• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Шілде, 2021

Бәйтерек ауданы әкімі қатаң сөгіс алды

1855 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысындағы жағажайлардың бірінде болған арсыз оқиға өңір басшысы Ғали Есқалиев жетекшілік ететін коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі жедел штаб отырысында талқыланды деп хабарлайды Egemen.kz.

Оқиға былай болған: 17 шілде күні кешкісін Бәйтерек ауданындағы Жайық ауылы тұсында жағажайда 150-дей халық жиналған көпшілік іс-шара өткен. Арнайы құрылған, қызыл-жасыл шамдармен жабдықталған сахнада екі еркек пен бір әйел тыр жалаңаш шешініп, билеп жатқаны түсірілген бейнежазба аз уақытта халыққа тарап, жұрттың ашу-ызасын туғызды. Біріншіден, пандемияға байланысты «қызыл аймақ» мәртебесіндегі облыста мұндай көпшілік іс-шара қалай ұйымдастырылған? Екіншіден, әдеп қағидаларын аяққа таптаған мұндай арсыз көріністі ашық далада өткізушілер кімдер? 

«Бәйтерек ауданындағы Трекин ауылдық округіне қарасты Жайық ауылында жаңа жағажайдың ашылуына орай іс-шара өтіп, оған 150-дей адам қатысқан. Бұл жөнінде біздің мекемеге полиция департаментінен іс материалдары келіп түсті. Осы іс-шараның ұйымдастырылуына мұрындық болған кәсіпкер Дүйсекеновке 670 мың теңге айыппұл салу жөнінде шешім қабылдағалы отырмыз», деді Батыс Қазақстан облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев.

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары, полковник Мерхат Әженовтің айтуынша, жағажайдағы арсыз көріністі ұйымдастырғандар «Ұсақ бұзақылық» бабымен жауапқа тартылады. Қазір кінәлі адамдар анықталып жатыр.

Бір қызығы, ауданда ресми түрде ашылған екі-ақ жағажай бар екен. Жоғарыдағы оқиға есепке алынбаған әрі жекеменшік аумаққа тиесілі жерде өткен көрінеді. Сондықтан да мониторингтік топтардың назарына түспей қалған. Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов болған оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын, кінәлілер жауапқа тартылатынына уәде берді.

«Бір топ адам карантин талаптарын бұзып, мәдениетке жат қылықтарымен облысты ел алдында қарабет қылды. Осындай көргенсіз әрекет жасағандарды, бейәдеп іс-шараны өткізуге атсалысқандарды қатаң жазалау қажет. Бәйтерек ауданында карантиндік талаптардың сақталуын қадағалау тиісті деңгейде еместігі белгілі болды. Сол себепті аудан әкімі Марат Тоқжановқа қатаң сөгіс жариялаймын. Осы аудан әкімінің идеологияға жауапты орынбасарына, оқиға болған ауылдың әкімі мен оқиғаға жол берген мониторинг топ басшысына қатысты тиісті деңгейде тәртіптік шара алуды тапсырамын. Жағажайды жалға берген кәсіпкерді және жалға алғандарды қатаң жазалаған дұрыс. Демалыс күндері жағажайлар мен басқа да көпшілік тынығатын орындар жабылсын деген бас санитар дәрігердің ұсынысын қолдаймын», деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.