• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 27 Шілде, 2021

Металды терең өңдеуге бет алды

421 рет
көрсетілді

Қазақстан металының көп бөлігі шикізат күйінде шетелге экспортталатыны белгілі. Дегенмен, қолға алынған индустрияландыру бағдарламаларының нәтижесінде, елімізде металдан дайын өнімдер алуға ерекше басымдық берілуде. Әсіресе алюминий өндірісінде жақсы қадамдар жасалғанына жұрт куә.

Әлбетте, алюминий өндірісі дегенде Павлодар өңірі ойға оралады. Мұнда алюминий және электролиз зауыттары жұмыс істейді. QazIndustry қазақстандық индустрия және экспорт орталығы салалық даму дирекциясы басшысының орынбасары Ринат Қабылбековтің айтуынша, дәл осы алюминий өндірісі қайта өңдеу тұрғысынан алғанда ерекше қарқын көрсетуде. Бұдан бөлек металлургияның басқа да бағыттарында металды жоғары дәрежеде қайта өңдеу бойынша бірқатар жобаның жүзеге асырылғаны аян.

– Бастапқы алюминий өндірісін жетілдіру өнімді қайта өңдеуге негіз болды. Соның нәтижесінде, отандық компаниялар алюминий профилін, радиаторлар мен сымдарды шығаруға мүмкіндік алды. Сондай-ақ алюминий қорытпаларын өндіруді де жақсы игерді. Мәселен, отандық «КИК Павлодар» серіктестігі автокөлік дөңгелектеріне арналған дискілер шығарады. Сол секілді түсті металлургияда Giessenhaus компаниясы «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының аумағында қоспалы алюминий алуды жолға қойды. Ал Қарағанды облысының Шет ауда­нында Sary-Arka Copper Processing ЖШС катодты мыс шығаруды игерді, – дейді Ринат Қабылбеков.

Мұндай жобалар бірнеше салада қамтылған. Айталық қазіргі уақытта жү­зеге асырылып жатқан маңызды жо­ба­лардың қатарына Тараздағы «Арай­строймаркет» компаниясының алюминий және биметалды радиатор­лар өндірісін жатқызуға болады. Бұдан бө­лек Шымкентте KazAlPack серік­тес­­тігі сусындарға арналған алюминий банк­аларды шығарады.

Сонымен қатар қызылордалық «Ба­лау­са» ЖШС әлемдік металлургия үшін үлкен сұранысқа ие лигатура­ны – ванадий мен феррованадийдің бес тотығын өндіруді қолға алмақ. Ал Қазақстан мен Үндістанның бірлескен кәсіпорны («Өскемен титан-магний комбинаты» АҚ және MIDHANI компаниясы) отандық ELI титан қо­рыт­па­сы­ның негізінде титан биоимпланттары мен медициналық аспаптарды өндіруге ниетті.

Металды дәл осылай бірнеше рет өңдеудің нәтижесінде алынатын өнімдер өндіру секторында да баршылық. Мә­се­лен, Kaz Minerals Aktogay жұмыс іс­теп тұрған сульфидті фабриканың жұмысын жетілдіру арқылы Ақтоғай кен байыту комбинатының қайта өңдеу қуатын кеңейтпек. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Жоба аяқталған соң 700-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Сондай-ақ «Жәйрем тау-кен байыту комбинаты» АҚ-та қолданыстағы өндірісті – кен байы­ту фабрикасын жаңғырту жұ­мыстары жүргізілуде. Соның нәти­же­­сінде қо­сым­ша 381 жұмыс орны құ­ры­лмақ.

Сарапшының пікірінше, қара метал­лур­гияның жоғары дәрежеде қайта өңделуін дамытуға Қарағандыдағы ферросилиций өндіретін YDD Corporation ЖШС, «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағындағы «Премиум» класты газ герметикалық қосылыстары бар жіксіз болат құбырлар шығаратын «Тенарис» құбыр кесу зауыты, болат блюмын шығаратын шымкенттік Shymkent Temir АҚ айтарлықтай үлес қосқан.

– Осы жобалардың барлығы жүзеге асырылған жағдайда Қазақстанның алюминий және мыс салалары металдың 4-ші және 5-ші технологиялық қайта өңделуін игеретін болады. Металлургия өнеркәсібі ел экономикасының негізгі бөлі­гіне айналғаны белгілі. Сон­дық­тан саладағы жетістіктер жалпы саяси тұрақтылықпен жүргізілген құры­лым­дық және институционалдық реформалармен, сондай-ақ өте қолайлы сыртқы экономикалық конъюнктурамен негізделіп отыр, – деп нақтылады Р.Қабылбеков.

Металл өнімдері бағасының жо­ға­рылығы, оның экспортын ұлғай­ту­дағы мүмкіндіктер соңғы жылдары рес­публиканың ішкі жалпы өніміндегі метал­лургия өнеркәсібінің үлесін айтар­лық­тай арттырды. Былтыр ішкі жалпы өнімдегі металлургияның үлесі 4,5 пайыздан 5,3 пайызға өсті. Бүгінгі таңда металлургия өнеркәсібі негізгі көр­сеткіштердің өсуіне ұйытқы болуда. Мәселен, 2020 жылы отандық металлургиялық кәсіпорындар 5,7 трлн теңгенің өнімін өндірді. Бұл 2019 жыл­дың көрсеткішінен 16,2 пайызға жоғары.

Биылғы көрсеткіштер де жаман емес. 2021 жылдың бірінші тоқсанында өнім шығару көлемі өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Осы жылдың қаңтар-сәуір айларында металлургия өнімдерінің экспорты 25,4 пайызға артып, 3,7 млрд долларды құрады.

Металлургиялық өнімдер экс­пор­ты­ның негізгі көлемінде мыстың (31 па­йыз), ферроқорытпаның (19 пайыз) және тегіс илемнің (15 пайыз) алар орны ерекше. Бұл ретте мыс – өңдеу өнеркәсібі экспортындағы жетекші тауарлық позиция. Оның үлесі – 18 па­йыз. Қазақстан металы өткізілетін негізгі нарықтар қатарында Қытай, Ресей, Түркия және Ұлыбритания бар.

QazIndustry қазақстандық индус­трия және экспорт орталығының мә­лі­метінше, елдегі ірі металлургиялық кәсіпорындар жыл сайын 481 мың тонна мыс, 131 мың тонна қорғасын, 319 мың тонна мырыш және 264 мың тонна алюминий өндіреді. Аталған металдардың барлығы экспортқа бағдарланған. Бұл ретте қосылған құны әлдеқайда жоға­ры өнім өндіру үшін ішкі нарық та қам­тамасыз етілуде.

Республикадағы қорғасынның негізгі өңдеушісі – «Қайнар АКБ» ЖШС. Ал ел ішінде мырышты тұтынатын жалғыз кәсіпорын бар. Ол – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ. Оны болат илемін мырыштау үшін пайдаланады. Мысты «Қазкат» ЖШС, Casting, «Түсті металдарды өңдеу зауыты» АҚ кәдеге жаратса, алюминийді «Қазэнергокабель» АҚ, Aluminium of Kazakhstan ЖШС, «УПТК Азия-Электрик», «Цветлит», Giessenhaus компаниялары өңдейді.

Қазақстанда металлургия өнер­кә­сі­бінде тіркелген кәсіпорындар саны айтарлықтай көбейді. Әлбетте, бұл на­рықтағы күшті бәсекелестікке жол аша­ды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазіргі уақытта елімізде 402 металлургиялық компания жұмыс істейді. Салада 117,6 мың адам еңбек етуде.