Шығыс Қазақстан облысында 221 сайлау учаскесінде дауыс беруге болады, деп хабарлайды Egemen.kz.
ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде Шығыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерсайын Нәбиевтің, комиссия төрағасының орынбасары Жанар Алқанованың, СЭБ департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Алиннің, ШҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Ернар Базаровтың қатысуымен брифинг өтті.
Аумақтық сайлау комиссияларының деректеріне сәйкес сағат 7.00-де аудандық маңызы бар бір қалада, алты кентте, 70 ауылдық округте дауыс беру басталды. Қазіргі уақытта өңірде 221 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.
«Сайлаушылардың сайлау учаскелеріне келуі туралы қосымша ақпарат Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша 10.00, 12.00, 14.00, 16.00, 18.00 және 20.00-жағдай бойынша облыстың аумақтық сайлау комиссияларының ғаламтордағы ресми парақшаларында ұсынылатын болады. Сайлаушылардың алдын ала келуі туралы ақпарат 21.00-де жарияланатын болады», деді Ерсайын Нәбиев.
Сайлау учаскелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін ШҚО полиция департаментінің сақшылары қызметтеріне кірісті. Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Ернар Базаровтың айтуынша, әрбір сайлау учаскесінде кезекшілікті қамтамасыз ету мақсатында 800-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылдырып, прокуратура қызметкерлері кіретін жедел-тергеу топтары құрылған.