Батыс Қазақстан облысында жолаушы тасымалын дамыту мақсатында Сайқын, Жәнібек және Қазталов ауылдарында шағын ұшақ ұшып қонатын әуежай салынады. Бұл жөнінде өңірлік жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Тимур Шыниязов хабарлаған.
Бөкей ордасы, Жәнібек және Қазталов аудандарының орталығында әуежай салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме 2019 жылы әзірленген екен. Оны «Эдли и К» ЖШС жобалық ұйымы дайындаған. «Қазіргі таңда үш аэродром салу жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі мемлекеттік сараптамадан өтті. Енді жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеу шаралары алынып жатыр», дейді Тимур Серікұлы.
Басқарма басшылығының пікірінше, шалғай аудан орталықтарында әуежай салу жобасы аудандардың дамуына оң әсер етеді, ішкі туризмді дамытуға мүмкіндік береді, облыс орталығы мен аудандар аралығында үздіксіз әуе қатынасын қамтамасыз етеді. Айта кетейік, Сайхын мен Жәнібек ауылдары облыс орталығы – Орал қаласынан 500 шақырымнан аса қашықтықта жатыр.
Әуежай демекші, Орал қаласындағы халықаралық әуежай ғимараты көптен бері жолаушылар сынына ұшырап келеді. Әуежай ғимаратына басталған күрделі жөндеу жұмысы созылып, қайта жаңғыртуға ұласып кетті. Бүгінде онымен «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС айналысуда. Қайта жаңарту кезінде әуежайдың терминал аумағы екі еседей кеңейіп, тұрақтар ұйымдастырылады, аумақ маңы абаттандырылады. Сондай-ақ аэровокзал терминалының технологиялық құрал-жабдығы жаңартылып, халықаралық стандартқа, шекара және кедендік бақылау талаптарына сәйкестендірілмек. Қайта жаңарту сомасы шамамен – 6,6 млрд теңгені құрайды. Бұл қаржы «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в» компаниясының әлеуметтік-инвестициялық жобалары шеңберінде бөлінбек. Бас мердігер – «КаzConstructiоnGroup» ЖШС.
«Қазір ғимаратты монтаждау толық аяқталды. Жобаны түзету бойынша жұмыс жүргізілді. Ғимарат техникалық тұрғыдан қайта тексеріліп, телімнің топографиялық түсірілімі жасалды. Ғимараттың орналасуы және эскиздік жоба орындалды», дейді Т.Шыниязов. Әуежайдың көне ғимараты аумағы 3850 шаршы метр болса, қайта жаңғыртудан соң ол 7000 шаршы метрге дейін кеңеймек. Жолаушылар ағыны жылына 267 000 адамға жетеді деп жоспарланған. Қайта жаңарту 2022 жылы аяқталмақ.
Бүгінде Орал қаласы әуежайы арқылы халықаралық рейстермен Франкфурт пен Анталияға, ал ел ішіндегі бағыттармен Нұр-Сұлтан, Алматы, Атырау, Ақтау және Шымкент қалаларына ұшып баруға болады. Биылғы 2 маусымда іске қосылған «Шымкент-Орал-Шымкент» бағытына ұшақтар сейсенбі, жұма күндері ұшады.
Батыс Қазақстан облысы