Батыс Қазақстан облысының 31 ауылдық округінде ауыл әкімдерінің сайлауы ұйымшылдықпен өтті. Жергілікті уақытпен 17.00. сағатта сайлаушылардың 70 пайызға жуығы өз таңдауын жасаған деп хабарлайды Egemen.kz.
«31 ауылдық округтің әкімін сайлауға байланысты бір айға созылған жұмыс өз мәресіне жетті. Жергілікті сағат 20.00.-де барлық 79 сайлау участогында дауыс беру тоқтатылды. Тіркелген барлық 38724 сайлаушының 31478-і, яғни 81,3%-ы сайлау бюллетенін алып, өз таңдауын жасады», деп хабарлады Батыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғайса Қапақов.
Халықтың сайлау белсенділігі жөнінде облыс аудандарын талдап көрсек, Ақжайық ауданы сайлаушыларының 88%-ы, Бәйтерек ауданы – 93 пайыз, Бөрлі ауданы – 88, Бөкейорда ауданы – 91, Жаңақала – 70%, Қазталов ауданы – 82 пайыз, Қаратөбе ауданы – 85, Сырым ауданы – 89 пайыз, Теректі ауданы – 74 пайыз қатысқан.
«Сайлау комиссиясы атынан барлық сайлаушыларға алғыс айтамын. Бұл біздің елде болып отырған алғашқы сайлау. Осы науқанға өзінің азаматтық борышын сезініп, белсенді қатысқан ауылдықтарға ризашылық білдіреміз. Бұл сайлауға 363 байқаушы қатысты, олар да таңғы 7-ден кешкі 8-ге дейін барлық 71 сайлау бөлімшесін күні бойы қадағалады. Олар қазір дауыс санауға қатысуда. Біз сайлаудың толық нәтижесін 26 шілде күні хабарлаймыз», деді Ғайса Қапақов.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында 31 ауылдық округ әкімінің орнына барлығы 81 кандидат бақ сынап, сайлауға түскен.