• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 28 Шілде, 2021

Жақсыдан қалған жәдігер

465 рет
көрсетілді

Аса көрнекті халық ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толуына орай ғибратты ғұмыр иесінің өмірі мен шығармашылық мұрасын насихаттау әрі дәріптеу мақсатында Мемлекеттік орталық музейде «Ұстаз ұлағаты» атты арнайы көрме ашылды.

Аталмыш көрменің негізгі жәдігері ретінде ағартушының Серік Жамантайұлы Уақбаев есімді туысқаны тарапынан музей қорына 1989 жылы табыс­тал­ған жеке қалта сағатын («Павел Буре» зауыты) ерекше атауға болады. Жары Ай­ғаныс, ұлдары Абдолла мен Әбдірахман, қызы Шәрипа және немересі Нағима Абдолқызының, ұстаздық қызметтің әр жылдары туған өңірінде салдырған оқу орындарының (мектептер, интернаттар, училищелер) түпнұсқа фотосуреттері (1959 жылы Мемлекеттік орталық музейінің Қостанай облысы, Амангелді ауданына жасаған экспедициясы кезінде жинақталған) және көшірме суреттер де осы экспозиция төрінен орын алған.

Ағартушының Орынбор қаласында өзі негізін қалаған мек­тепке қабылданған қазақ бала­ларының алуан түрлі мәсе­ле­лерін қозғап, 1864 жылы Н.И. Ильминскийге (1822-1891), 1880 жылы Сыртқы істер ми­нис­тр­лігінің Орынбор генерал-губернаторына жазған хаттары, газетке бастыруға дайындаған 4 беттік қолжазбасы, Торғай өңірінде 1884 жылы болыстық мектептер салу жөніндегі мәліметтер және жат жұрт балалары үшін бастауыш мектептер ашу туралы ережелердің көшірмелері (1986 ж. ҚазКСР Ғылым Академиясы кітапханасының сирек кездесетін қолжазбалар мен басылымдар бөлімінен алынған) көрменің деректік арқауын арттыра түскен.

Ы.Алтынсариннің Қоста­най­дағы екі сыныптық учили­ще­нің оқу­шыларымен бірге түскен, Оба­ған болыстық және өзі ашқан мектептердің шәкірттерінің, ағартушының хаттарын зерттеген Бекежан Сүлейменовтің (1912-1984), ізбасарлары Әбдіғали (1866-1942) мен Ахмет Балғымбаевтардың, Нәзипа Құлжанованың (1887-1934) фотосуреттерін де осы экспозициядан тамашалауға болады.

XIX ғасырдың аяғында Қазақ даласының Батыс аймағында және Жетісу өңірінде мектептер салдырып, қазақ балаларының мұсылманша және орыс-қазақ тілдерінде білім алуына жол ашқан алғашқы шүлеңгерлер (меценаттар) Жәңгір хан (1801-1845) мен Есенқұл Маманов (1888-1932) және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов (1872-1937) кескіндеріне, туысқаны Халық жазушысы, көрнекті ақын Мәриям Хакімжанованың (1906-1995) жеке кешеніне арнайы ви­­триналар арналып отыр.

Сондай-ақ өз заманының асқан қайраткері болған педагогтің өмірі мен шығармашылығына қатысты музей кітапханасынан алынған басылымдар, әулеттік шежіре, ұстаз ашқан оқу орындарының картасы, шәкірт киімінің атрибуттары, араб әліпбиі жазылған жылқы жауырыны, сиясауыт пен қауырсын, Қостанай өңірінің Ақсуат ауылындағы С.Көбеев атындағы мектептің қоңырауы (музейге 1976 ж. түскен) және т.б. иллюстрациялық материалдар көрменің композициялық мән-маңызын ашып тұр.

Саналы ғұмырын қазақ балаларын білім нәрімен сусындату жолына арнаған ағартушының өмірі мен мұрасы – кейінгі ұрпақ үшін әділдік пен адамгершіліктің жарқын үлгісі. Алматылықтар мен қала қонақтарына құшақ ашқан айрықша көрме қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.

 

АЛМАТЫ