• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
TOKYO2020 23 Шілде, 2021

Токио-2020: Олимпиада спортшылары қалай тамақтанады?

318 рет
көрсетілді

Әр Олимпиада ойындары басталар алдында, спортшылар олимпиадалық қалашыққа келіп орналасады. Ал жарыстар басталғанға дейін көпшілік талқылайтын тақырыптардың бірі – спортшыларға жасалған жағдай мен тамақтану мәселесі.

Әлем спортшыларының әлеуметтік желілердегі пікірлеріне анализ жасай келе, Токионың олимпиадалық қалашығындағы тамақтану орындарына қатысты ешқандай мін тағылмағанын бағамдауға болады. 

Бұған дейінде Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев шәкірттерінің Токио төрінде қалай тамақтанып жүргені туралы айтып берген болатын. 

«Тағамдары да алуан түрлі. Түрлі асханалар бар. Ішінен өзіңе қажеттісін таңдап алуға болады. Ұлттық Олимпиада комитеті де шет қалып жатқан жоқ. Әр кездегідей қосымша тоңазытқышқа бәрін ұйымдастырғанбыз. Әрдайым өзімізбен бірге қосымша тамақ алып жүреміз. Мейіз, жаңғақ, бал, сияқты ағзаға қажет өнімдер бар. Аздап қазы да бар. Бұл бірінші жарыс емес. Сондықтан, бізге бой үйрету үйреншікті жайт», дейді Ғалымбек Кенжебаев. 

Ұймдастырушылар тарапынан таңғы, түскі және кешкі ас бөліктері бекітілмеген, сондықтан спортшылар қалаған тағамдарын ала алады. 

Онда әр түрлі тағамдар ұсынылған. Жапон тағамдары, еуропалық тағамдар және халал белгісі бар ас та ұсынылған. 

Сондай-ақ мәзірде әр түрлі көкөністер мен жемістерден жасалған салаттар, тауық еті, асшаяндар, суши, классикалық күріш және макарон, пицца секілді тағы да басқа тағам бар.

Фаст-фудты сүйетіндер үшін гамбургерлер де дайындалады. 

Десерт үшін әр түрлі кондитерлік және витаминдер жиынтығы бар өнімдер, жемістер, цитрус ұсынылған. 

Спортшылар кофе мен шайдан басқа, үлкен тоңазытқыштан газдалған сусындар мен таза суды да таңдай алады. 

Айта кетейік, спортшылар ұзын үстелдерде бір-біріне қарама-қарсы ауқаттанады.  Оларды шыны тектес қоршау бөліп тұр. Токио Олимпиадасының ұйымдастырушылары спортшылардың қауіпсіздігі бірінші кезекте тұрғанын баса айтады. Сондықтан тамақтану кезінде коронавирустың таралу қаупін болдырмау немесе азайту үшін барын салған.