өмірдің аса маңызды саласы – тәрбие ісін босаңсытпай, жеке құрамның тәртібін, бөлімшелерде заңдылықтың сақталуын жіті назарда ұстайтын, Ұлттық ұлан мен қоғам арасындағы алтын көпірдей болған елжанды сардар, парасатты басшы осы кезде арамыздан кетті.
Мұхаметқали Құсайынұлы Ұлттық ұланның идеологиялық «генераторы» болды десек, артық айтпаспыз. Ішкі әскеріміздегі тәрбие жұмысының барлығы оның тікелей ұйымдастыруымен атқарылып, ілгерілетілетін.
Ол 1961 жылы Қарағанды облысының Ақтас ауылында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылған Мұхаметқали балалық шағында бірталай қиындық көреді. Десе де, сол қиындықтар онымен бірге бауырлары Мұхаметжан мен Нығметжанды, әпкелері Әмина, Қалима және Зираны қайраттандырып, әрқайсысының бір-бір саланы меңгерген дәрігер, ұстаз, инженер, ғылыми қызметкер болып қалыптасуына әсерін тигізді. Ал Отан қорғау ісін таңдаған Мұхаметқали Құсайынұлы Ішкі әскер сапында қырық екі жыл қалтқысыз қызмет етті.
Мұхаметқали он жеті жасында Новосібір қаласындағы КСРО ІІМ Ішкі әскерінің жоғары әскери командалық училищесіне оқуға түсіп, 1982 жылы «лейтенант» шенін алады. Туған жері – Қазақстанға оралып, сардарлық жолын взвод командирі лауазымынан бастап, рота, батальон, полк буынындағы түрлі басқарушы қызметтерді атқарады. Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскері қолбасшысының Бас басқармасы Әскери кеңесінің хатшысы болды. 2013 жылдың мамыр айынан бастап Ішкі әскердің, кейін Ұлттық ұланның тәрбие құрылымдарына жетекшілік еткен ол бар күш-жігерін әскери бөлімдердегі офицерлер мен сарбаздарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге сарп етті. Құқық тәртібі әскеріндегі қызметі жылдарында Ұлттық ұланның қызметін жандандырып, қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік, тәрбиелік-идеологиялық ауқымды жобаларды жүзеге асырды.
Айналасына өз ісінің хас шеберлерін жинап, елдік идеологияның тасын өрге сүйреді. Мемлекет мүддесін өз мүддесінен биік қоятын, атақ-даңқ пен мансапқа бой алдырмаған, өзі қызмет еткен төл әскердің жеке құрамындағы заңдылық пен темірдей тәртіптің сақталуын бір сәтте назарынан тыс қалдырмаған өте қағілез, принципшіл, еңбекқор жан еді.
Мұхаметқали Құсайынұлы қай істе де ахуалды зерделеп, түйінді мәселелерді саралап, ақыл таразысына салып, «өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын» дұрыс шешім қабылдай білетін. Өз бастамасымен қолға алған жобасына терең шығармашылық тұрғыдан қарап, «темірді қызған кезінде соқ», дегендей, озық ойларын батылдықпен жүзеге асыра алатын көшбасшылық, ұйымдастырушылық қасиетке ие еді.
Қарамағындағыларды оқыту мен тәрбиелеу ісінде қалыптасқан дәстүрге сүйене отырып, өз тарапынан жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен білімін қоса пайдаланып жүретін. Аудиторияны салиқалы сөзімен ұйыта да, сардарға тән қатаңдығымен бағындыра да алатын мысы басым, ықпалды тұлға болды. Бүгінде әскер қатарында жемісті еңбек етіп жүрген офицерлік құрамның бүтін бір буынын тәрбиелеп шығарды.
Мұхаметқали Құсайынұлының тікелей жетекшілігімен әскердің қызметтік-жауынгерлік жолын баяндайтын деректі, оқу фильмдері түсірілді. Құқықтық тәртіп әскерлерінің барлық бөлімшелеріне тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстардың тиімділігін арттыру жөніндегі көптеген оқу-әдестемелік жинақ пен директива әзірленді.
