• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Шілде, 2021

Кадрдың қадірі артып тұр

587 рет
көрсетілді

Еңбек нарығындағы бос жұмыс орындарының саны кәсіп іздеген қазақстандықтардан екі есе асып түскен. Рас, былтырғы қатаң локдаун біраз мекеменің штатын қысқартып тастады. Кейбір мамандықтар өзектілігін жойса, қызметтің біраз түрі онлайн форматқа ауысты. Бірақ арада жыл өтпестен қайтадан кадр тапшылығы туындап жатыр.

Медицина

Электронды еңбек нарығын­дағы вакансия санына мән берер болсақ, жұмысқа орналасу туралы 96,4 мың ұсыныс жария­ланған. Ал түйіндемелер саны – 49,2 мың. Мамыр айымен салыстырғанда бос орын саны 28 пайызға, түйіндемелер 6 пайызға өскен. Электронды биржа­да жария етілген бос орындардың үш­тен бірі төмен біліктілікті та­лап ететін кәсіптерге жатады екен. Бұл – шамамен 30 мың­ға жуық адам. Одан кейін на­рық­қа аса қажет болып тұр­ған маман иелері – өнеркәсіп жұ­мыс­шылары мен кәсіби маман­дар. Биржаға қарап отырып ауыл шаруашылығы, құры­лыс және өзге де салаларда маман тап­шы­лығы бар екенін байқаймыз.

Еңбек және халықты әлеу­­мет­тік қорғау министр­лігі­нің хабарла­уынша, ауыл шаруашылығы мен құ­ры­лыста маусымдық жұ­мыс­тардың жандануына байланысты бір ай ішінде қосалқы жұмысшыларға, көгалдандыру жөніндегі жұмысшыларға, әр­түрлі жұмыстарды орындау­мен айналысатын жұмыс­шы­ларға деген сұраныс күрт өс­кен. Өнеркәсіп саласы тігінші, слесарь-жөндеуші, автослесарь, электромонтерге, қызмет көрсету мен сату саласы кү­зет­ші, аспаз, тәрбиеші сияқты маман­дарға мұқтаж. Жекелеген маман­дықтарды қарастыра отырып, маусым айында білікті кәсіптер арасында консультант-сатушылар (323 түйіндеме және 1581 бос жұмыс орны), автомобиль жүргізушілері (872 түйіндеме және 1854 бос жұмыс орны) жетіспейтінін атап өткен жөн.

Мейіргерлерге деген сұраныс та ұсыныстан асып түсіп тұр. Нарық 1 249 ма­манды қажет етеді. Ал медициналық біліміне сүйеніп жұмыс іздеушілер саны 700-ге де жетпейді. Медицина дегеннен шығады, пандемия бас­тал­ғалы дәрігер тапшылығын қат­ты сезіндік.

2019 жылғы дерек бо­йын­ша елде 74 мың дәрігер, 179,8 мың медициналық қыз­меткер болған. 2020 жылы дә­рігер тап­шылығы 5 мың адам­ға, ме­ди­циналық қызметкер тап­­шы­лығы 8 мың адамға жеткен.

2018 жылы Қазақстандағы онға жуық медициналық университетте 25 416 студент білім алыпты. «Астана медициналық университеті» баспасөз қызме­тінің дерегінше, оқу орны жыл сайын 1000 маман даярлап шы­ғарады. Солардың 97 пайы­зы ең­бекке араласады екен. Дәрі­гер­лер даярлау бойынша же­те­к­ші білім ордасы – Сан­жар Асфендияров атындағы Қа­­зақ ұлттық медициналық уни­­­вер­ситетін 2018 жылы 1 485 түлек бітіріп, соның 553-і жұ­­мысқа орналасқан. 2019 жы­­лы бітіруші түлектер саны азай­ған – 1 314. Тиісінше жұ­мысқа тұрғандар саны да төмен – 401 адам. 2020 жылы білім ор­дасын тәмамдаған 1 271 түлектің 815-іне жұмысқа ор­наласу бойынша университет өзі көмектессе, 452 студент өз беттерінше жұмыс тауыпты. Министрлік ақпараты бойынша өңірлерде 616 анестезиолог-реа­ниматолог, 158 инфекционист, 60 эпидемиолог, 166 кардиолог, 68 пульмонолог, 84 реабилитолог жетіспейді.

 

Мәдениет

Маман мәдениет саласын­да да тапшы. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райым­құлованың айтуынша, әсіре­се ауылдарда мәдениет саласы­ның маманы жетіспейді. «Түрлі мамандықтар – кітапхана­шы, хореограф, мәдени ұйымдас­тырушы, вокалист, музей және ауыл клубының қызметкері бо­лып істейтін 1 200-дей адам жетіс­пей отыр. Жас мамандар­ды қолдауға бағытталған бағдар­ламалар жұмыс істемейді. Мәсе­лен, «Дипломмен – ауылға» жобасы өңірлердегі кадр мәселесін шеше алар емес. Мамандардың келуіне ауылдағы өмір сапасы әсер етеді. Жұмыс іздеушілер үшін бірінші кезекте тұрғын үй мен лайықты жалақы деңгейінің болуы, тиісті әлеуметтік қолдау шара­ларының қарастырылуы маңызды», дейді министр.

