«Қызыл аймаққа» енген Семей қаласында дерт дендеп тұр. Кешегі тәулікте ғана коронавирус індеті 40 адамнан анықталды. Жалпы, Шығыс Қазақстан бойынша 104 жағдай тіркелсе, оның көбі Семейден шығып отыр. Бүгінде өңірдің инфекциялық стационарларында 560 адам, реанимацияда 53 адам жатыр.
Осындай көрсеткіштерге байланысты 18 шілдеден бастап Шығыс Қазақстан «сары аймаққа» өтті. Аймақтың медициналық мекемелері эпидемиялық жағдай ушығып бара жатса да сақадай сай. Әзірліктері жоғары. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыстың инфекциялық стационарларында 4 мыңға жуық төсектік орын бар. Қазір инфекциялық төсек қорының 14 пайызында ғана науқастар жатыр. Тарқатып айтар болсақ, Өскемендегі инфекциялық стационарларда 257 адам, Семейде 226 адам, облыстың басқа қалалары мен аудандарында 78 адам ем алуда. Ал реанимациялық төсектік орынның саны – 345. Әзірге оның 15 пайызы ғана қолданыста. Өскеменде – 23 адам, Семейде – 21 адам, облыстың басқа қалалары мен аудандарында 9 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Өршіген індеттің алдын алу үшін санитарлық талаптарды орындау мен екпе алу қажет деседі дәрігерлер. Сонымен қатар ақ халаттылар иммундық плазманың тиімділігін дәлелдеп отыр. Естеріңізге сала кетсек, облыстық қан орталығы мамандары коронавируспен ауыратын науқастарды емдеу үшін елімізде бірінші болып иммундық плазма дайындай бастады.
– Плазманы ауырған алғашқы үш күнде пайдаланса, нәтиже бар. Алайда науқастанған адам бірден дәрігерге жүгінбейді. Алты ай бұрын науқастарға иммундық плазма пайдалана бастадық. Қазір саралап отырсақ, сол ем-шаралардың пайдасы бар. Қазіргі уақытта 2 мың 373 дозамыз бар. Жыл басынан 813 науқасқа плазма құйылды, – дейді облыстық Қан орталығы директорының орынбасары Светлана Шмурыгина.
Шығыс Қазақстан облыстық қан орталығы мамандарының хабарлауынша, плазма тапсыруға 6 мың 882 адам ниет білдірген. Донорларды іріктеу үшін қатаң талаптарды ескере отырып, түрлі себептер бойынша 80%, яғни 5 533 адам шеттетілді. Иммундық плазманы 1 291 адам тапсырды. Оның ішінде 903 адам облыстық қан орталығында, 435 адам Семей қаласының қан орталығында тапсырды. Нәтижесінде, өңірде COVID-19 індетіне қарсы 4 мың дозаның иммундық плазмасы дайындалып, жоспар 100% орындалды.
Шығыс Қазақстан облысы