Осы жылдың 25 шілдесінде Қызылорда облысынан ауыл әкімдерінің сайлауына 131 үміткер қатысады. Облыстық сайлау комиссиясының дерегінше, аймақтағы 40 ауылда сайлауға түсетіндердің көпшілігі – өзін өзі ұсынғандар.
Кандидаттардың 82-сі – мемлекеттік қызметші. Оның ішінде 24-і – бұрынғы ауыл әкімдері. Ауыл басқаруға талап қылып отырғандардың арасында бюджеттік сала мен коммерциялық құрылым өкілдері де бар. Үміткерлердің басым бөлігі – мұғалімдер, заңгерлер мен экономистер де аз емес, өзге сала өкілдері де бар. Кандидаттардың 9-ы – әйел. Қазір үміткерлерді ұсыну және тіркеу кезеңі өтіп, үгіт-насихат жұмыстары басталды.
Осыған байланысты Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі Геннадий Шиповских, партияның орталық аппаратының қызметкері Гүлнар Нұрахметханова және партия атынан Қармақшы ауданындағы Ақай ауылы әкімдігіне үміткер Эльмира Қазиева тұрғындармен кездесті.
Карантин талаптарына сай ауылдық клуб алдында өткен кездесуге ауыл тұрғындары, ақсақалдар, жастар жиналды.
Кездесуде Геннадий Шиповских партияның сайлауалды бағдарламасының Жол картасы негізінде атқарылып жатқан және жүзеге асырылған жұмыстарға тоқталып өтті.
– Партияның 5 жылға арналған сайлауалды бағдарламасында осы ауылға қатысты да біраз жаңалық бар. Қазір облыс бойынша Жол картасында жобаланған жұмыстардың 16%-ы жүзеге асырылып отыр. Атап айтар болсам, 6000-ға жуық тұрғыны бар Ақай ауылдық округіндегі электр желілерін кеңейту және қайта жаңғырту жүзеге асып, оның игілігін ел көруде, – деді депутат.
Кездесуге алдағы өтетін ауыл әкімдерінің тікелей сайлауында Ақай ауылдық округі әкімдігіне Nur Otan партиясынан үміткер Эльмира Қазиева жерлестеріне өзінің сайлауалды бағдарламасын жан-жақты таныстырды.
Үміткер сайлауда жерлестері сенім білдірсе, алған білімі мен өмірден жинақтаған тәжірибесін ауылдастарының әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін жақсартуға және шаруашылық құрылымдарының экономикалық нығаюына жұмсайтынын айтты. Халықтың бұқаралық спортпен айналысуына, ауылдағы мәдениеттің дамуына мүмкіндік жасап, жастар бос уақытын тиімді пайдаланатын іс-шаралардың ұйымдастырылуына, партиялық жобалардың жүзеге асуына және жұмыссыз жастардың өмірден өз жолын табуына ықпал ететінін жеткізді.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары өздерінің талап-тілектері мен ұсыныстарын айтты.
Қызылорда облысы