Әскерилер азаматтарды қабылдау үшін инфекциялық стационарды өрістетті, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Коронавирус инфекциясын жұқтыру фактілерінің көбеюіне байланысты Алматы қаласындағы Қорғаныс министрлігінің әскери клиникалық госпиталі инфекциялық стационарға айналды.
Стационар 150 науқасқа арналған, бұл ретте медициналық мекемеде соматикалық патологиясы бар әскери қызметшілерді, сондай-ақ әскери-дәрігерлік және дәрігерлік-ұшқыштар сараптамасын жүргізу үшін 100 орын сақталады. Әскери дәрігерлер азаматтарды госпитальға жатқызу және білікті медициналық көмек көрсету үшін қолда бар ресурстарды жұмылдырды.
«Біздің әскери госпиталь екінші эшелонға жатады. Сондықтан инфекциялық стационарға орташа ауыр және ауыр науқастар жатқызылатын болады. Бұл жағдайға біздің жеке құрам дайын. Біздің медициналық персоналдың коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарды емдеу ісінде тәжірибесі бар. Ол үшін бізде ӨЖЖ және гемодиализ аппараттарымен жабдықталған реанимация бөлімшесі, сондай-ақ қажетті дәрі-дәрмек қоры бар», деп түсіндірді Алматы қаласындағы Әскери клиникалық госпиталь бастығының міндетін уақытша атқарушы медицина қызметінің подполковнигі Абдували Палтушев.
2020 жылдың сәуірінен бастап тұрғындарға көмек көрсету үшін әскери госпиталь дәрігерлері екі рет тартылған болатын. Нәтижесінде 1 430 адам, оның шамамен 30%-і ауыр және асқынған деңгейдегі науқас дерттен айығып шықты.
Шілдеден бастап елордадағы бас әскери клиникалық госпиталь коронавирусқа шалдыққандарды емдеу үшін қайта жұмылдырылған.
Сондай-ақ, Алматы, Талдықорған және Үшарал қалаларындағы әскери-емдеу мекемесі азаматтық тұрғындарды қабылдауға дайын. Аягөз, Талдықорған, Сарыөзек және Семей әскери госпитальдарында қосымша төрт инфекциялық оқшаулағыш жұмыс істейді.
ПТР-тестілеу үшін Нұр-Сұлтанда және Алматыда екі стационарлық зертхана, Ақтау және Семей қалаларында мобильді зертханалық кешендер жұмыс істейді.