• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 22 Шілде, 2021

Экономикасы мығым елорда

1141 рет
көрсетілді

Осыдан 23 жыл бұрын астанамыз Нұр-Сұлтанда 326,9 мың адам тұрған екен. Содан бері бұл цифр бірнеше есе ұлғайды. Астана ірі мегаполиске, Еуразияның жү­ре­гіне айналды. Осы аралықта бас қала­ның экономикасы да өрлеу кезең­дері­нен өтті. Бүгінде елорда қуатты эконо­микалық орталық ретінде де әйгілі.

Тарихтан тамыр тартсақ, Қазақ­стан – екі ғасырдың тоғысында ас­тана салған әлемдегі жалғыз мем­­лекет. Ал Нұр-Сұлтан – ХХІ ға­сыр­дағы небәрі он жылдың ішін­де еңсе тіктеген әзірше жалғыз астана. Сондықтан бас шаһардың құрылысы мен экономикасына төрткүл дүниенің көз тігетін жөні бар. Әлбетте, шаһардың жалпы эко­номикалық жай-күйін бағалау қиын емес. Ол үшін жалпы өңірлік өнім, іскерлік белсенділік, жұмыспен қамту, инвестиция көлемі, шағын және орта бизнестің дамуы секілді негізгі көрсеткіштерді бір сүзіп шықсақ жеткілікті.

Сонымен FinReview.info зерт­теуі­не сүйенсек, 1997 жылдан 2020 жыл­ға дейін астананың жалпы өңір­лік өнімі 303 есе өскен. Мәселен, был­тыр Нұр-Сұлтан қаласының жал­пы өңірлік өнімі 7,81 трлн тең­гені құрады. Көрсеткіш 22 жыл бойы үздік­сіз өсіп келеді. Десе де, былтыр көрсеткіш сәл-пәл төмендепті.

Астананың 2020 жылғы жалпы өңірлік өнімінің құрылымы мынадай: 14 пайызы – тауарлар өндірісі, 81 па­йызы – қызметтер өндірісі, қалғаны – өнімдерге салынған салық. Шаһардың өңірлік өнім құрылымындағы осы бір үрдіс 2000 жылдардың ортасынан бері сақталып отыр. Басқаша айтқанда, Нұр-Сұлтан экономикасына өндіріс емес, сауда, автокөлік жөндеу, жылжымайтын мүлік операциялары, қаржы, сақтандыру секілді түрлі қызметтер ерекше серпін беруде.

Инфляцияны ескерсек, аста­наның жалпы өңірлік өнімі әлем­дік эконо­ми­ка­лық сын-қатерлерге байла­нысты әркез құбы­лып отырғанын бай­қау­ға болады. Мәселен, 2000 жылдары көр­сеткіш оң динамика көрсетсе, 2008 жыл­ғы қаржылық дағ­­дарыс кезінде жағ­дай күрт на­шар­­лаған. Тек 2010 жылы ғана жағ­дай қалпына келді. Алайда бұл да ұзақ­­қа созылмады. 2014-2015 жыл­­д­ар­­дағы валюта дағдарысы тағы да көр­­сеткішке теріс әсер етті. Бұл рет­те дағдарыстардың салдарын жо­­йып, экономиканың тұрақты дамуы­на қол жет­кізу үшін Үкімет «Жұ­мыс­­п­ен қамту­дың жол картасы», «Биз­нес­тің жол картасы», «Нұрлы жол» сияқ­ты мемлекеттік бағдар­лама­­­лар­д­ы қа­был­дады. Соның нәти­же­сін­­­де елдегі ахуал жақсарып, ха­лық­­тың іскерлік бел­сенділігі артты.

Астананың жалпы өңірлік өнімінің шамамен 50 пайызын кәсіпкерлік секторы құрап отыр. 2021 жылдың 1 мау­сы­мындағы жағдай бойынша, Нұр-Сұл­танда 59 545 кәсіпорын тіркелген. Бұлар – нақты жұмыс істеп отырған заң­ды тұлғалар. Ұлттық статистика бюро­сының мәліметінше, 1999 жылмен са­лыс­тырғанда көрсеткіш 13 есе өскен.

Кәсіпорындардың дені сауда, құ­ры­лыс, білім беру, телекоммуникация және өңдеу өнеркәсібі салаларында шоғыр­ланған. Қысқасы, кәсіпкерлік секторы елордада негізгі жұмыс беруші саналады. Өйткені әрбір үшінші астаналық дәл осы салада тер төгіп жүр. Кәсіпкерлік өңірлік өнімінің 50 пайызын ғана емес, сондай-ақ салықтық түсімдердің де тең жартысын қамтып отыр. Бұл – өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

Осы орайда қалада жұмыс күшінің қарқынды өсуіне қарамастан, 2001 жылдан бері ресми жұмыссыздық деңгейі тұрақты түрде төмендеп келе жатқанын атап өткен дұрыс. Бұл жерде еңбекті есепке алу жүйесінің ерекшеліктеріне мән берген абзал. Айталық, Қазақстанда тұрақты жұмыспен қамтылмағандар, табы­сы төмендер және зейнетақы жарна­сын төлемейтіндер нақты жұмыссыз ре­тін­де есепке алынбаса, олар өзін өзі жұ­мыспен қамтығандар санатына жатады.

