Қостанай ауданына қарасты Алтын Дала ауылында осыдан бір ай бұрын ғана жөндеуден өткен көше апатты жағдайда тұр. Былтыр бұл елді мекенге орталықтандырылған су құбыры тартылып, биыл көшелері асфальтталған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алайда тақтайдай түзу көшенің екі жиегіне жабылған борпылдақ топырақты жаңбыр суы опырып шайып кетіп, жаңа асфальттың астын ұңғи бастаған. Енді бір қатты жаңбыр ұрып өтсе, көшенің көшіп кететін түрі бар.
Қазірдің өзінде ырсиып, асфальты ажырай бастаған Абай көшесінің шетіндегі құдықтардың маңайында терең шұңқырлар пайда бола бастады. Көлік пен адам түсіп кетпеу үшін тұрғындар оның үстіне шыбық қадап, көлік доңғалағымен жауып қойған.
Сапасыз жөнделген жолдың екі жағын қайта көміп, оны жаңбыр суы шайып кетпейтіндей етіп дұрыстап нығыздау туралы айтқан ауыл тұрғындары жергілікті әкімнен әлі жауап ала алмай отыр.
Біз Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Назарбек Қоңқабаевқа қоңырау шалып едік, «Бұл жайдан хабардармыз. Көшенің бір-ақ жерін ғана жаңбыр шайып кетті. Бұл түк етпейді. Жөндеу жұмыстарын «Ван» ЖШС-і жүргізген. 2 жылдық кепілдік мерзімі бар. Біз мердігерге жолды қайта дұрыстау жөнінде талап хат жібергенбіз. Қазір жауабын күтіп отырмыз. Мердігер өзі жіберген олқылықтың орнын толтырудан бас тартса, сотқа береміз» деген жауап алдық.
Алтын Даладағы жол жөндеу жұмыстарына 30 млн теңге бөлінген. Көшенің қазіргі жай-күйін тұрғындардың бірі смартфонға түсіріп алыпты.
«Осы асфальтқа мемлекет қомақты қаржы жұмсады. Ертең жолды су шайып кетсе, сол қыруар қаржы, ерен еңбек зая кетеді ғой!», дейді кейіген тұрғын.
Қостанай облысы