Елімізде тауарларды міндетті цифрлық таңбалау ісінің басталғанына біршама жыл болды. Жүйелі жұмыстардың, жан-жақты шаралардың қолға алынғанына куәміз. Содан бері не өзгерді? Алда қандай өзгерістер болмақ? Біз бұл жайлы цифрлық таңбалаудың Қазақстандағы бірыңғай операторы – «Қазақтелеком» АҚ Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиевадан сұрап білдік.
– Бикеш Қайдарқызы, цифрлық таңбалау кімге тиімді: тұтынушыға ма, әлде мемлекетке ме?
– Тауарларды цифрлық таңбалау – цифрлық экономиканың негізгі элементтерінің бірі. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта нарықта «көлеңкелі айналымның» үлесі көбейіп келеді. Оның алдын алу үшін арнайы жоба енгізілуде. Жаңа технологиялардың нәтижесінде әр тауарды сәйкестендіру мүмкіндігі пайда болмақ. Тауардың әр бірлігін өндірістен шыққаннан тұтынушының қолына жеткенге дейінгі тізбегі толық бақыланады. Сондай-ақ таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай жүйесі арқылы тауарды қабылдап алу-беру, қайтару, жөнелту, айналымнан шығару секілді процестерді растайтын ақпаратпен, құжаттармен жедел алмасу үшін цифрлық орта жасаймыз. Біздің стратегиялық мақсат – цифрландыру арқылы заңды бизнестің жұмыс істеуіне жағдай жасап, қолдау көрсету.
Жаңа технологиялардың нәтижесінде әр адам таңбаланған өнімнің құрамын, жасалған күнін, сақтау мерзімін оңай тексеріп, өндіруші туралы ақпаратты біле алады. Арнайы қорғанысы бар Data Matrix цифрлық кодын қолдан жасау мүмкін емес. Тұтынушы өнімді сатып алғанда, кассада аталған код сканерлейді. Сөйтіп тауар айналымнан шығарылады. Бұл оның тұтынушының қолына тигенін айғақтайды. Data Matrix коды болмаса, онда өнім контрафактілік тауар болып саналады. Цифрлық таңбалау халықтың саналы тұ- тыну мәдениетін дамытуға да ықпал етпек. Жалпы, таңбалауды енгізудің тұтынушы үшін де, мемлекет үшін де, бизнес үшін де пайдасы мол.
– Қазақстанда аяқкиімді міндетті цифрлық таңбалау осы жылдың 1 шілдесінде енгізілуі керек еді. Алайда оның мерзімі қарашаға дейін шегерілді. Біздің ел бұған дайын болмағаны ма сонда? Әлде бизнес ортақ талапқа көндікпей жатыр ма?
– Иә, аяқкиімді міндетті цифрлық таңбалау 2021 жылдың шілдесінде енгізіледі деп жоспарланған болатын. Бірақ көптеген импорттаушы күз-қыс маусымына арналған тауарларға шетелдік өндірушілерден алдын ала, яғни жарты жыл бұрын тапсырыс береді. Сондықтан көктемде тапсырыс берілген таңбаланбаған аяқкиімдер 1 шілдеге дейін Қазақстан шекарасынан өтпей қалу қаупі туындады. Осылайша, сала өкілдерімен өткізілген кеңестің нәтижесі бойынша міндетті таңбалауды 1 қа- рашада жүзеге асыру шешімі қабылданды.
Атап өтерлігі, қазақстандық аяқкиім өндірушілер цифрлық таңбалауды енгізуді қолдап отыр. Қазіргі уақытта біздегі аяқкиім тауарларының айналымы келесідей: 96 пайыз – импорт, 4 пайыз – ішкі өндіріс. Аяқкиімнің «көлеңкелі айналымы» ішкі нарықтың дамуын тежейді. Сондықтан тиісті шараларды қолдану қажет.
Жалпы, цифрлық таңбалауды енгізу – контрафактілік өнімдерден арылудың ең тиiмдi жолы. Ресми мәлімет бойынша, қазір контрафактілік өнімдер нарықтың 48,5 пайызын құрап отыр. Бұл жақсы емес, әлбетте.