Деректерге сүйенсек, астанадағы дәл осы өзін өзі жұмыспен қамтығандардың үлесі де төмендей түскен. Мәселен, атал­ған көрсеткіш 2001 жылы эко­номикалық белсенді халықтың шама­мен 16 пайызын құраса, былтыр 11 пайызға дейін азайған. Демек, елде жүргізіліп жатқан халықты жұмыспен қамтуды қолдау шаралары еңбек нарығының жай-күйіне, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласындағы жұмыссыздықтың төмендеуіне оң әсерін тигізуде.

Аймақтың экономикалық жағ­дайын бағалауға мүмкіндік беретін көр­сет­кіштің бірі – инвестициялар ағыны. Инвес­ти­ция дәл қазіргі сәтте астана эко­номи­ка­сының дамуында маңызды рөл­ге ие. Өйт­кені елордаға құйылатын қар­жы негі­зінен өндірістік қуаттарды арт­тыру­ға бағытталған. Мысалы, Нұр-Сұлтан қа­ласы бойынша мұндай инвес­ти­ция­ның көлемі 2003 жылдан бері 11 трлн теңгеден асыпты. Осы орайда қалаға тар­тылған қаражаттың шамамен 82 пайызы бюджетке жатпайды. Яғни бұл кәсіпорындардың меншікті капиталы және қарызға алынған қаражат деген сөз.

Тағы бір атап өтерлігі, астанаға құйы­лып жатқан инвестициялардың шамамен 60 пайызын шағын және орта бизнес кәсіпорындары тартып отыр. Бас қалаға құйылатын тікелей шетелдік инвестиция көлемі де ауқымды. Ұлттық банктің дерегіне сүйенсек, 2014 жылдан 2020 жылға дейінгі аралықта Нұр-Сұлтанға 4,3 млрд доллар шетел инвестициясы тартылған.

Астананы экономикалық тұр­ғы­­дан әлемге әйгілейтін фактор­лар көп. Со­ның бірі – «Астана» халық­ара­­­лық қар­жы орталығының ашылуы. Осы­ның нәтижесінде, Нұр-Сұл­тан Ор­та­лық Азияның қаржылық хабына айналып шыға келді. Мұны айтып отырған себебіміз, астана ендігі жерде шетелдік инвесторлар үшін маңызды һәм әлеуетті алаңға айналды.

Коронавирус пандемиясының салдарынан былтыр әлем экономикасы тәуір-ақ теңселді. Соның салдарынан жаһандық ішкі жалпы өнім құлдырады. Бұл аздай COVID-19 әлемдік қарыздың көлемін де едәуір ұлғайтты. Сондық­тан әрбір мемлекет өз экономикасын қауіп-қатерден қорғауға көшті. Яғни әлемдік нарықта инвестицияға деген бәсекелестік күшейді. Әлбетте, дамыған нарықтардың мұндай инвестицияны жұлып алатын мүмкіндігі жоғары. Дегенмен дамушы елдер де қалыс қалып жатқан жоқ. Мысалы, Нұр-Сұлтан қала­сы дәл осы бағытта жақсы дамып келе­ді. Бұл ретте «Астана» халықаралық қаржы ор­та­лығы үлкен әлеуетке ие.

Қаржы институты Есіл бойындағы елор­даның экономикасын жаңа деңгейге көтереді деген сенім бар. Өйткені ха­лық­аралық қаржы орталығы біздің елді бетке алуға ниетті инвесторларға даңғыл жол ұсынып отыр.

Біріншіден, «Астана» халықаралық қаржы орталығына тіркелген инвесторлар әлемде әлдеқашан мойындалған әрі сенімді ағылшын құқығы бойынша жұмыс істейді.

Екіншіден, қаржы орталығының қатысушыларына салықтық, визалық жеңілдіктер қарастырылған.

Үшіншіден, АХҚО-ның түрлі дауларды шешуге арнаған тәуелсіз соты мен халықаралық арбитражды орталығы бар.

Төртіншіден, қаржы орталығының жеке қор биржасы бар. Бүгінде АІХ-те, яғни АХҚО-ның қор биржасында түр­лі компаниялардың бағалы қағаз­да­ры сатылымға шығарылған. Үш жыл­дың ішінде АХҚО-ға әлемнің 53 мем­лекетінен 860-тан астам компания тір­келді. Қаржы орталығы тартқан тікелей шет­елдік инвестициялардың жалпы кө­ле­мі 4,5 млрд долларға жетті. Сол се­кілді АХҚО биржасы арқылы 8,6 млрд дол­­лар қарыз тартылды. Ал биржаға тір­кел­ген компаниялар 321 млн доллар кө­ле­міндегі жеке капиталын ортаға тас­тады.

Жалпы алғанда, жоғарыда біз атаған көрсеткіштердің барлығы дерлік астана экономикасының мығым екенін көрсетіп отыр. Десе де, Нұр-Сұлтанның басқа да жетістіктері жетерлік. Мәселен, қаланың халқы үш есе өсті, шаһардың аумағы үш есе ұлғайды, мұнда салынған тұрғын үйдің көлемі 20 есе артты.

Әлемдегі ең жас астана – Нұр-Сұл­тан­­ның бүгінгі экономикалық жай-күйі республика үшін жақсы көрсеткіш. Демек, Еуразияның жүрегінде орна­лас­қан ел­ор­даның әлемдегі таң­дау­лы ме­гаполистердің қатарын толықтырарына мүмкіндік мол.