2005 жылы Ұлттық ұлан мен «Қазақстан» телеарнасы бірлесіп, ішкі әскер тарихы туралы «Ішкі әскер – құқықтық тәртіп әскері» атты алғашқы деректі фильм түсірілді. Бұл фильм Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен II Жалпы Армиялық конференция делегаттарының алдында көрсетілген болатын.
Сол жылы Мұхаметқали Құсайынұлының Бас басқарма бастығы ретіндегі жоғары ұйымдастырушылық қабілеті жарқырай көрінді. Әрі қарай шығармашылық жұмыстар тізімі кеңейе түсті. «Егер мен бұзсам...», «Конституция мен заңдылық күзетінде», «Мемлекеттің ішкі қуаты» сияқты танымдық фильмдер, бейнероликтер жарық көрді. «Хабар», «Қазақстан», «КТК» телеарналарымен бірлесе отырып, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алған, әскеріміздің ержүрек батыры Ербол Отарбаев туралы «Откровенный разговор» фильмі түсірілді, сондай-ақ «Ұлы дала ұландары» деректі фильмі де жарыққа шықты.
Әскер тарихындағы маңызды оқиғалар шынайы көрсетілген «Алтыншы бекет» және «Қазбат» көркем фильмдерін айрықша атауға болады. Осы туындылардың жарық көруіне бірқатар офицер Ұлттық ұланның бас тәлімгері генерал-майор Мұхаметқали Сатовтың басшылығымен белсене қатысты. «Алтыншы бекет» фильмінің сюжетіне жауынгерлік бекетте тұрып, қатаң режімдегі колониядан ондаған тұтқынның қарумен қашуына жол бермеген жауынгер Ербол Отарбаевтың жанқиярлық ерлігі негіз болды.
2019 жылдың қыркүйегінде «Алтыншы бекет» фильмінің телевизиялық нұсқасы «Тэфи – Достастық» халықаралық фестивалінің ең үздік телехикая аталымы бойынша Гран-приін жеңіп алды. Осы көркем фильм идеясының авторы – Мұхаметқали Құсайынұлы.
Ал «Қазбат» фильмінде 1995 жылы 7 сәуірде Тәжікстан жерінде ТМД-ның сыртқы шекараларын қорғау жөніндегі үкіметтік тапсырманы орындау кезінде ерлікпен қаза тапқан Ішкі әскердің 7-ротасындағы қазақстандық әскери қызметшілердің ерлігі туралы баяндалады. Бұл кинотуындының сценарийін жазуға қатысқан бірден-бір әскери тұлға генерал-майор М. Сатов еді.
Сонымен қатар Мұхаметқали Құсайынұлының бастамасымен жарыққа шыққан кітаптар да жеткілікті. Олар – «Ішкі әскер – құқықтық тәртіп әскері», «Ел қалқаны – Ішкі әскер», «Ерлік дәстүрі», «Дәстүрге адалдық», «Бүркіт» – ішкі әскер қырандары», «Если не мы, то кто…», «Тағзым», «Летопись войск правопорядка: время, события, люди» және басқа кітаптар. Оларға заңдылық пен тәртіпті күзету жолында Отан алдындағы қасиетті борышын абыроймен өтеп жүрген әскери қызметшілер өмірі арқау болған.
Ұлттық ұланның бас тәрбиешісі болған генерал Сатовтың соңғы жұмыстарының бірі – 2020 жылы жарық көрген «Елбасы және Ұлттық ұлан» кітабы. Онда еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құқықтық тәртіп әскерінің қалыптасуы мен дамуындағы ерекше рөлі туралы, әр кезеңде Ішкі істер министрлігінің күштік құрылымын басқарған адамдар туралы баяндалады. Мұхаметқали осы кітапты мақтаныш көрді. Аталған шығарманың тұсаукесерін өткізіп, бүкіл елге жария еткен де өзі болатын. Бүгіндері Ұлттық ұлан қонақтарына осы кітапты сыйға тартқанда тәлімгер генералды еріксіз еске түсіреміз.
