Қазір келсеңіздер, Баянауылда туристік маусымның нағыз қызған шағы. Демалыс орындары түгел туристерді қабылдауда. Пандемияның «пайдасы» осы ішкі туризм әжептәуір серпіліп қалды деуге болады. Қазақстанның қай тұсында болсын, туристер үшін көрікті жерлер жетерлік.
Заң жүзіндегі бастамалар нәтижелі болса игі
Алайда сондай тамаша аймақтардың мақтауын асырып, демалушыларға толтыратын туристік фирмалардың Баянауылды елемей жататыны байқалады. Әлбетте, мұнда сұранысқа сервис сапасының да сай болуы керек екенін түсінеміз. Оның үстіне жаңа заң жобасы бойынша аймақтық туристік әлеуетті ілгерілету мақсатында шетелдік туристер үшін туристік салық енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.
Жыл сайын жаздың ыстығында Баянауылға бір барып қайтамыз. Биыл да Жасыбай көлінің суына шомылып, құмды жағалауын бала кезіміздегідей жалаңаяқ жүріп өтуге де уақыт таптық. Бұл жерде аудан әкімдігі де көлдердің жағалауын демалушыларға лайықты дайындап, жол, электр, су жеткізудегі бірқатар жобаны жалғастыруда. Туристер мен демалушылар Жасыбай көлі жағасында аудандық музей қызметкерлері ұйымдастырған экспонаттар көрмесімен танысуда. Көрмеде Қаныш Сәтбаевтың, Мәшһүр Жүсіптің және Сұлтанмахмұд Торайғыровтың мемориалдық музейлері туралы арнайы жасалған буклеттер мен эмблемалы бейсболкалар таратылды.
Ал өлкетанушы Алтынбек Құрманов демалушыларға Баянауыл жерінің тарихын баяндап, өлкеміздегі туристік маршруттармен таныстырады. Қолөнер шеберлері Мақсұтбек Көпжасаров, Нұржан Жетпісбаев, Айбек Молдабековтің қолөнер бұйымдары да көрмеден орын алған. Жергілікті «Беу, жігіттер!» халық ансамблі көрермендерге әсерлі ән салып береді.
Аудандық денешынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысы Зейнолла Тәліповтің айтуынша, туристік аймақтағы 27 демалыс орны мен 14 қоғамдық тамақтану орнына POS-терминалдар орнатылған. Парк аумағындағы бақылау-өткізу пунктінде де ақшасыз есеп жасалады. Сондай-ақ 35 демалыс үйі, 14 дәмхана мен 7 сауда нүктесі санитарлық нормаларға сай екені туралы акт алды. Туристерді қабылдайтын 21 нысан Аshyq жүйесіне қосылған.
Баянауыл аймағында туристерге арналған 4 мыңнан аса төсектік орын бар. Бір адамға арналған бөлме бағасы – 5 мың теңге. Инфрақұрылыммен қамтылуы, қызмет көрсету сапасына қарай бір тәулікке жалға алу құны 50 мың теңгеге дейін жетеді.
Аудандық комиссия Жасыбай демалыс аймағы аумағында туристік сала нысандарының санитарлық-гигиеналық, санитарлық-эпидемиялық нормалары мен талаптарын өткізу және сақтау үшін әрекет ету бағыттарын әзірлеген. Сондай-ақ демалыс үйлеріне келетін демалушылар туралы ақпараттар арнайы сайт арқылы Баянауыл ұлттық табиғи паркінің бақылау-өткізу пунктіне жіберіледі.
Тағы бір жақсы жағы, аудандық полиция бөлімінің жанынан құрылған «Туристік полиция» 2019 жылдан бастап жұмыс істеп жатыр. Аудандық полиция бөлімінің 15, облыс орталығынан келген 5 полиция қызметкері Баянауылдың халықаралық имиджін таныстыру, туристік қызығушылығын арттыру мақсатында қызмет етуде. Полиция қызметкерлері ағылшын, неміс, қытай тілдерін меңгерген.
Облыс орталығындағы Торайғыров университетінің студенті, Нигерия азаматы Салако Абраам өңір тарихымен таныстырған «Туристік полиция» қызметкерлеріне алғыс білдірді. Ол полиция өкілдерімен бірге тауға шығып, қасиетті жерлерге саяхат жасаған, сұлу табиғат кереметтері ортасында түрлі суреттерге түскен.
Енді алдағы уақытта елімізге келетін шетелдіктерге турист салығы салынады. Бұл мәселе Парламентте қаралды. Заң жобасында туристік әлеуеті жоғары аумақтарда нысандар салатын кәсіпкерлер үшін инвестициялық жеңілдіктер қарастырылады. Яғни инвестициялық жеңілдіктер, туристік қызметті ынталандыру, сырттан туристер әкелетін туроператорлардың шығындарын субсидиялау сияқты басымдықтар да бар. Екіншіден, әлемдік тәжірибені ескере отырып және жергілікті бюджетке қосымша табыс көздерін табу үшін ішкі және сыртқы нарықтарда аймақтық туристік әлеуетті ілгерілету мақсатында шетелдіктерге туристік салық енгізу және осы салық бойынша операторларды анықтау жоспарлануда. Салық мөлшерін жергілікті мәслихаттар, ал төлем тәртібін Үкімет бекітеді.
