Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменованың қатысуымен брифинг өтті. Онда облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов аймақтағы эпидемиялық ахуал туралы баяндады.
Облыс әкімінің орынбасары медициналық мекемелерде, дәріханаларда дәрі-дәрмектер мен қорғаныш құралдарының жеткілікті екенін атап өтті. Өңірде екі айға жетерлік дәрі-дәрмек қоры жасақталған. Дәрілік заттардың қорын қалыптастыру мақсатында жергілікті бюджеттен 488 млн теңге қаржы бөлінген. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», егер індет күшейе түссе инфекциялық және провизорлық стационарларда төсектік орын қорын 3 200-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар, 518 орын орталықтандырылған оттегімен жабдықталған.
Облыстағы тәуекел тобына жататын адамдар тұрақты бақылауға алынып, үйден ем жасауға 138 дәрігерлік мобильдік топ жұмылдырылды. Вирус өрши қалса, олардың саның 161-ге жеткізуге болады.
Жалпы, дерт дерегі шыққалы бері облыста коронавирус инфекциясын жұқтырудың 7 977 жағдайы тіркелген. Эпидемиялық ахуал күннен-күнге күрделеніп барады.
– Өткен аптаның жұмасында 110 дерек анықталды. Бұл – жыл басынан бергі ең жоғары антирекордтық көрсеткіш. Соңғы аптада 492 жағдай тіркелді, бұл алдыңғы 7 күнмен салыстырғанда 1,5 есеге көп. «Дельта» штамының күн санап көбеюі эпидемиялық ахуалды күрделендіріп отыр, – деді облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова.
Эпидемиялық талдау вирус жұқтырғандардың жасарып бара жатқанын көрсетіп отыр. Соңғы айларда 30-40 жас аралығында науқастар көп түскен. Мамандар жаңа штамның балалар арасында көп тіркеле бастағанын айтады. Сонымен қатар індетке шалдыққандардың көпшілігі вирусқа қарсы екпе алмағандар екені де анықталған.
Облыстағы эпидемиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында қабылданған №18 қаулы аясында шектеу шаралары қабылданған болатын. Соған сәйкес ойын-сауық, бұқаралық, отбасылық іс-шаралардан бастап облысаралық, қалааралық туристік тасымалдарға, сауда орындарының, сұлулық салондары мен спорт кешендерінің жұмыстарына шектеулер енгізілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Пазыловтың айтуынша, шілденің басында стационарларда 585 төсек- тік орын ұйымдастырылып, бір апта өткен соң олардың саны 760-қа жеткізілген.
– Бүгінде инфекциялық стационарларда 499 науқас ем алуда, жүктемесі 66 пайыз. Осыған сәйкес бүгіннен бастап 930 төсектік орынға дейін көбейтеміз, – деді басқарма басшысы.
Аймақтағы 160 мониторинг тобы шілде айының басынан бері карантин, шектеу шаралары тәртібін бұзған 45 деректі анықтады. Облыс әкімінің орынбасары ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін халықтың кем дегенде 70 пайызы вакциналаудан өтуі қажет екенін атап өтті.
Қызылорда