Қазақстанда 1-сыныпқа қабылдау үшін 325 мыңнан астам өтініш түскен, деп хабарлайды Egemen.kz БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бүгінгі таңда бірінші сыныпқа қабылдау үшін 325 мыңнан астам өтініш түсті. Ата-аналарға ертең құжат қабылдаудың соңғы күні екендігіне назар аударуды сұраймыз. Құжаттарды қабылдау 1 сәуірде басталып, 1 тамызға дейін жалғасатынын естеріңізге сала кетейік», делінген білім министрлігінің хабарламасында.
Бұл мерзім болашақ оқушылардың ата-аналары мектепті алдын-ала анықтап, қажет құжаттарды уақтылы тапсырып, балаларды оқу құралдарымен қамтамасыз етуі үшін берілді. Ал мектеп әкімшілігі сыныптарды алдын ала жинақтау, оқулықтардың қажетті көлемін сатып алу, мұғалімдер арасында сағаттарды бөлу және сыныптар санына байланысты педагогтер құрамын анықтау бойынша жұмыстарды атқаратын болады. Осыған байланысты министрлік өтініштерді уақытылы берудің маңыздылығын еске салады.