– Алдағы уақытта сүт өнімдері де таңбаланады. Қанатқақты жоба да жүзеге асырылып жатыр. Десе де, кейбір сарапшылар «сүт өнімдері нарығында «көлеңкелі экономиканың» үлесі төмен, ендеше міндетті цифрлық таңбалауды енгізудің қажеті шамалы» деген пікірді алға тартуда. Бұған не дейсіз?
– Бір қарағанда, бұл саладағы 13 пайыздық «көлеңкелі айналым» басқа нарықтармен салыстырғанда аз болып көрінеді. Бірақ сүт – балалардың жиі қолданатын әрі халықтың күнделікті тұтынатын өнімі. Бұл ретте Қазақстанда сатылатын әрбір сегізінші сүт өнімі тұтынушының денсаулығы үшін қауіп төндіреді. Сондықтан аталған мәселені тиімді шешудің бір жолы – цифрлық таңбалау. Бұл жерде заманауи технологиялардың көмегіне жүгінеміз. Олар сапасыз тауарларды шектеп, өндірушіден тұтынушыға дейінгі өнімдердің бақылануын арттырады.
Тағы да ескеретін жайт, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер үшін 2021 жылдың 1 маусымынан бастап іргедегі Ресей аумағына таңбасыз ірімшіктер мен балмұздақтардың әкелуіне тыйым салынды. 8 шілдеден бастап Беларусь цифрлық таңбалауды енгізді. Егер Қазақстан технологияны енгізуге асықпаса, онда ЕАЭО елдерінің алдында бәсекелестіктің артықшылығынан айырыламыз әрі көрші нарықтарға қатысуымыз шектеледі. Керісінше, Data Matrix кодын енгізу қазақстандық өндірушілердің позициясын айтарлықтай нығайтады.
– «Міндетті цифрлық таңбалау тауар бағасын қымбаттатады» деген пікір де жиі айтылып жүр. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Баға қымбаттауы мүмкін бе?
– Бұл пікірлер шындыққа жанаспайды. Мәселен, сүт өнімдерін алайық. Қазіргі кезде аталған тауарлық топқа цифрлық таңбалауды енгізу бойынша қанатқақты жоба жүзеге асырылып жатыр. Біз жоба шеңберінде жабдыққа арналған шығындарды есептедік. Нәтижесінде, бір желі үшін таңбалау жабдықтарының құны кәсіпорын мен өнімнің көлеміне байланысты 0,5 млн теңгеден 9,2 млн теңгеге дейін өзгеріп отыратыны анықталды. Сондай-ақ өнімнің түпкілікті бағасындағы жабдық шығындарының үлесі 0,06-0,15 пайыз ғана болмақ.
Жалпы, бөлшек сауда бағасына әсер ететін факторлар көп. Соңғы 5 жылда сүт өнімдері бағасының орташа жылдық өсу қарқыны таңбалаусыз 6-13 пайызды құрады. Бұл бағаның тұрақты өсу тенденциясын көрсетіп отыр. Сондықтан тауарларды таңбалау мен қадағалауды енгізу өнімнің түпкілікті құнына айтарлықтай әсер етпейді. Қайта тұтынушы өнімнің шығарылуына және жарамдылық мерзіміне нақты көз жеткізіп, сенімділігін арттырады.
Сондай-ақ сүт өнімдерін өндірушілер үшін таңбалау жабдықтарына және кодтарға тапсырыс беруге жұмсалатын шығындардың 50 пайызына дейін өтемақыны қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылмақ.
Шағын өндіріске арналған тағы бір нұсқа – өндірістік желіге таңбалау кодтарын орнату жабдықтарын қоймай, кодты баспахана арқылы орнатуға тапсырыс беру. Бұл жағдайда таңбалау шығындары тағы 2,5-4 есе азаяды.
Аяқкиім де дәл солай. Бір жұп аяқкиім үшін цифрлық код тарифінің құны 2,68 теңгені құрайды.
