Ауыл тұрғындары дауысқа салып, өз әкімдерін өздері таңдап алды. Неше күннен бері үміткерлер округте ауылға шарапаты тиеді-ау деген бағдарламаларын таныстырып, халықпен кездесулер ұйымдастырды. Ал кеше әкім өкілеттілігі аяқталған ауылдар мен кенттерде халық сенім артқан үміткерлеріне дауыс беріп, өз таңдауларын жасады.
Шығыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерсайын Нәбиев таңғы сағат 7.00-де аумақтық сайлау комиссияларының деректеріне сәйкес аудандық маңызы бар бір қалада, алты кентте, 70 ауылдық округте дауыс беру басталғанын айтып өтті. Өңірде сайлау кезінде 221 сайлау учаскесі жұмыс істеді.
– Тәуелсіздік алғалы тұңғыш округ сайлауы болғандықтан, халық белсене қатысты. Сайлаушылардың сайлау учаскелеріне келуі туралы қосымша ақпарат 10.00, 12.00, 14.00, 16.00, 18.00 және 20.00-де облыстың аумақтық сайлау комиссияларының интернеттегі ресми парақшаларында ұсынылып отырды, – деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерсайын Нәбиев.
Үміткерлердің көбі Үржар ауданының Мақаншы ауылдық округінде, Катонқарағай ауданының Белқарағайы, Глубокое ауданының Ушанов ауылдық округінде тіркелген екен. Аталған округтерде төрт адамнан, одан өзге 72 сайлау округінде үш адамнан, қалған 2 сайлау округінде 2 кандидаттан сайлауға түсті. Үміткерлердің ең жасы – 26-да, ол Алтай ауданының Тұрғысын ауылдық округін басқаруға үмітті.
– Өз әкімдерін жұрт өзі сайлап жатыр. Рас, халық кім қалай жұмыс істейтінін біледі. Білген соң да дұрыс таңдау жасайды. Әділ сайлау өтті деп ойлаймын. Өзім Үржар ауылының болашағы үшін дауыс бердім, – дейді «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Серікжан Қажытай.
Сайлау учаскелерінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері күшейтілген режімге көшті. Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Ернар Базаровтың айтуынша, әрбір сайлау учаскесінде кезекшілікті қамтамасыз ету үшін 800-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылған. Алайда сайлау учаскелерінде қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері тіркелген жоқ. Санитарлық талаптар да қатаң сақталды.
Шығыс Қазақстан облысы