• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Шілде, 2021

«30 игі іс»

921 рет
көрсетілді

Ақмола облысы «қызыл аймақтың» құрсауынан шыға алмай отыр. Осындай қысылтаяң кезде адамдардың бірін-бірі қолтығынан демеп, қамқор болуы көңіл демейді.

Өңірде «Игі істер» марафоны жалпыұлттық жобасы аясында мыңнан астам иманжүзді іс-шара жүзеге асырылды. Қайырымды жандардың көмегімен 9500 жалғызілікті адамға көп-көрім әлеуметтік жәрдем жасалды. 2600 көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыға азық-түлік себеттері таратылды.

Жаныңды елжіретер жана­шыр­­­лық­тан жастар да шет қалған жоқ. Облыстық жастар ресурстық орталығы еріктілермен бірлесе отырып, осы жоба аясында «30 игі іс» акциясын бастап кетті. Шарапаты мол іс-шара туралы құлақтанған ел қамын жеген еріктілер мен жо­ғары оқу орнының студенттері, этномәдени бірлестіктер өкілдері бар күш-жігерлерін халықтың жағдайын жақсартуға жұмылдыруда.

Осы орайда өткен қыстағы тың­ғы­лықты бір шаруаны айта кетуге болады. Солтүстік өңірдің қары мол. Қыста еріктілер 1320 ауланы тазартып, 40 тоннаға жуық қар шы­ғар­ды. Бұл жай ғана дерек болып көрінгенімен, жастар осы ісі арқылы қаншама егде адамның батасын алып, көңілдерін демдегендерін аңғаруға болады.

«Доброе сердце Lider.kz» қоғам­дық қоры өрттен зардап шеккен отба­сыларға көмектесу үшін қор ашып, 500 мың теңге көлемінде қаражат жинап, өз ниеттерін білдірді. Бурабай ауданының еріктілері өрттен зардап шеккен отбасыларға қаржылай көмек көрсетті. Мектеп оқушыларының оқу құралдарын алып беріп, қап-қап азық-түлік жіберді.

Осы орайда сәтімен сабақталған ұрпақтар арасындағы жанашырлық жайлы айта кетуге болар еді. Жастар ресурстық орталығы өміршең өнегесі мол «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігімен білек біріктіре отырып, ондаған отбасының шаруасына қол ұшын беріп, 10 жалғызбасты әкеге азық-түлік себеттерін жеткізіп берді.

–Жыл басынан бері Қазақстан халқы Ақмола облыстық ассамблеясының қоғамдық құрылымдары «Игі істер» жобасы аясында 5 мыңнан астам адамды қамтып, жалпы сомасы 60 миллион теңге қаржы болатын 180 қайырымдылық іс-шарасын өткізді. Бұл бір жағынан көмек қажет ететін отбасыларға демеу болса, екінші жағынан жас толқын үшін жақсы өнеге, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Мәнсия Есекеева.

Ел қамын жеген адамдардың назарынан жергілікті жердегі экология мәселесі де тыс қалған жоқ. Жігері мол жастар ауыл-аймақты көгал­дандырып, жүздеген ағаш көшет­терін екті.

Осындай елгезек жастардың еңбегі дәуірдің дидарын әдемі шыраймен айшықтап, халықты топтастыра тү­се­тіні хақ.

 

Ақмола облысы