Біз бірыңғай оператор ретінде Қазақстан үшін аяқкиім шығаратын 45 шетелдік зауытпен келіссөз жүргіздік. Олардың көпшілігі Ресей нарығына арналған аяқкиімді бір жарым жылдан бері таңбалап келеді. Олар Қазақстандағы жаңашылдықтарға да дайын. Бұл ретте қазақстандық аяқкиім импортының 61 пайызын құрайтын Қытай зауыттарын таңбалау қызметтерінің құны бір жұп үшін 70 теңгеге тең. Түрік зауыттары Қазақстан үшін аяқкиімді 70-100 теңгеге таңбалауға дайын. Италиялық зауыттарда таңбалаудың ең қымбат қызметі – шамамен 300-400 теңге. Бірақ бұл елден Қазақстанға келетін импорттың жалпы көлемі 0,3 пайызды ғана құрайды.
Ең қолайлы нұсқа – тауарды өндірісте таңбалау. Сонымен қатар импорттаушылардың Қазақстанға өнімді әкелген кезінде кедендік қоймада да таңбалау қызметіне тапсырыс беруге мүмкіндігі бар. Олардың қызметі импорттаушының жалпы көлеміне байланысты бір жұп үшін 30-300 теңге аралығында болмақ. Бұл сомаға жөнелту, сақтау, буып-түю, стикеттеу, сканерлеу және есепке алудың барлық қосымша шығындары кіреді. Яғни орта есеппен өндірушілер мен импорттаушылар үшін таңбалау шығындары бір жұп бағасының 0,1 -2,5 пайызын құрайды.
Қысқаша айтқанда, цифрлық таңбалау нарықта заңды түрде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің тауар бағасына аса бір өзгерістер әкелмейді. Алайда тауарларды қадағалау, бизнесті жоспарлау және дамыту мүмкіндіктерін арттырады.
– Бұған дейін елімізде тері және темекі өнімдері цифрландырылды. Соның нәтижесі қандай? «Көлеңкелі экономикамен» күресте оң әсері болды ма?
– Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне сүйенсек, тері бұйымдарын қоса алғанда, киім-кешек саласындағы «көлеңкелі» нарық көлемі 54 пайызды құрайды. Таңбалау енгізілгенге дейін бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары еді. Таңбалаудың нәтижесінде қазір тері бұйымдарын сатудан түсетін салықтар мен кедендік төлемдер едәуір артты.
Ал темекі өнімдеріне қатысты қандай да бір нәтиже туралы айтуға әлі ерте. Өйткені темекі өнімдерін міндетті цифрлық таңбалау 2020 жылдың қазан айында ғана енгізілді. Алдағы уақытта талдау жүргізіліп, тиісті қорытынды жасалады. Бір анығы, қазіргі күнге дейін 1 млрд темекі өнімі Data Matrix кодын алып үлгерген.
– Қазақстанның міндетті цифрлық таңбалау бағытындағы алдағы жоба-жоспарларымен бөліссеңіз. Тағы қандай тауарлар цифрлануы ықтимал?
– Жоспар көп. Қазір дәрі-дәрмек, қапталған су, қант қосылған сусындар, алкоголь, жеңіл өнеркәсіп және сүт өнімдері бойынша қанатқақты жобалар жүріп жатыр. Біз Еуразиялық экономикалық одақтағы кедергісіз сауданы қамтамасыз етуге, елдер арасындағы тауар айналымын ашық етуге тиіспіз.
Тауарды сәйкестендіру және оның қайда шығарылғанын, қайдан әкелінгенін түсіну және контрафактілік өнімдер елден елге өтпеуі үшін тауардың қозғалысын қадағалау қажет. «Көлеңкелі экономикаға» және контрафактілік өнімге жол бермеу тұтынушы тарапынан да жүруі тиіс. Өйткені адам денсаулығы, тауар сапасы және ел бюджеті басты назарда болуы керек.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рахмет.
Әңгімелескен Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»