Елімізде алғаш рет өткізілген ауыл әкімдерін тікелей сайлау науқанында Жамбыл облысынан 38 ауылдық округ бойынша 122 кандидат ұсынылып, оның ішінде 116 үміткер тіркелген. Сондай-ақ әкімдер сайлауына түсуге өтініш білдіргендердің 20 пайызын әйел азаматтар құрап отыр.
Т.Рысқұлов ауданының Абай, Тереңөзек, Жаңатұрмыс, Қорағаты, Қарақыстақ, Ақыртөбе, Қайыңды және Өрнек ауылдық округтерінде 16 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Нәтижесінде, ауданда 8 ауылдық округ әкімін сайлауға ауыл тұрғындары белсене қатысты. Мәселен, Қарақыстақ ауылының тұрғыны, кәмелет жасына биыл толған Шәкәрім Әбдімәлікұлы алғаш рет №349 сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады. Сондай-ақ Жаңатұрмыс ауылының 98 жастағы тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Шалданбай Шаңбаев өз таңдауын жасаумен қатар, үміткерлерге ақ батасын да берді.
Жалпы, сайлауда Т.Рысқұлов ауданы бойынша әр ауылдық округтен 3 кандидаттан, барлығы 24 кандидат бақ сынады. Оның ішінде 9 кандидат өзін өзі ұсыну жолымен сайлауға түссе, 7 кандидат Nur Otan партиясынан және 8 кандидат «Ақ жол» партиясынан ұсынылған. Бұл сайлау науқанына 60 сенімді өкіл тіркелген. Байқаушылар да жұмыс істеді. Жаңатұрмыс ауылдық округіндегі №351 сайлау учаскесінің партиялық емес байқаушысы Феруза Ақбұзауова сайлаудың жоғары деңгейде өтіп жатқанын, дауыс беруге халықтың белсенді түрде қатысқанын айтты.
Жамбыл ауданының Аса, Ақбастау, Ерназар, Жамбыл және Қаратөбе ауылдық округтерінде әкім сайлауы болды. Аудан бойынша аумақтық сайлау комиссиясына барлығы 21 кандидат құжаттарын өткізген. Оның ішінде Nur Otan партиясынан – 4, «Адал» партиясынан – 1, «Ауыл» партиясынан –1, «Ақ жол» партиясынан – 2, Қазақстан халық партиясынан 3 азамат ұсынылған және 10 кандидат өзін өзі ұсынған. Нәтижесінде, 15 кандидат тіркелген. Оларға сенімді өкіл мен байқаушы болуға 44 азамат өтініш білдірген. Ол азаматтар аумақтық сайлау комиссиясынан тиісті куәліктерін алған. Сенімді өкіл ретінде тіркелген 44 азаматтың барлығы да вакцина салдырған.
«Сайлау кезінде дауыс берушілердің белсенділігі жоғары болды. Мұнда 2953 сайлаушы бар. Қаратөбе ауылдық округіне үш елді мекен қарайды. Саяси науқан кезінде 6 бақылаушы жұмыс атқаруда. Сайлау өз деңгейінде, қалыпты жағдайда өтуде. Түрлі жағдайларға байланысты 30 адам үйінен дауыс беруге өтініш білдірген», дейді Жамбыл ауданы Қаратөбе ауылдық округінің Бектөбе елді мекеніндегі №162 сайлау учаскесінің тәуелсіз байқаушысы Раушан Төлендиева.
Байзақ ауданында Сарыкемер, Ынтымақ және Көктал ауылдық округтерінде сайлау өткізілді. Сайлау учаскелері тиісті кеңсе тауарларымен, жиһаздармен, телефон және интернет байланысымен, тактильді жолақтармен және өзге де қажеттіліктермен қамтамасыз етілген. Сайлау өтетін орындар толықтай бейнекамералармен жабдықталған. Сондай-ақ аудандағы барлық сайлау учаскесі санитарлық талапқа сәйкестендірілген.
«Ауыл әкімдерін сайлау Сарыкемер ауылында өз деңгейінде өтуде. Ауыл тұрғындары өз таңдауын лайықты жасайды деп сенеміз. Бұл бастамаға халықтың көзқарасы жақсы», дейді Сарыкемер ауылындағы №126 сайлау учаскесінің байқаушысы Амангелді Тілепов.
Ал Талас ауданында Бостандық, Аққұм, Ойық және Қызыләуіт ауылдық округтері бойынша сайлау өтті. Саяси науқан кезінде саяси партиялар да белсенділік танытты. Мәселен, Nur Otan партиясынан – 3, Қазақстан халық партиясынан – 3, «Ақ жол» партиясынан 2 үміткер ұсынылса, 4 адам өзін өзі ұсынған. Орташа бәсекелестік бір орынға 3 адамнан айналды. Жалпы, аудан бойынша 12 кандидат тіркелген.
Сонымен қатар Шу ауданындағы Өндіріс, Қорағаты, Жаңақоғам ауылдық округтерінде 4 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Ауданда ауылдық округтердің әкімдігіне 9 үміткер ұсынылған. Бұл сайлау науқанына 30 адам сенімді өкіл ретінде тіркелген. Сол сияқты, облыстың өзге де аудандарында да саяси науқан өз деңгейінде өтті.
Жамбыл облысы