ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Токио олимпиадасында бақ сынайтын спортшыларға сәттілік тіледі, деп жазады Egemen.kz.
«Бүгін Жапония астанасы Токио қаласында XXXII жазғы Олимпиада ойындарының алауы тұтанды. Төрт жылда бір келетін дүбірлі дода бүкіл әлемнің назарын аударатын айтулы бәсеке екені анық. Пандемия салдарынан биылғы аламанның бір жылға кешіктірілуі де оның бәсін арттыра түсетіні сөзсіз.
Олимпиада ойындарына қазақстандық спортшылар да аттанды. Олар спорттың 27 түрінен бақ сынайды. Токиоға аттанар алдында Мемлекет басшысы Қазақстан құрамасын қабылдап, атлеттерімізге сәттілік тілеген еді. Сол жиында Президентіміз жаһандық сайыстың Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар келуіне мән беріп, осындай мерейлі кезеңде Олимпиада тұғырына көтерілу тұтас ұлттың абыройын асқақтатар айрықша сәт екенін айтты.
Сондықтан жалауы желбіреген жазғы Ойындарда сынға түсетін барлық спортшыларымызға сәттілік тілейміз! Елдің намысы мен сенімін арқалаған атлеттерімізге күш-қуат берсін! Бір-бірімізден сүйінші сұрар жеңісті күндер көп болсын!», деп жазды ол.