Қазақстандағы демографиялық ахуалды бағамдап отырған мамандардың пікірінше, еліміздің оңтүстігінде халық саны қарқынды өсіп келеді, ал солтүстікте керісінше тұрғындар қатары жыл санап азайып барады.
Болжам бойынша 2050 жылға қарай оңтүстік аймақтағылар 5 миллионнан асып, жұмыссыздық мәселесі қиын түйіннің біріне айналмақ. Ал тұрғындары миллион адамға дейін азаятын солтүстікте керісінше жұмыс күші жетіспеуі қазірдің өзінде байқалады. Осыған орай қазір «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында оңтүстіктен жүздеген отбасы солтүстік өңірлерден мекен тапты. Аз жылдың аясында бір ғана Қызылорда облысынан өзге өңірлерге 563 отбасы қоныс аударды.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының «жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру, жұмыс күші көп өңірлерден жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге қоныс аудару» бағыты бойынша облыста бірқатар жұмыс жүргізілуде. Жеті жылдан бері Сыр бойынан Қостанай облысына – 173, Солтүстік Қазақстанға – 166, Шығыс Қазақстанға – 151, Павлодар облысына 73 отбасы қоныс аударған.
– Қызылорда мен Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктері арасындағы меморандумға сәйкес қызылордалықтар 2014 жылдан бері еліміздің шығысына қоныс теуіп, орналаса бастаған. Кейін бұл бастама мемлекеттік бағдарлама аясында жалғасын тапты. Көшетіндер қатары былтырға дейін ұдайы өсіп отырды. Бүгінде дүние жүзін жайлаған пандемияның кесірінен көш кідірістеп тұр. Былтыр жұмыс күшін қажет ететін аймақтарға 114 түтін көшсе, биыл 6 отбасы Қостанай облысынан тұрақ тапты. Жалпы, осы жылы 60 шаңырақ қоныс аудармақ ниетте, – дейді облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева.
Қоныс аударушылар, негізінен, солтүстік аймақтардағы кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру және қызмет көрсету ұйымдарындағы жұмыстарға орналасқан.
Жақында өңірге Павлодар облысынан делегация келіп, облыс аудандарын аралады. Олар кездесулерде оңтүстік аймақтардан жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аудару мемлекет жүргізіп отырған ең ұтымды бағдарламалардың бірі екендігін жеткізді.
Мысалы, Павлодар өңірінде біліктілікті талап ететін мамандықтар бойынша 1100-ден астам бос жұмыс орны бар. Екі қолға бір күрек іздегендер үшін басқа да жұмыс жетерлік. Сырбойылықтармен кездесуде Павлодар облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дюсипова Кереку өңірінде ағылшын тілі, математика пәндерінің мұғалімдері, механизаторлар, агрономдар, мал дәрігерлері, денсаулық сақтау саласының мамандары қат екендігін атап өтті. Осы жылы облыс 500 қандасты және еліміздің еңбек күші артық өңірлерінен 2600 қоныс аударушыны қабылдауды жоспарлап отыр. Бүгінге дейін сол аймаққа көшіп барған 262 қандас пен 1155 ішкі қоныс аударушы өңірлік квотаға кіріп, мемлекеттік қолдауға ие болған.
– Үкімет айқындайтын өңірлерге ерікті түрде қоныс аударатын адамдарға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді көздейтін «Еңбек» бағдарламасы аясында оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару 2017 жылдан бастау алғанын білесіздер. Содан бері көптеген отбасы біздің аймаққа қоныс аударып, жұмыс істеп жатыр. Дәл қазір облыс аудандарынан 437 мекеме 2291 бос жұмыс орнын ұсынып отыр, – деді басқарма басшысы.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында Павлодар облысына қоныс аударып, мемлекеттік жалдамалы үй алғысы келетін отбасылар үшін 57 бос баспана бар. Меймандар мен жергілікті тұрғындардың кездесулерінде тұрғын үйді жалдау бойынша шығыстарды өтеуге 12 ай ішінде төленетін субсидия жинақталып, бір реттік тәртіпте төленетіні, отбасының әр мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір рет субсидия берілетіні, көшіп барғандар арасынан еңбекке жарамды жастағылар мамандықтарына сәйкес жұмыспен қамтылатыны түсіндірілді. Мамандығы жоқтарды жұмысқа орналастыру, шағын кәсіпкерлікпен айналысатындарға грант пен микрокредит беру де қарастырылған.
Осындай жүздесулер үстінде солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қызығушылық танытқандар түрлі сауал қойды. Әр аудандағы Жұмыспен қамту орталықтарында тұрғындарға қажетті мәліметтер қалдырылды.
Жасыратыны жоқ, көшіп барғандардың арасынан қайтып келіп жатқандар да бар. Олардың дені солтүстіктің ауа райына үйренісе алмағандарын айтады. Осы ретте бағдарлама бойынша Сыр бойынан көшіп, Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданының тұрғыны атанған әріптес қарындасымызбен хабарластық. Қызылордадағы жергілікті университетті бітірген ол әуелгіде аудандық басылымда жұмыс істепті, көп ұзамай арнайы білім алып, мәдениет саласының қызметкері атанған. Ерінбей еңбек етсең, қай ортаға да сыйып кетуге болады. Мысалы, Қызылордадан қарапайым маман ретінде аттанып, қазір мекеме басқарып отырған азаматтар да бар.
Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектен бөлек, кейбір шаруашылықтар көшіп барғандардың қорасына мал кіргізіп, отын-су, жемшөбін түсіріп, көмек көрсетіп жатқанын айтады. Осының арқасында оңтүстіктен көшіп барғандар солтүстікке тез сіңіп, тұрақтап қалып жатыр. Осы сапарда солтүстіктен әдейілеп келген шенеуніктер өндіріс саласына Ресейден оқу бітіріп келген жергілікті жастарды да шақырыпты.
Бір сөзбен айтқанда, Сыр бойынан солтүстікке бет алған көш жалғасып жатыр. «Елге ел қосылса – құт» дегендей, бұл ел болашағына деген сенімді нығайта түседі.
Қызылорда