Жүк көлігіне қарғып шыққан иісшіл ит иесіне будканың алдыңғы бөлігін тырналап көрсеткен. Сөйтсе, жабық жәшіктің алдыңғы бөлігіне қосымша тағы бір жасырын жәшік жасалған екен. Оған 380 келіден артық марихуана мен гашиш жасырылып, сонау Жамбыл облысынан Шығысқа жөнелтіліпті. Теңгеге шаққанда, тәркіленген есірткі заттардың «қара базардағы» құны 320 миллион теңгеден асады. Сонда есірткінің иісін ит сезбесе, көрген көздің аңғара қоюы екіталай еді.
«Итке темір не керек?» дейміз бе, қылмыс ашып жүрген иттерді көп елей бермейді екенбіз. Тіпті инновациясы дамыған елдерде де полицейлер иттің көмегіне жиі сүйенеді. Ал Шығыс Қазақстанда кинология саласы 2003 жылдары қолға алына бастапты. Бүгінде облыстық Полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығында алпыстан астам маман жұмыс істейді. Олардың қарамағында неміс, бельгия овчаркалары, лабрадор, ретривер сынды ақылды, иісшіл иттер бар. Оларды үйрету оңай, әрі иісті естерінде ұзақ сақтайды. Алайда үнемі жаттығу жүргізіп отыру керек. Кинологтардың жұмысы сырт көзге қызықты болып көрінгенімен, қиындығы да жоқ емес.
– Ит баптауға ебі бар азаматтар таңдап алынады. Аңшының, қорықшының балалары дегендей... Алғаш қызметке тұрғандар Өскеменде ит үйретудің «әліппесін» ғана оқып, Алматыдағы кинологиялық орталықта білімдерін жетілдіреді, – дейді Полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығының бастығы полиция майоры Өмірзақ Қасаинов.
Ит баптаудың қыр-сырын көрейік деп біз де орталыққа бас сұққанбыз. Торда қамаулы тұрған овчаркалар жан-жағымыздан абалады. Босатып жіберсе, тарпа бас салатындай көрінгенімен, қожайынның бұйрығынсыз шалыс қимыл жасамайды екен. Әбден үйретілген. Кинологтар да өздеріне бекітілген иттердің мінез-құлқын жақынындай біліп алған. Мысалы, бір ит есірткінің жасырылғанын аяғымен тырнап көрсетсе, енді бірі орнында қата қалады. Тағы біреуі үруі мүмкін.
– Жаттығу кезінде кинологтың көңіл-күйі жақсы болуға тиіс. Ит пен иесі арасында байланыс үзілсе, нәтиже бола қоюы екі талай. Иттер әр бағытта дайындалады. Бірі одрология бойынша десек, енді бірі із кесуге бағытталады, – деген кинологиялық қызмет орталығының бастығы ит үйретудегі жұмыстары мен жетістіктері туралы әңгімелеп берді. – Бір итті әбден дайындау үшін екі-үш жыл уақыт керек. Үш айлық күшік тәртіпке бағына бастайды. Бағыты да кішкентай кезінен белгілі болады. Мәселен, одрология, яғни иісшіл иттің міндеті басқа. Айталық, оқиға орнында қылмыстың құралы қалып қойса, оған адам иісі сіңеді. Криминалист маман иісін алып, консервілеп сақтап қояды. Кейін күдікті қолға түсіп, дәлелдеу базасы жеткіліксіз болса, детектор иттерді іске қосады. Күдіктінің іш жағынан иісі алынады. Ол иіспен қатар, штативтерге басқа да адамдардың иістері бекітіледі. Арасында оқиға орнынан алынған иіс те болады. Ит соны табады. Бұл іс-шараға хаттама толтырылып, камераға түсіріледі. Ойлап қарасақ, иттей иіс сезетін бірде-бір заманауи технология жоқ, – дейді полиция майоры Өмірзақ Серікбайұлы.
Былтыр Өскеменнің саяжайындағы үйлерге ұры түсіп, оқиға орнына кинологтар да шыққан. Жетектегі иісшіл иттер тұмсығымен жер сызып, сол маңайдағы тағы бір үйге алып барған. Сол жерде полицейлер жасырынып, күдіктілерді күткен. Көп ұзамай, ұрылар заттарды алып кетуге келгенде қолға түсіпті. Қарап отырсақ, негізгі ұрылардың ізіне түскен жетектегі ит еді.
Мұндағы мамандар да өз істерінің нағыз шеберлері. Полиция капитаны, аға кинолог – Алексей Гордеевтей маман Шығыс Қазақстанда екеу-ақ. Неге дегенде, ит үйретуде қолынан тістетіп, азулымен шаппа-шап қарсыласатын ондай мамандарға ерекше дайындық керек.
– Бір сөзбен айтқанда, ит досыңдай болып кетеді. Кейбір жағдайда бұлар жақсы үйреніп келе жатады да тоқтап қалады. Жалығады. Ондайда итке демалыс беру керек. Бекітілген әдіспен ғана жаттықтырмай, әр маман өз бетімен ізденсе дұрыс. Қандай жағдайда да кинолог сабырлы, ұстамды болғаны жөн, – дейді тәжірибелі маман А.Гордеев.
Кинологтардың айтуынша, ит екеш ит те адамның ішкі жан дүниесін түсінеді. Сондықтан жаттығу кезінде кинолог көңілді жүргені жөн. Төрт аяқтының өзі тапсырманы орындаған сайын иесінен мақтау, мадақтау күтеді. Ондайда, дер кезінде тәтті-дәмдісін немесе ойыншығын бере қою керек. Керісінше, тапсырманы орындамай жатқанда жазалау да қажет. Ал жазалау дегеніміз, ұрып-соғу емес. Қарғыбауын қысып жіберуге немесе ойыншығын көрсетіп, қайта тығып қоюға болады.
Орталықта әр иттің жеке іс-құжаты жүргізіледі. Ашқан қылмыстары, жарыстағы жетістіктері тіркеліп отырады. Ал екі-үш жасынан полиция құрамында жұмыс істеген ит 8-10 жылдан соң зейнетке шыққандай, қызметтен босатылады.
Шығыс Қазақстан облысы