Өңірлік туризм басқармасының мәліметінше, Жасыбай демалыс аймағында көл жағалай орын тепкен демалыс үйлерінің иелері де «Ерекше қорғалатын табиғи аумақты» мақсатты пайдаланғаны үшін мемлекетке тиісті мөлшерде салық төлейді. Көл маңындағы «Қазақстан алюминийі» АҚ-тың «Кристалл» демалыс үйі, Ақсу ферроқорытпа зауытының, Екібастұздағы «Богатырь» кенішінің демалыс үйлері халықаралық талаптарға сай.
Жергілікті биолог, ғалым Қанатбек Алтаевтың айтуынша, Баянауылға келетін өзіміздің туристерді де Жасыбай, Торайғыр, Сабындыкөл жағалауына жеке-жеке бөліп, үш жерге орналастырған жөн. Бірақ бұл жерлерде су мен кәріз жүйелері, инфрақұрылымы жасалмай, көлдердің, демалыс аумағының тазалығы сақталмайды. Дәретхана таппай жүгіріп жүрсе шетелдіктерден де ұят. «Сондықтан Ұлттық парк аумағына қарасты демалыс аймақтарын туристік тұрғыдан пайдалану, демалыс үйлерінің қызметі еліміздегі заңнамалар барысында реттелуі қажет. Заң талаптарын орындамай демалыс аймағынан жерді жалға алып, өз кәсібін жасаушылар табиғатқа зиян келтіреді. Жасыбай көлі жағасындағы жекеменшік демалыс үйлерінен, кафелерден шығатын қалдық су көлге құйылуда. Табиғат қорғау шараларының жеткіліксіздігі, заманауи инфрақұрылымдардың болмауы, маңайында орналасқан ауылдарда кәріз жүйелерінің салынбауы табиғатқа зиян», дейді ғалым.
Ұлттық парктерде эко-туризм, медициналық, тарихи-танымдық туризм бағыттарына арнайы инфрақұрылымдық бағдарламалар қажет. Баянауыл – айрықша қорғалатын рекреациялық аймақ болғандықтан, қоршаған ортаны қорғау міндет деген сөз. Осы қабылданатын бағдарламалар арқылы Баянауылдағы жыл сайын айтылатын Торайғыр көлі, Сабындыкөл аумағын іске қосу қажет. Жоба жүзеге асса, Жасыбай көлі аумағына түсетін туристік әлеуеттің салмағы азаяды.
«Ал Ұлттық парктің аумағы 60 мың га болса, соның 14 мың га жеріне туристерге келуге рұқсат берілген. Заңдылық бойынша жазғы демалыс 3 ай уақыт ішінде 14 мың га жерге демалуға 35-40 мыңдай турист келуі тиіс. Қазір Жасыбай аумағында екі-үш есе көп, 150-200 мың турист демалады. Бұл жағдай табиғатқа антропогендік әсерін тигізуде. Көлдің суының лайлануы демалушылардан келген залал дер едім», дейді туризм саласының ардагері Жұмагелді Дүйсекеев.
Заңнама жүзінде туристік нормативтік-құқықтық актілер болмағандықтан, демалу ережелерін бұзу орын алуда. Оны өзіміз де барғанда көріп қалдық. Тіпті кейбір жергілікті демалушылардың көбі шатыр-күркелерін, киіз үйлерін, тұрмыстық заттарын, азық-түліктеріне дейін тиеп алып келеді. Көліктеріне түнейді. Көл жағасында самаурын қойып түтіндетіп, тіптен қазанға ет асқысы келетіндер де бар екен.
Туристік фирмалар Баянауылды неге елемей отыр?
Былтыр еліміздің үздік 10 туристік өңірі қатарындағы Баянауыл туристік аймағында 2025 жылға дейінгі арнайы бағдарлама қабылданғаны белгілі. Облыстық туризм және спорт басқармасының мәліметінше, енді бағдарлама барысында құны 17 млрд теңге тұратын 32 жоба іске асырылмақ екен. «Баянауылдағы туризмді дамыту тұжырымдамасының» жобасын Торайғыров университетінің ғалымдары мен облыстық туризмді дамыту басқармасы бірлесіп дайындаған.
«Жоба бойынша былтыр 503,7 млн теңгеге аудандағы қосымша стансадан Жасыбай көлінің жағалауына дейін қуаттылығы 35 кВт электр желісі тартылды. Торайғыр ауылына кіреберіс жол жөнделді. Ендігі бір ауқымды жоба – Жасыбай көлінің аумағына орталықтандырылған су желісін жүргізу жұмыстары басталады», дейді басқарманың бөлім басшысы С.Нұрмағамбетова.
