Түркістан облысының полицейлері жыл басынан бері есірткіге байланысты 260-тан астам қылмыс дерегін тіркеді, деп хабарлайды Egemen.kz облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстардың алдын алу бойынша жедел-профилактикалық және рейдтік іс-шаралар жүргізуде.
Қабылданған шаралардың қорытындысы бойынша, 2021 жылдың басынан бері полицейлер есірткіге байланысты 262 фактіні, оның ішінде 138 қылмысты және 124 есірткі таратуды анықтады. Оның ішінде есірткі сатудың - 42, есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың - 12, контрабанданың - 20, есірткі құралдарын насихаттау және жарнамалаудың - 2, есірткі егудің - 60, психотроптық заттардың заңсыз айналымының - 2 фактісі тіркелді.
Атқарылған жұмыс барысында 5 тоннадан астам есірткі заты тәркіленді. Оның ішінде, 5 тонна 85 кг. марихуана, 526 гр. гашиша, 68 гр. героин және 18 грамнан жоғары синтетикалық есірткі тәркіленген.
Түркістан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері атап өткендей, есірткінің таралуына қарсы күрес жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса бермек. Бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп, есірткісіз қоғамды қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар іске асырылатын болады.