Биылғы еңбек маусымында Нұр-Сұлтандағы «Жасыл ел» жасағының XVII маусымында 1 200 адам жұмыс істейді, деп жазады Egemen.kz.
Биыл көгалдандырылатын жердің жалпы ауданы шамамен 30 гектарды құрайды. «Жасыл ел» жастары қаладағы көшеттерге күтім жасап қана қоймай, қайың, қарағай, көктерек және терек көшеттерін суарып, қопсытады.
Бағдарламаға үш жас санатындағы жастар қатысады. Бірінші топқа көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың 14 жастан 17 жасқа дейінгі балалары кіреді. Олар мектеп саябақтары мен скверлерді тазалау бойынша жұмыстарды істейді. Бұл топтың жұмыс күні төрт сағаттан аспайды.
Екінші топқа колледж бен жоғары оқу орындарының 17-22 жас аралығындағы студенттері кіреді. Олар колледж бен университет саябақтарын көгалдандырумен айналысады.
Үшінші санатқа 18-29 жас аралығындағы жұмыссыз жастар жатады. Олар құрылыс алаңдарында, сондай-ақ «Астана орманы» кәсіпорнында толық жұмыс күні аяқталғанша еңбектенеді.
«Жасыл ел» төрағасы Марат Мұхамеджанұлының айтуынша,жастар бағдарлама беретін 64 мың теңге жалақыдан бөлек, жұмыс берушіден де қосымша ақша алады. Олардың орташа табысы айына 200 мың теңгені құрайды.
Еңбек жасақтарының жұмыс процесі санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып жүзеге асырылады. Жастар далада, таза ауада кемінде екі метр қашықтықты сақтай отырып жұмыс істейді. Маска мен қолғап кию талаптары да сақталады.
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының ресми сайты жазды.