Сонымен қатар биыл туристік маусым аяқталған соң Жасыбай көлі жағалауына жеткізетін серіппелі-серпантин жолы да жөнделеді. Кәсіби спортшылар мен демалушылардың спортпен шұғылдануы үшін шаңғы-роллерлік трасса салынады.
Торайғыров университетінің География және туризм кафедрасының профессоры Ғалымбек Ажаевтың айтуынша, жоба барысында аудандар мен қалалардағы туризмнің инфрақұрылым деңгейі бойынша емдеу-сауықтыру туризмі, сакралды туризм және өндірістік туризмді дамытуға сараптама жасалды. Қазір туризм бағыттары көрсетілген туристік-рекреациялық ресурстар картасы және тартымды жерлерді аумақтарға бөлген карта жасалды. Және де TravelPvl арнайы туристік мобильді қосымшасы әзірленді. Туризм саласы қызметкерлерін оқыту курстарының бағдарламалары дайындалды. Курсты университет оқытушылары тұрақты түрде оқытады. Бірақ кәсіпкерлер демалыс орындарында жасалған жағдайлар туралы жағымды ақпараттарды аталған мобильді қосымшаға әлі жүктемегені өкінішті.
«Жасыбайдағы сияқты Торайғыр, Сабындыкөл көлдерінде, Мырзашоқы тау курортында демалыс үйлерін салу қажет. Мысалы, Торайғыр көлінің жағалауында этноауыл құрып, квадроцикл мен атқа міну алаңын, альпинистер үшін жалтыр құзға өрмелеу, балық аулау орындарын ашуға болады. Біздің студенттер құрастырған үйлерді елдегі туристік орындарға тарату керек деп ойлаймын. Студенттер сип-панельдерден үйлерді құрастыруда. Аумағы 27 шаршы метрді құрайтын үйлерді демалыс орындарына алып бару өте қолайлы», дейді профессор Ғ.Ажаев.
Ғалымдар мен басқарманың бірлескен жобасында Аққулы ауданы Тұзқалада батпақпен емдеу санаториясын ашу, Шарбақты ауданы Маралды көлінің инфрақұрылымын жетілдіру, қалалар мен аудандарда жағалаулар ашып, оларды абаттандыру ұсынылған.
Сондай-ақ жобада өңірдегі туристік нысандардың тізімі жасалып, табиғи-рекреациялық, мәдени-тарихи, инфрақұрылымдық жүйесіне сай біріктірілді. Қазір облыста 29 табиғи-рекреациялық, 130 мәдени-тарихи, 270 инфрақұрылымдық нысан тіркеліп, жыл сайын толықтырылады.
Тағы бір мәселе, бұған дейін Баянауылдағы демалыс үйлері өңірдің туристік фирмаларымен бірлесе жұмыс істемейтіні айтылды. Облыстың туристік фирмалары Алакөл, Балқаш, Ақтау, Каспий теңізі жағалауы, Алматы облысымен тығыз байланыста болғанымен, Баянауыл демалыс аймағына назар аудармайтыны байқалған. Сондықтан жергілікті туристік ұйымдар қауымдастығы облыстық әкімдіктерге осындай жайт барын ескерткен-ді. Баянауыл курорттық аймағының демалыс үйлері өңірдің турфирмаларымен комиссиялық сыйақымен жұмыс істемей-ақ, жолдамаларды тікелей сатқысы келеді екен. Мысалы, туристерге экскурсияларды кез келген мұғалім, емдеуші апалар жүргізеді, кесенелер басына апарады.
Ал жергілікті туристік ұйымдар қауымдастығы облыстық әкімдікке өңіріміздің ерекшелігіне орай өнеркәсіптік туризмді, агротуризмді дамыту үшін кәсіпорындарды аралау алаңдарына қолжетімділік мәселесін шешіп беруді сұрайды. Мұндай кәсіптік туризм түрлері оқу бітірген жастардың, басқа да жұмыссыз жүрген мамандық иелерінің жұмыс табуына мүмкіндік береді.
Біз жоғарыда Баянауыл демалыс аймағының еліміздің үздік 10 туристік өңір қатарында екенін жаздық. Енді осы жоба аясындағы 10 бағыт бойынша республикалық бюджеттен 17,5 млрд теңге бөлінбек, 30-дан аса жоба белгіленді. Бірақ Баянауыл туризмі қашан жүзеге асары белгісіз жоба-жоспарларға тәуелді. Осы ретте облыстық Туризмді дамыту және спорт басқармасының мәліметінше, экология, көріктендіру, әуежай, жол, инфрақұрылым, инвестор тарту, маркетинг сияқты бағыттар бойынша жұмыс жоспарланыпты. Жоспар аясында қыруар қаржы демалыс аймағында инфрақұрылым салуға, жолдар жөндеуге, электр желісін тартуға, трансформаторлар, вакуумды ажыратқыштар, кабель өнімдері, тіректерге арналған іргетастар, темірбетондар тұрғызуға жұмсалады. Биодәретханалар, орындықтар, қоқыс жинауға арналған контейнерлер орнатылады. Жаңа демалыс үйлері, кешендер мен корпустар бой көтереді. Бір үміт, бір күдік.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы