Төртжылдықтың басты бәсекесінде Босқындар құрамасы да бақ сынауда. Отанындағы қиын жағдайларға байланысты туған елінен кетуге мәжбүр болған спортшылар биыл бөлек одақ құрып, өнер көрсетіп жатыр.
29 спортшыдан құралған топ 12 спорт түрі бойынша бақ сынайды. Халықаралық Олимпиада комитеті биылғы додаға қатысуға ұсыныс берген 56 өтінішті қарастырған. Нәтижесінде, Ауғанстан, Венесуэлла, Конго Демократиялық Республикасы, Эритрея, Иран, Ирак, Камерун, Конго Республикасы, Сирия, Судан, Оңтүстік Судан спортшыларына жолдама берілді.
«Мен барлық Олимпиада қозғалысының атынан сіздермен жүздесіп, Токиодағы бәсекеге дайындықтарыңызды көруге асық екенімізді білдіргім келеді. Сіздердің өнер көрсетулеріңіз бүкіл әлемге мықтылық пен үміттің белгісі болмақ», деп ХОК басшысы Томас Бах жолдама табыстады.
Енді спортшылар жүзу, жеңіл атлетика, бадминтон, бокс, велоспорт, ауыр атлетика, күрес сынды спорт түрлері бойынша бақ сынап жүр. Мәселен, Юсра Мардини 100 метрге жүзу бойынша өнер көрсетіп үлгерді. Нәтижесі жақсы болмаса да, көпшіліктің көзіне түсіп үлгерді. Сириялық қыз 2015 жылдан бастап Германияда тұрады. Бұл додаға бес жыл дайындалған. Бұл – оның екінші Олимпиадасы. 2016 жылы Рио-де-Жанейродағы Олимпия ойындарында бой көрсеткеннен кейін басылымдар Юсра туралы жаза бастады. Ол өзінің тағдыры туралы сыр шертіп, Сириядан қашқанда сіңлісі екеуінің резеңке қайығының желі шығып кетіп, 3,5 сағат бойы теңізде жүзуге мәжбүр болғандықтарын айтқан.
Юсра Мардини эритреялық жеңіл атлет Тахловини Габриесоспен бірге Босқындар құрамасының жалауын ұстап шығу мәртебесіне ие болды. Юсра ол сезімді жеткізуге сөз таппадым деп ағынан жарылды. Сарапшылар бұл оның соңғы қатысуы деп болжайды. Спортшы Германия азаматтығын алып, оқуын жалғастырып, спорт мектебін ашуды армандайтынын айтты.
Бұл топқа мүше болу үшін спортшы Олимпиадаға енгізілген спорт түрлері бойынша жоғары нәтиже көрсетуге тиіс. Сонымен қатар БҰҰ растаған босқын деген мәртебеге ие болуы керек. Құраманың толық ресми аты – Босқындар Олимпиада құрамасы. Олар Олимпиада жалауы мен Олимпиада әнұранын меншіктеген. ХОК әр босқынды көрсеткен нәтижесіне қарамастан Олимпиада стипендиясымен қолдайды.
Ең алғаш Босқындар құрамасы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпия ойындарына қатысқан еді. Онда 10 спортшы өнер көрсетті. Көбі ол кезде бұл құраманы байқамағанын айтады. Алайда қазір оларды байқамау мүмкін емес. Өйткені биыл олардың саны шамамен 3 есеге өсті. Оған қоса, спортшылардың тағдыры жүректі елжіретпей қоймайды. Әр тұлғаның артында ауыр тағдыр, бір ұлттың тарихы жатыр.
Ауғанстандық Нигара Шахин – талантты дзюдошы. Десе де өз Отанында қыз балаға бұл спорт түрімен айналысуға рұқсат жоқ. Сүйікті ісімен айналысқысы келген жас қыз елін тастап, Ресейге қоныс аударған.
Жоғарыда есімі аталған Тахловини Габриэсос 12 жасында Африканың шығысындағы қаладан шығып, Израильге дейін жаяу жеткен. Судан мен Мысырдың шөлін жаяу кесіп өткен батыр. Бүгінде Израильде тұрып, жеңіл атлетикамен айналысады. Оны жергілікті клуб қолдайды, ХОК стипендиясын алады.
Құрамада Иранның 5 азаматы бар. Кимия Ализаде таэквондодан 2016 жылғы Олимпия ойындарында қола жүлдегер атанған. Иранда Олимпиада медалін таққан алғашқы әйел.
Спортшылардың басты мақсаты жеңіс болмауы да мүмкін. Олар әлемге өз тағдыры мен елінің тарихын естірткісі келеді. Осы арқылы жақсы өмірге аяқ басып, босқындар мәселесін шешуге мүмкіндік алғандар да аз емес. Мәселен, Юсра Мардини БҰҰ бағдарламалары аясында босқындар жағдайына қатысты мәселелерді шешуге көмектеседі. Under Armour киімдер брендін таныстырады.
Масома Али Зади – Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығының тұрақты өкілі. Әзірге ешқайсысы көш бастап, озып шықпаса да, халықаралық аренада бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірін көтеріп жүргеніне қуанышты екенін айтады.