Атырауда Н.Тілендиев атындағы кіші өнер академиясы бар. Академияның 11-сынып оқушысы Аслан Тілесов IT-технологияға бет бұрған. Жақында өзі ойлап тапқан QazHydrant жаңа мобильдік қосымшасын таныстырды.
– Мен IT-технологияның ерекшеліктерін 8-сыныптан бері зерттеп келемін. Бұл жобаны өрт сөндіру қызметін оңтайландыру үшін дайындадым. Жаңа қосымшаны дайындауға «Білім-инновация» лицейіндегі замандастарым Әбдікерім Нодяров пен Әділжан Салпеков көмек берді. Қосымшаны дайындаудағы мақсатым – өрт сөндірушілердің қызметін жеделдетуге қол ұшын созу. Өйткені өрт сөндіру кезінде төтенше жағдай қызметінің мамандары гидранттарды таба алмай, әбігерге түседі. Әсіресе, түнгі мезгілде табу қиын, – дейді жаңа қосымшаның авторы Аслан Тілесов.
Оқушының айтуынша, енді Google картасынан Атырау қаласындағы барлық гидранттың қай жерде орналасқанын навигациялық жүйемен анықтауға мүмкіндік бар. Сол себептен, өрт сөндірушілер мобильдік қосымшаға қызығушылық танытып отыр.
– Бұл қосымшаның әлі де жетілдіретін тұсы бар. Дегенмен жақында жобаны толықтырып, іске қосу жолдары қарастырылады. Бұған қоса, АstanaHub ұйымдастырған Smart City Accelerator байқауына қатысып, бірінші кезеңінің іріктеуінен өттім, – дейді Аслан Тілесов.
Атырау облысы