Қазақтың байтақ даласында сайрандап жүрген шетелдік көп. Бірақ олардың бәрі бірдей ел заңына құрметпен қарайды дей алмаймыз.
Өз елінің құқық қорғау органдарынан бой тасалап, қазақ жерінде жасырыну үшін мемлекеттік шекарамызды қасақана бұзатындар да бар. Мәселен, облыстық Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері былтырғы қарашада Грузияның 35 жастағы азаматын ұстады. Грузиялық полицейлер оған 2012 жылдың желтоқсан айында алаяқтық жасағаны үшін іздестіру жариялаған екен.
Алдау мен арбаудың сан алуан түрін меңгерген алаяқ қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалса да қолға түспей келген. Сол себептен, Тбилиси соты оны 2017 жылғы мамырда сырттай 7 жылға бас бостандығынан айырған. Ал биылғы сәуірде жергілікті полиция қызметкерлері «Іздеу» арнайы операциясы кезінде тағы да шетел азаматтарын құрықтады.
Олардың бірі – Өзбекстан Республикасының 38 жастағы азаматы Ресей Федерациясы Қылмыстық Кодексінің 160-бабының 4-бөлімі бойынша (аса ірі көлемдегі өзгенің мүлкін иемдену) халықаралық іздеуде болған. Сол елдің тағы бір азаматы Өзбекстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 165-бабына сәйкес (Бопсалаушылық) іздестірілген.
Тағы да дерекке жүгінсек, маусымда Өзбекстан Республикасының азаматы Атырау қаласында уақытша тұру үшін тіркелмек болған. Алайда көші-қон бөлімінің қызметкерлері Халыққа қызмет көрсету орталығында оның құжатын тексергенде халықаралық іздеудегі азамат екенін анықтады. Белгілі болғандай, өзбекстандық Мордовия Республикасында Ресей Федерациясы Қылмыстық Кодексінің 291-бабының 1-бөлімі бойынша айыпты деп танылған. Бір жыл бұрын ресейлік құқық қорғау органдары оған халықаралық іздеу жариялаған.
Іздеуде жүрген шетелдіктердің тізімі мұнымен шектелмей отыр. Атырау қалалық полиция басқармасының қызметкерлері 15 маусымда Өзбекстан Республикасының 1994 жылғы азаматын да ұстады. Оған 2016 жылғы 1 қаңтарда Қарақалпақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Қылмыстық Кодекстің 223-бабының 2-бөлімі бойынша (шетелге заңсыз шығу немесе Өзбекстан Республикасына заңсыз кіру) қылмыс жасағаны үшін мемлекетаралық іздеу жарияланғаны анықталды.
Бұдан соң Ресей Федерациясының 45 жастағы азаматының Атырауда жасырынып жүргені белгілі болды. Бұл азамат та қашқын екен. Себебі оған биылғы мамырда сол елдің Қылмыстық Кодексінің 157-бабының 1-бөлімі бойынша (ата-ананың сот шешімі бойынша кәмелетке толмаған балаларды, сондай-ақ он сегіз жасқа толған мүгедек балаларды ұстауға қаражат төлеуден қасақана жалтаруы) мемлекетаралық іздеу жарияланыпты.
Өз елінің құқық қорғау органдарынан жасырынғаны аздай, енді тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік шекарасын қасақана бұзып өткен шетелдіктер де ұстала бастады. Жақында атыраулық полицейлер осындай заңсыз әрекет жасаған Өзбекстан Республикасының екі азаматын анықтады. Оның бірі 2015 жылдан бері Өзбекстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 223-бабының 2-бөлімі бойынша тіркелген қылмыстық іс бойынша заңсыз шекарадан өткені үшін іздестірілуде болған. Қазір 27 жастағы азаматша уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Ал 30 жастағы ер адам осыдан бір жыл бұрын Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылған. Қулығына құрық бойламайтын ол енді аты-жөнін өзгертіп, еліміздің мемлекеттік шекарасын қасақана кесіп өткен. Қазір Өзбекстанның екі азаматына қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 392-бабы 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Мұндай деректі жалғастыра беруге болады. Бірақ өз елінің құқық қорғау органдарынан қашып жүрген шетелдіктер біздің елімізге неге үйір? Шекарадан ұшқан құстан басқаның бәрін қалт жібермейтін шекарашылардың қырағылығы қайда? Елімізге көліктің қай түрімен жетсе де шетелдіктер жер астымен өтпеген шығар.
– Полиция қызметкерлері облыс аумағында «Мигрант», «Заңсыз келуші – 2021» жедел-профилактикалық іс-шаралары мен рейдтік тексерісті жиі ұйымдастырады. Мақсат – құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, заңсыз көші-қонға қатысты құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды әшкерелеу, заңсыз көші-қон арналарын анықтау. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде, жыл басынан бері көші-қон заңдылығын бұзғаны үшін 4991 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 3110 шетел азаматы бар. Көші-қон заңдылығын бұзған 100 шетелдік сот шешімімен ел аумағынан тысқары шығарылды. Көші-қон заңдылығын бұзғандарға 7 029 743 теңге айыппұл салынып, толықтай өндірілді, – дейді облыстық Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.
Қазақстан – тәуелсіздік жылдары мемлекеттік шекарасы шегенделген ел. Демек, өз елінде қылмыс жасағаны үшін халықаралық, мемлекетаралық іздеу жарияланған шетелдіктер шекарадан аттап баспауға тиіс. Алайда соңдарына түскен құқық қорғау органдарының құрығынан қашқан шетелдіктер Қазақстанға келуге неге сонша құмар? Қылмыскер шетелдіктердің біздің елдің аумағына алшаңдай басып кіруінің астарында не бар?
Атырау облысы