Полицейлер карантинді бұзған мекеменің клиенттері ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын еске салады, деп хабарлайды Egemen.kz Рavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 25 шілде күні сағат 23:30-да мониторингтік топ Абай көшесінде орналасқан рестобардың жұмысын анықтаған. Мекемеде 40 адам, оның ішінде бір кәмелетке толмаған бала болған.
- Кәмелетке толмаған баланың мекемеде болуына жол бергені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы бойынша бар әкімшісіне қатысты әкімшілік материал толтырылды. Бір күн бұрын учаскелік полиция инспекторлары кәсіпкерлік бөлімінің қызметкерлерімен бірге осы рестобардың жұмыс істеп тұрғанын анықтаған болатын. Барда 200-ге жуық адам болды. Барлық келушілер Орталық полиция бөліміне жеткізілді, - дейді департаментте.Материалдар ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мақсатында Павлодар қаласының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.