Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық ауруханада 171-ші бүйрек трансплантациясы сәтті өтті, деп хабарлайды Egemen.kz. Отаны аурухананың бас дәрігері-трансплантолог Абылай Донбай жасады.
Досымовтар жанұясында 1992 жылғы інісі өзінің туған ағасына донор болған. Науқас бір жылдан бері гемадиализ алып келген, яғни жасанды аппаратпен жүрген.
Нәтижесінде, 3 сағатқа созылған ота сәтті аяқталды. Бүгінде донор мен бүйрек қабылдаған ағалы-інілердің жағдайлары жақсы.
«Шымкент қаласында мыңға жуық науқас бүйрек жетіспеушілігінен зардап шегеді. Олардың барлығы жасанды бүйрек аппаратына тәуелді. Біздің мақсатымыз осы дертке шалдыққан науқастардың санын азайтып, толыққанды өмір сүруіне ықпал жасау», дейді Бас дәрігер.
Бас дәрігер емхана хирургтары түрлі қиындықтағы оталар жасап, пандемия кезінде де жұмыстарын жалғастырып жатқанын атап өтті.