Қазақ радиосының 100 жылдығына орай Қостанайдағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Әуе толқынында – Қазақ радиосы» атты жылжымалы фотокөрме ашылды. Көрмеге музей қорында сақталып қалған көне фотосуреттер қойылған.
Бір ғасырлық тарихы бар ұлт үнжариясы бірнеше ұрпақтың дүниетанымы мен отаншылдық, азаматтық ұстанымының қалыптасуына ықпал етті. Өзіміз де қаршадай бала кезімізден қараша үйдегі қара қобдиша арқылы қазақ өнері мен ұлт мәдениетінің қайнарларынан сусындап өстік.
Музейдің ғылыми зерттеу бөлімінің меңгерушісі Нәзима Оташеваның айтуынша, Қазақ радиосының дербес бұқаралық ақпарат құралы ретінде қалыптасып, дамуына Тобыл-Торғай өңірінен түлеп ұшқан азаматтар да елеулі үлес қосқан.
– 1921 жылдың қазан айынан бастап Орынбор қаласындағы орталық радиостанса арқылы күн сайын 1600 сөзден тұратын өздері дайындаған радиобюллетеньді республикаға таратуға құқық беріледі. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен Қазақ радиосы Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынбордан хабар таратты. Бұл республикада әуе толқыны арқылы көпшілікке арналып берілген алғашқы радиохабар еді. Ал 1932 жылы Қазақ радиосына жеке орындаушы ретінде даңқты жерлесіміз, қазақ киносы мен театр өнерінің негізін салушылардың бірі Елубай Өмірзақов атамыз шақырылады. Қазақ радиосының дамуына осы өңірде туып-өскен журналистер мен дикторлар да көп үлес қосты. Мәселен, Қазақ КСР-і радиохабар тарату ісінің тұңғыш кәсіби дикторы, еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, КСРО-ның құрметті радисі Мина Сейітова 44 жыл микрофон алдында қызмет етіп, Қазақстан халқына хабар таратты. Қостанайлық Яков Алексенцев – Қазақ радиосының алғашқы дикторларының бірі. Ол соғыс жылдары көркемөнерпаздар үйірмесін құрған. «Қазақфильм» киностудиясында 100-ге жуық деректі фильмдер мен 500-ге тарта киножурналды дыбыстады, – дейді бөлім меңгерушісі.
Қазақ радиосының ғасырлық мерейтойына орай Тобыл өңірінде жұмысын бастаған айтулы көрме 1987-1996 жылдары Қазақ радиосын басқарған Қуаныш Ормановтың бастамасымен ашылып отырғанын айта кеткен жөн. Ардагер журналист Қазақ радиосының бұрынғы аға редакторы және бөлім меңгерушісі болған Мағзұм Сағымбаев, КСРО-ның құрметті радисі Хайдолла Тілемісов, «Шалқар» ақпаратты-сазды бағдарламасының жеке дирекциясын алғаш басқарған радиожурналист Ертай Арысов, әйгілі Әнуар Байжанбаевтың шәкірті, белгілі диктор Зияда Бекетова, көрнекті радиожурналист Қасымхан Ерсарин, ақын, журналист Тұрғынбек Шопанов туралы әсерлі естеліктер айтты.
– Газет-журналдың аз, телевидениенің жоқ кезінде Қазақ радиосы бірінші үгіт-насихат құралы, бірінші хабар болатын. Бүкіл ел жаңалықты Қазақ радиосынан тыңдайтын. Әр үйде қара радио тұратын. Сол үрдісті, сол деңгейді Қазақ радиосы бертінге дейін жоғалтқан жоқ. Өз басым үш рет Қазақ радиосының директоры болыппын. Ол кезде радионың мәртебесі өте биік болатын. Қазір зейнеткермін, кейде радиода өткен 36 жылдық ғұмырымды еске аламын. Қандай керемет азаматтар болып еді! Мысалы, Абай аға Өтегеновті алайық, радионың директоры да, бас редакторы да болды. «Ауыл өмірі» радиостанциясының бас редакторы қызметін атқарды. Алдымызда үлгі тұтатын үлкен ағаларымыз көп болатын. Сол кісілердің дәстүрін кейінгі буын да абыроймен алып кетеді деп сенемін. Мұның сыртында, Қазақ радиосында қызмет еткен, осы Тобыл-Торғай өңірінде туып өскен көптеген талантты радиожурналистер бар. Облыстық тарихи өлкетану музейінде ашылған бұл көрме төл радиомыздың ғасырлық мерейтойы қарсаңында сол кісілердің есімін ардақтап, атқарған еңбектерін дәріптеп, бір еске алып қою артық болмас деген ниетпен ұйымдастырылып отыр, – деді радио ардагері.
Облыста эпидемиялық ахуал оңалса, музей қызметкерлері жылжымалы көрмемен өңірдің ірі елді мекендеріндегі мәдениет және білім мекемелерін аралауды жоспарлап отыр.
Қостанай облысы