1905-1907 жылдары Сұлтан қажы Фазылбеков көпестің сібір татар стилінде салғызған Ақкөл мешітінің тозығы жетіп, құлаудың сәл-ақ алдында тұрған. Енді мұны Семей қаласы мен Бесқарағай ауданының тұрғындары асарлатып, жөндеуді бастады.
Мешітті қайта қалпына келтіру туралы хабар тарай сала Бесқарағай ауданы мен Семей қаласының тұрғындары ортақ қазанға қаржы құя бастаған. Материал алуға ақша жиналған соң мешіттің маңайындағы ауыл тұрғындары демалыс күндерін құрылысқа арнап жүр. Бірі кірпішін жеткізсе, енді бірі цемент алып келген. Айтқандай, көне мешіт Семей – Павлодар тас жолының бойында орналасқан.
Мешіт мәдени, тарихи нысан болғандықтан, қайта қалпына келтіру жұмыстары алдымен талқыланды. Өңірдің өлкетанушылары, мешітті жөндеумен айналысатын белсенділер жиналып, ақылдасты. Әкімдік өкілдері құжат жұмыстарын реттеуді қолға алып, сараптама жүргізбек.
– Қалай болғанда да, алдымен сараптама жүргізу керек. Мешіт тарихи нысан ретінде мемлекет қорғауында. Жөндеуді лицензиясы бар компаниялар жүргізуі керек еді. Құжат жұмыстарынан кейін бұл нысанды 2022 жылға арналған жөндеу жоспарына қосу туралы ұсыныс енгізбекшіміз. Бірақ жұмыс басталып кеткендіктен, оларды тоқтатпаймыз, – деп атап өтті Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мекемесінің қызметкері Мақсат Құсайынов.
Мешіт ағаштан көтерілгендіктен, қайта қалпына келтіру оңайға түсе қоймайды. Мұнараның өзі қисайып кеткен. Биылша шатырын жауып, есік-терезелерін салып қоюды жоспарлаған. Алдағы жылдары нысан толығымен аяқталса, туристер тоқтайтындай танымдық орынға айналады. Қазірдің өзінде шетелдік саяхатшылар қызықтап, бұрылып жатады. Кейбіреуі қаржы аударатындарын да айтып кеткен.
Шығыс Қазақстан облысы