Былтыр басталған пандемия салдары ел экономикасының барлық саласына салқынын тигізді. Әсіресе, көптеген кәсіпкерлік нысанының қызметі тоқтатылып, бөлшек сауда, туризм салалары мен қоғамдық тамақтану орындары және мейрамхана бизнесі тұралап қалды.
Көрші мемлекеттермен шекара жабылғанда бірінші қажеттілікті қамтамасыз ететін тауарлардың бағасы аспандап шыға келді. Осындай сәтте өңір экономикасына жүргізілген талдау облысқа азық-түлік тауарларының 95 пайызы сырттан келетінін көрсетті.
Іркілістің сілкініске себеп болары рас екен. Сырттан келетін өнімге тәуелді облысты 2023 жылға дейін экономикалық дамыту жоспары қабылданып, соның нәтижесінде біршама бизнес құрылымдары мемлекет қолдауына ие болды. Бүгінде өңірде жалпы құны 8,6 млрд теңгені құрайтын 145 жоба іске жүзеге асты.
– Даму жоспары облыс тұрғындарын бірінші қажеттіліктегі тауарлармен қамтамасыз етуді көздейді. Жаңағы жүздеген жобаның ішінде өнімі экологиялық жағынан таза және сапалы кәсіпорын көп. Тамақ өнеркәсібінде қой, сиыр, жылқы етінен консервілер, жартылай фабрикаттар, 16 түрлі шұжық өнімдері, макарон өнімдері, сондай-ақ асқабақ сусыны мен шоколад өндірістері іске қосылды. Сонымен бірге, құрылыс саласында бірқатар материалдың өндірістері, сабын және антисептик шығаратын кәсіпорындар бар, – дейді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов.
Жалпы биыл «Бизнестің жол картасы – 2025», «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары аясында, сондай-ақ «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы шағын және орта бизнесті қаржыландыруға облыстық және республикалық бюджеттен 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 6 пайызбен несиелендіру енгізіліп, Үкімет шешімімен облысқа 1 млрд теңге қарастырылған. Бүгінде аймақтағы шағын және орта бизнестің 1 600-ге жуық жобасына 15,5 млрд теңге несие берілді.
Бұдан бөлек, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына облыстық бюджеттен қосымша 400 млн теңге қаржы қарастырылып отыр. Бұл қаражат облыста өңдеу өнеркәсібі саласына жылдық 2 пайызбен 4 жылға жеңілдетілген несие түрінде берілетін болады. Осы саладағы тағы бір жаңалық – тамақ өнеркәсібі саласындағы жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін Қызылорда қаласында «Арнайы экономикалық аймақ құру» қолға алынбақ. Жаңа бастаманы жандандыру үшін мұнай сервисі саласындағы жергілікті инвесторлар 5 млрд теңге салуға дайын. Бүгінде бұл арнайы аймақты құруға Үкіметтің тұжырымдамалық мақұлдамасы алынды.
Биыл Мемлекет басшысы Үкіметке бағдарламалардың қаржыландыру тетіктерін қайта қарастыруды және микроқаржы ұйымдарының бағдарламаларға белсенді қатысуын қамтамасыз етуді тапсырды. Соған сәйкес облыс әкімдігі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жаңа микроқаржы ұйымын құру үстінде. Алда бұл ұйым «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы секілді мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, ауыл кәсіпкерлерін қаржыландыру саясатын іске асыратын болады.
Індетке байланысты шектеу шаралары тойханалардың қызметіне тұсау салғаны белгілі. Облыстың 2023 жылға дейінгі даму жоспарында бизнестің осы түрін басқа салаларға бағыттауға баса мән берілген.
Тойхана қызметін кәсіптің өзге саласына бейімдеуге ниет білдірген кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы – 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламалары және «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жан-жақты қолдаулар көрсетіліп отыр.
Бүгінде облыста тіркелген 128 тойхананың 22-сі қызметін өзге салаларға бағыттаған. Мысалы, Арал ауданында орналасқан «Ақниет», «Алмаз», «Хан Шатыр» тойханалары сауда орындарына және «Нұрсұлтан» тойханасы шағын наубайханаға айналса, Қазалыдағы «Орда», «Алатау», RR, «Ақтілек», «Тілеулес» тойханалары қоғамдық тамақтану нысандары ретінде келушілерге қызмет көрсете бастады. Қармақшы ауданындағы «Мәлике Ана» тойханасы балалар ойын алаңы мен кондитерлік өнімдер цехына, «Ақтілек» тойханасы тігін шеберханасына, Жалағаштағы «Береке» тойханасы нысаны спорт кешеніне айналып шыға келді. Кейбір тойхана иелері мал, құс шаруашылығымен айналысуға ден қойды.
– Бүгінде кәсіппен айналысамын деген азаматтарға түрлі мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар арқылы қолдау жасалып отыр. Соның негізінде өңір кәсіпкерлеріне жеңілдетілген пайызбен несиелерге, қайтарымсыз гранттарға өзге де түрлі қолдау шараларына қол жеткізуге мүмкіндіктер жетерлік. Одан бөлек, «Бір терезе» қағидаты негізінде қызмет көрсететін «Бизнеске арналған үкімет» платформасы бизнес жоспар әзірлеу, бағдарламаларға қатысу барысында барынша көмек көрсетеді, – дейді басқарма басшысы.
Қызылорда