• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 19 Шілде, 2021

Еуропа елдеріндегі су тасқыны

672 рет
көрсетілді

Еуропаның бір­неше елі көпкүндік нөсер жаңбыр мен су тасқынынан зардап шегіп, 160-тан астам адам қаза тапты, жүздеген адам жарақат алды.

 

Сенбіге қарай зардап шеккен аймақтардың көпшілігі қалпына келтірілді, бірақ шенеуніктер суға батқан автомобильдер мен жүк көліктерінде қаза болғандардың денелері әлі де табылуы мүмкін деген болжам айтады.

Германия үкіметінің мәлімдеуінше, екі қалада кем дегенде 141 адам қаза болды. Бельгияның ұлттық дағдарыс орталығы елде қаза тапқандар саны 27-ге жеткенін хабарлады.

Германия президенті Франк-Вальтер Штейнмайер Солтүстік Рейн-Вестфалиядағы Эрфтстадтқа сапарлап барды, онда жұмада ауқымды құтқару жұмыстары басталған-ды.

«Азаматтарымыз өмір бойы салған, жинаған мүліктерінен, үйлерінен, айырылды. Бірнеше аптадан кейін шығынды есептеу мүмкін болар»,  деді Штейнмайер.

Көптеген ауданда электр қуаты және телефон байланысы үзілген. Сондықтан хабар-ошарсыз кеткен адамдар санын нақты айту мүмкін емес.

Штейнмайермен Эрфтстадтқа бірге барған Солтүстік Рейн-Вестфалия жерінің губернаторы Армин Лаче зардап шеккендерге тез арада көмек ұйымдастыруға уәде берді. Оның айтуынша, билік алдағы күндері қалпына келтіру жұмыстарын қалай қолдау керектігін талқылайды. Канцлер Ангела Меркельдің кабинеті бұл мәселені сәрсенбіде талқылауды жоспарлап отыр.

Шекараның арғы жағында, Бельгияның шығысын­да темір жол желілері мен көптеген үлкен жол жабылды.

Бельгия премьер-министрі Александр де Кроо мен Еуропалық комиссияның президенті Урсула фон дер Ляйен сенбі күні таңертең елдің ең көп зардап шеккен аймақтарына барды.

«Үйлерінен айырылған және бар жиғанын жоғалтқан адамдармен кездескенде менің жүрегім сыздады. Оларға Еуропа өздерімен бірге екенін жет­кіз­дім. Жақын арада көмек көрсетіледі», деп жазды Фон дер Ляйен әлеуметтік желідегі өз парақшасында.

Зардап шеккен елдер қатарында Швейцария, Франция мен Нидерланд та бар.