Дәл қазір Жапонияның Токио қаласында XXXII жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтіп жатыр, деп жазады Egemen.kz.
XXXII жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты көрерменсіз өтуде.
Спортшыларымызды Бокстан ұлттық құраманың капитаны Қамшыбек Қоңқабаев пен Олимпиада чемпионы, жеңіл атлет Ольга Рыпакова бастап шықты.
Токио-2020 Олимпиадасының ашылу салтанатындағы қазақстандық ту ұстаушылардың костюмдері Ұлттық Олимпиада Комитетінің тапсырысы бойынша арнайы жасалған. Жұмысқа Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің мамандары қатысып, әйгілі алматылық сәнгер Виолетта Иванова дизайнмен және тігіншілікпен айналысқан.
«Ольга екеуміз эскиздерді көріп, жұмыс барысына қатыстық, маған костюм ұнады, бұл ерекше энергия мен мағынаға ие киім. Оны кигенде, өзіңді нағыз батыр сезінесің», дейді бокстан ұлттық құраманың капитаны Қамшыбек Қоңқабаев.
«Костюмдер бірегей, заманауи және сонымен қатар дәстүрлі. Бұл білікті қолөнершілер жасаған жоғары сәнді бұйымдар, олардың керемет жұмыстары үшін менің алғысым шексіз», деп атап өтті Ольга Рыпакова.
Спортшыларымызға сәттілік тілейміз!