• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Шілде, 2021

Учаскелік инспекторлардың әлеуеті артады

163 рет
көрсетілді

2019 жылы 25 пайызға артқан учаскелік полиция инспекторларының жалақысы келер жылы тағы да көбеймек. Бұл жөнінде ІІМ-де онлайн өткен брифингте Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк мәлімдеді.

Сондай-ақ 1 қаңтардан бастап учас­келік полиция инспекторларының көмек­шілеріне тұрғын үйді жалға алғаны үшін мемлекеттен өтемақы төленеді. Мұн­дай материалдық көмек учаскелік инс­пек­торлардың өздеріне 2019 жылдың шіл­десінен бастап беріліп келеді.

А.Милюктің айтуынша, қазір бұл салаға кадрларды іріктеу және жұмысқа орналастыру бойынша біліктілік талаптары күшейтілген.

Бүгінде учаскелік инспекторлар қыл­мыстық іс жүргізуді жүзеге асырып қа­на қоймай, әкімшілік құқық бұзу­шылықтардың 50-ден астам құрамы бо­йынша өз бетінше жаза қолдана алады.

Ең бастысы – осы қызметтің ажырамас бөлігі ретінде учаскелік инспектордың көмекшісі мәртебесі заңды түрде бекітіліп, олар қазіргі таңда қылмыстық істер бойынша іс жүргізу шешімдерін қоспағанда, учаскелік инспектордың барлық өкілеттігіне ие болып отыр. ІІМ-нің ішкі резерві есебінен биыл шілде айынан бастап ауылдық учас­келік полиция инспекторлары үшін осындай лауазымдарды кезең-кезеңімен енгізу басталған.

Бұл қызметтің материалдық-техни­калық мәселелерін шешуге ерекше мән беріліп отырғанын айтқан спикер алдағы бес жылда халық үшін ең қолайлы орындарда 78 учаскелік полиция пунктінің салынатынын да айтып өтті.

«Қазіргі таңда ауылдық жерлердегі 1500-ден астам учаскелік инспектор өздерінің қызмет көрсетілетін аумақ­тарынан алыста тұрады. Күн тәртібінде осы түйінді оңтайлы шешу, оларды жұмыс орындарына жақын маңға көшіру мәселелері пысықталуда», деді ІІМ өкілі.

Жақында «102» арнайы мобильді қосымшасы пайдалануға берілді. Бұл қосымша арқылы кез келген азамат аудио немесе бейнеқоңырау арқылы полицияға хабарласып, құқық бұзушылықтың фото және бейнематериалдарын жібере алады. Сөзінің соңында А.Милюк «қадамдық қолжетімділік» қағидатын іске асыру бо­­йынша атқарылатын жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.