Ел тарихындағы ауыл әкімдерін тұңғыш рет тікелей сайлау Алматы облысында жоғары белсенділікпен өтті. Ал осы саяси бәсеке барысындағы нәтижеге сәйкес Жетісу өлкесінің 71 ауылдық округіне су жаңа әкім сайланып отыр.
Айтпақшы, өңірде ауыл әкімі болуға ынталылар қатары көп болды. Әуелде саяси додада бақ сынаушылардың саны 279 үміткер болса, сайлауға нақты 235 кандидат қатысты. 44 үміткер түрлі себептермен кандидаттар қатарынан алынып қалды. Сайлауға түсушілердің 82-сі саяси партия өкілдері болса, 153 үміткер – өзін өзі ұсынғандар.
– Бұған дейін Іле ауданы Чапаев ауылында әкімдікке 9 кандидат тіркелді деп айтылған болатын. Бүгінде ресми дерек аталған өңірде 5 үміткер қалғанын растауда. Әкімдікке үміткерлер ең көп тіркелген аймақ ретінде Талғар ауданы танылып отыр. Мұнда бір орынға 6 адамнан айналды, – дейді Алматы облысы сайлау комиссиясының мүшесі Қаһарман Жақсылық.
Ал Қаратал ауданында 6 кандидат сайлауға түсуде. Сайлау нәтижесінде Бастөбе және Жолбарыс батыр ауылдық округтеріне әкім сайланады. Әр округте 3 кандидат бар, оның бесеуі ер адам болса, біреуі – әйел. Олардың 4-еуі өзін-өзі ұсынған, 2-еуі – Nur Otan партиясының өкілдері.
Шағын ғана Бастөбе ауылдық округіне қарасты Жылыбұлақ ауылындағы №5551 сайлау учаскесінде 418 сайлаушы тіркелген. Тұрғындардың жартысынан астамы түске дейін дауыс беріп, өз таңдауын жасапты.
– Бүгінгі сайлау науқанында тұрғындардың белсенділігін атап өткен жөн. Барлығы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін негізге ала отырып, өз үміткеріне дауыс беруде. Біз тұрған учаскедегі сайлау әділ, ашық, айқын негізде өтуде. Сайлау барысында ешқандай заңға қайшы әрекеттер анықталған жоқ, – дейді Nur Otan партиясының атынан келген байқаушы Рауза Досмағұлова.
Алматы облысының Сарқан ауданына қарасты Екіаша ауылында тұратын Нұршат пен Ханшайым әжелердің қимылы ширақ, айналадағы оқиғаға құлағы түрік екен. Ауылда сайлау өтеді дегелі қариялар өз таңдауын жасауды ұйғарыпты. Ертемен ашылған дауыс беру учаскесіне келген қос қария ертең ел тізгінін ұстайтын ауылдасын таңдаған көрінеді.
– Бүгінгі сайлау біздер үшін маңызды. Ауылымыздың әкімін бір ауыздан сайлап, ауылдың кемел келешегін жаңа басшыға сеніп тапсырмақпыз. Сондықтан да сайлаудан тысқары қалмай өз дауысымды беруге келдім. Әр тұрғын өткізіліп жатқан сайлаудың маңыздылығын түсініп, таңдауды дұрыс жасайды деген сенімдемін, – дейді қарт ана Ханшайым.
Алматы облысы