Жалпы, Мұхаметқали Құсайынұлының қолы тиген, ізі қалған дүниелер жетіп артылады. Ұлттық ұлан әскери бөлімдеріндегі стендттер, соңғы он бес жылда шығарылған буклеттер мен кітапшалар, тәлімгер офицерлердің бұйрықтары, әскер символикалары – барлығына генералдың еңбегі сіңді. Соларды көрген сайын есімізге есіл ер түседі.
Ол кісінің іскерлік қырларынан бөлек, адами қасиеттері айрықша еді. Бір қарағанда сұсты, қатал көрінгенімен, өте білімді, адамгершілігі мол жан болатын. Әскер тағдырындағы қиын-қыстау кезеңдерде жеке құраммен бірге болды. Құқық тәртібі әскерінің ыстық-суығына бірге төзді. Әскери қызметтің қиыншылығынан қажыған жауынгерлердің талайын жылы сөзімен жігерлендірді.
Тағы бір ерекшелігі, генерал М. Сатов баспасөз қызметкерлері үшін әр кезде ашық еді. Қандай жағдай болсын ел алдына шығып, журналистермен ашық әңгіме жүргізетін. Оқыс оқиға немесе жағымды жаңалық болсын – барлығын қоғамға жария еткенді жөн санайтын. Бұл журналистерден қашқақтайтын кей басшыларға жақсы үлгі десек те, артық болмас. Сонымен қатар Ұлттық ұланда қызмет етіп жүрген әскери журналистерге де оң көзімен қарайтын. Олардың шығармашылықпен жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін.
«Ұлық болсаң, кішік бол» демекші, әскер тәлімгері адамның жағдайын айтпай түсінетін. Әбден қажыған офицерді көрсе, онымен сөйлесіп, қолынан келгенше көмектесуге тырысатын. Ол кісінің өмірлік энергиясына таңғалмасқа болмайтын. Басынан асып жатқан жұмыстың бәріне үлгеріп, оң нәтижеге жетпей тынбайтын.
«Отан бәрінен де қымбат. Отан болмаса, ештеңе маңызды емес», «Өмірде бай болу маңызды емес, адал, адамшылыққа лайықты өмір сүру маңызды», деген сөздерді үнемі айтып жүретін.
Мемлекет мүддесін өз мүддесінен әрқашан биік көретін, өзіне де, өзгеге де қатаң талап қоятын, үлкен жауапкершілік иесі еді. Осы қасиетімен көпке үлгі, қай ортада болсын сыйлы болды. Сарбаздардың жігерін жанып, отансүйгіштікке, антқа адал болуға, елді риясыз сүюге, батылдыққа үндеуден жалықпайтын, жүректерге от беретін. Талай жауынгердің ерлігін бұқараға паш етіп, лайықты бағасын беріп, ержүрек батыр ретінде танытуға себепші болды.
Ұлттық ұланның бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов та қарулас қана емес, ағасындай, ақылшысындай болып кеткен Мұхаметқали Құсайынұлы туралы: «Оқыту мен тәрбиелеудің тың жолдарын қолданатын кемел басшы, әр нәрсенің байыбына барып, таразылай білетін нағыз тәрбиеші еді. Әскер жұмысын бүге-шүгесіне дейін түсініп, салмақты әрекет ететін мықты ұйымдастырушы еді. Орны қашанда бөлек...» деп қимастықпен еске алады.
Отанымыз тәлімгер офицердің еңбегін жоғары бағалады. Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 мамырдағы Жарлығымен оған «генерал-майор» шені берілді. ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен және КСРО мен тәуелсіз Қазақстанның 14 медалімен марапатталған. Қазақстан Республикасы ІІМ еңбек сіңірген қызметкері атанды, мемлекеттік басқарудың магистрі болды.
Ел басына күн туған қиын кезеңде халқымен бірге болған ұлтжанды азаматтың есімі өткен жылдың соңында тағы бір ұлықталды. Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен генерал-майор Мұхаметқали Сатов қаза болғаннан кейін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.
Мұхаметқали Құсайынұлының артында ел жадынан өшпейтін ерен еңбегі, жадымызда жаңғырып жататын жалынды сөзі, ізін жалғаушы ұрпағы мен ісін жалғастыратын көптеген шәкірті қалды.
Қуаныш ҚОЖАХМЕТОВ,
әскери журналист,
запастағы полковник