«Қазақстан» РТРК» АҚ Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарының трансляциясына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz телерадиокорпорацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«XXXII Жазғы Олимпиада ойындарының трансляциясына қатысты көрермендер мен әріптестерімізден келіп түсіп жатқан сауалдарға байланысты келесіні хабарлаймыз. Токио Олимпиадасының тікелей трансляциялау құқығы «Dentsu Inc.» компаниясына тиесілі. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен «Хабар» агенттігі» АҚ Qazaqstan, Qazsport, «Хабар» телеарналары арқылы Жазғы Олимпиаданы ел аумағында көрсету бойынша келіссөздерді 2019 жылы бастаған болатын. Тараптар әзірге ортақ келісімге келе алған жоқ. Екіжақты келісімнің ұзаққа созылу себебі, құқық иесінің лицензия бағасын 2016 және 2018 жылдардағы Олимпиада ойындарымен салыстырғанда 123 пайызға қымбатқа ұсынуы», деп жазылған хабарламада.
Телерадиокорпорация мәлімдегендей, қазіргі кезде Qazaqstan, Qazsport, «Хабар» телеарналары қазақстандық спортшыларды қолдау және отандық көрермендерге Олимпиададан жедел ақпарат ұсыну бойынша жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр.
«Телеарналардың Ұлттық Олимпиада комитеті мен шетелдік ірі ақпарат агенттіктерінен фото,-видеоматериалдар алу мүмкіндігі қарастырылған», делінген хабарламада.
Айта кетсек, 23 шілде мен 8 тамыз аралығында Жапония астанасында XXXII Жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Бұл жолғы Олимпиадаға көрермендер қатыспайды. Қазақстан құрамасында спорттың 27 түрінен 96 жолдама бар.