Ведомство басшысы мәсе­ленің шешімі ретінде – ауыл­дар­дағы көпфункционалды ор­талықтар үшін жан-жақты қабілетті мамандарды даярлау деген нұсқаны атайды. Бұл ретте өңірлерде мәдениет қызмет­керлері ғана емес, мәде­ниет нысандарының жетіс­пейтінін де айта кету керек. Ведомство есептеуінше 127 мәдениет үйі, 113 кітапхана, 85 ауыл клубы, 10 театр, 8 музей салынуды қажет етеді. Аталған нысандардың салы­нуымен саладағы кадр тап­шылығының да тағы да еселеп арта түсері ақиқат.

 

Энергетика

Шаруасы шатқаяқтап тұр­ған энергетика саласы да көп маманға мұқтаж. Жыл сайын электр энергиясына деген сұраныс өседі, бірақ саладағы қызметкерлер жалақысы өс­пейді. Сол себепті энергетик болуға да ешкімнің құл­шы­нысы жоқ. Республикаға энергия таратып отырған электр стан­саларының барлығы дер­лік өткен ғасырдың 60-70 жыл­дарында жұмыс істеуді бастаған. Құрылғылары мен техни­калық базасы толықтай ескір­ген. Ескіргенді ескеріп, есіркеп жатқан тағы ешкім жоқ. Осыдан төрт жыл бұрын секторда 26 мың адам жұмыс істесе, қазір олардың саны 20 мыңнан сәл асады. Осы салада жұмыс істей­тін азаматтардың айтуынша, энергетиктердің жалақысы өңдеуші өнеркәсіпте істейтін жұмысшылар жалақысынан 45 пайызға төмен екен. Әрине, мұндай салаға кәсіби мамандар келмейді. Жалақыны көтерудің жалғыз жолы – тарифті көтеру. Ал олай етсе, халық шулайды. Өгізді өлтірмейтін, арбаны сындыр­майтын жолды кім ұсы­нады, жал­пы жақын арада ондай ұсыныс бола ма, жоқ па, ол да күмәнді. Жасыл энергиядан құлаш­тап қуат алып отырғандай билік те бұл проблемаға келгенде үнсіз қалуын жалғастыруда.

 

Құрылыс

Құрылысшылар одағының басшысы Талғат Ерғалиевтің айтуынша, кадр жетіспеушілігі сал­дарынан Қазақстан жыл сайын 1,4 трлн теңге жоғалтады. Бұл орайда одақ Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау ми­нистр­­лігінің есебін жоққа шығарады. Олардың айтуынша, нарық ведомство жариялап отыр­ғандай 148 500 емес, 630 000 адамды қажет етіп тұр.

«Өндірістің экономиканы алға жылжытатын үлкен күш екені белгілі. Ал өндіріске еңбек ресурсы керек. Егер қол күші жетіспейтін болса онда бюджетке салмақ түсе бастайды. Бұрын кадр тапшылығын маман­дық беделін көтеру, факультет құру, жалақыны көтеру сияқ­ты дәстүрлі әдіспен шешуді қалай­тын. Практика мұндай тәсіл­дің қате екенін көрсетті. Қазір бүкіл әлемде адамдар қол күшін қажет етпейтін жеңіл маман­дықтарға ауысып жатыр. Тек құрылыс саласының өзі маман тап­шылығы салдарынан бір жыл­да 468 млрд теңгеден айырылады», дейді Т.Ерғалиев.

Одақ өңірлердегі филиалдары арқылы 5 500 компания арасында зерттеу жүргізіп, нәти­жесінде 242 мың адам тапшы екенін анықтаған. «Мемлекеттік органдар реалды жағдайға әркез көз жұмып қарайды. Кадр тап­шылығын да солай елемей отыр. Әлемдік тәжірибені зерделеп, экономиканың нақты сек­то­рындағы ойыншылар пі­кірі­мен санасу қажет. Сонда ғана проблеманы шешуге болады», дейді ол.

 

Түйін

Адам капиталына байланыс­ты түрлі зерттеулермен айна­лысатын америкалық Korn Ferry компаниясының мәліметі бо­йынша, 2030 жылға таман кадр тапшылығы бүкіл жаһанды жайлайды. «Сол кезде әлем 85,2 млн білікті кадрға зәру болуы ықтимал. Бұл өз кезегінде 8,452 трлн доллар табысты жоғал­туға алып келеді. Бұл Герма­ния мен Жапонияның ІЖӨ-сінің жиынтық мөлшерімен тең» делінеді зерттеу мәтінінде. Аса маңызды салалар бойынша маман тапшылығын шеше алмай отырған Қазақстан мұндай жаһандық қауіпті үдеріске қазірден дайын болғаны жөн. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, елдегі эконо­микалық белсенді халық саны – 9,2 млн. 2020 жылы бұл сан 0,5 пайызға азайған.