Елорданың медициналық әлеуеті жылдан-жылға жаңарып, дамып келе жатқанын қызмет сапасының жақсара түскенінен, мамандардың біліктілігі артқанынан аңғаруға болады. Бас ауырып, балтыр сыздағанда барар жер, басар тауымыз емхана екені белгілі. Бас қалада медициналық тұрғыдан ілкімді істер атқарылып келе жатқаны көңіл марқайтып, көз қуантады. Әлемді әбігерге салған індет елімізді де айналып өтпеді. Дегенмен, денсаулық сақтау саласы мамандарының елеулі еңбегінің нәтижесінде қаншама адам күрделі дертпен күресіп, жеңіп шықты.
Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратұлы осы орайда жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жасырмады.
«Егер медициналық инфрақұрылымды 1998 жылмен салыстырсақ, әрине, бүгінде біз үлкен айырмашылықты көріп отырмыз. 90-жылдар аяғындағы инфрақұрылым заманауи күндерімізге еш сәйкес келмейтін еді. Қазір елорда халқы 1,2 млн-нан астам адамды құрайды. Жыл сайын Нұр-Сұлтан қаласы 50-60 мың адамға өседі, оның табиғи туу коэффициенті жылына 30 мың нәрестеден асады. Бұл да уақытылы іс-әрекетті талап ететін өте жоғары көрсеткіш. Осыған байланысты 2018 жылы Денсаулық сақтау министрлігі республиканың денсаулық сақтау желісін дамытудың ұзақ мерзімді жоспарын қабылдады. Қалада бұрын-соңды болмаған көптеген республикалық ұйымдар ашылды және олардың негізінде бүгінде бірегей медициналық технологиялар енгізілуде. Тиісінше, елордалық денсаулық сақтау жүйесі қала мәртебесіне сай дамып келеді. Біз денсаулық сақтау ұйымдарының сыртқы келбетін де, ішкі құрылымын да біртіндеп өзгертіп келеміз. Қызмет көрсетуді жақсартуға және қонақжайлылық стандарттарын («Қонажайлы медицина») – пациенттерге бағдарлауға бет бұрамыз. Жуырда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашқан «Салауатты Астана» ЖШС жанындағы жаңа емханаға барсаңыз, оның енді медициналық мекеме емес, қонақ үйге ұқсайтынын байқаған боларсыз. Біз үнемі жоғары деңгейге ұмтыламыз – бұл пациенттердің назарын аудару», деді басқарма басшысы.
Адам денсаулығын бәрінен биік қоятын ақ халатты абзал жандардың ерен еңбегі елге аян. Дей тұрғанмен, сапалы қызмет көрсету үшін медициналық мекемелердің жаңа, жайлы болғаны маңызды. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Т.Мұратұлы жаңа ғимараттарға да тоқталып өтті.
«Мысал үшін, айтып отырған жаңа жеке клиника мемлекеттік медициналық емхананың ауыртпалығын айтарлықтай жеңілдетеді. Елорданың қарқынды дамып келе жатқан урбанизациялық аудандарының бірі Есіл ауданында орналасқан. Аудан тұрғындарының көпшілігі бекітілген №9 мемлекеттік емхана қазірдің өзінде шамадан тыс жүктелген. Жеке мекеме «Жағалау» шағын ауданының тұрғындарын қамтиды. Жеке инвестордың 7 мың шаршы метрлік стандартты емхана салуға бастамашы болғаны қуантады. Бұл амбулаториялық-емханалық көмектің толық циклі бар толыққанды емхана ретінде жұмыс істейді. Сондай-ақ алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге дайын, оның ішінде оңалтуға қажетті жабдықтар бар. Бір ауысымда 500 пациентті қабылдауға есептелген. Қалада тағы осындай 3 емхана бар, бұлар болашақта қаланың әр түкпірінде орналасатын болады. Туудың жоғары деңгейі мен халықтың қалаға тұрақты көші-қонын ескере отырып, алдағы жылдары мұнда тағы 250 төсектік орын перзентхана салынады. Оның дизайны қазірдің өзінде аяқталды. №1 Перинаталдық орталық көпсалалы қалалық аурухананың құрамында қызмет ететін болады. Сондай-ақ «Астана» медициналық университеті құрамында 800 орынға арналған біріккен аурухана салынады», деді ол.
Сонымен қатар басқарма басшысы елімізде моральдық, физикалық және техникалық жағынан ескірген теміржол ауруханасы бар екенін тілге тиек етіп, оның орнына жаңа университет клиникасы салынатынын жеткізді.
«Теміржол ауруханасына келетін болсақ, оны қалпына келтіруге немесе орнына жаңа ғимарат салуға болатындығы туралы белгілі бір техникалық зерттеулер жүргізіледі. Соңғы жылдары елордада көпсалалы ауруханалар дамып келеді. Қазақстанда мұндай тәжірибені енгізу тренд немесе жаңашылдық емес. Барлық дамыған елдердегі денсаулық сақтау жүйесі осы үрдісте жұмыс істейді. Медицинадағы бұл тәжірибе өзін өзі толығымен ақтайды. Екінші қалалық аурухана мен оның сол жағалауындағы перинаталдық орталық арасында жаңа қабылдау бөлімі арасында өткел салынады. Әдетте науқас ауруханаға бір проблемамен келмейді. Сондықтан, барлық мамандандырылған мамандар бір ғимаратта болғаны өте ыңғайлы. Әмбебаптық – бұл тағы да пациентке көмек көрсетуде назар мен ықылас. Қазір біздің қалада 4 көпсалалы медициналық орталық жұмыс істейді. Бұл №1, №2, №3 көпсалалы қалалық ауруханалар және қазір көпсалалы қызмет көрсететін көпсалалы медициналық орталық», деді Т.Мұратұлы.
Пандемия медицина саласына сынақ болды
Өткен аптада Ұлттық нейрохирургия орталығында Швецияда шығарылған бірегей медициналық кешен «Гамма Пышақ» іске қосылды. Ол нейрохирургияда ең күрделі операцияларды жасауға мүмкіндік береді. Бұл мидың терең ісіктері, мидың тамырлы және функционалды аурулары кезінде наркозсыз жұмыс істеуге мүмкіндік беретін қазіргі заманғы қуатты деген технологиялық машиналардың бірі. Қазақстан осындай жоғары технологиялық жабдықтарға ие болып отырған ТМД-дағы үшінші және Орталық Азиядағы алғашқы мемлекет. Операцияның өзі ауыртпалықсыз өтеді және краниотомияны қажет етпейді. Операция бір реттік: оны сәулелік терапия сияқты бірнеше кезеңде жүргізудің қажеті жоқ. Қазақстандықтар мұндай ем-домды квотаға сәйкес ақысыз ала алатындығы назар аудартады. Бұрын науқастарды шетелге қымбат емделуге жіберуге тура келетін.
«Бүгінде қалалық денсаулық сақтауды ғана емес, пациенттердің өз денсаулығына деген жауапкершілігін дамыту қажет. Біз саламатты өмір салтын енгізуді үйреніп, ауырмауға тырысуымыз керек. Өйткені ең алдымен өз денсаулығымыз өзімізге керек. Медициналық сарапшылар адам денсаулығының тек 20%-ы денсаулық сақтау жүйесіне және барлық клиникалық дәрі-дәрмектерге байланысты деп санайды. Жүрек-өкпе аппаратын ойлап тапқан Николай Амосов «дәрігер ауруларды емдейді, бірақ денсаулықты өзі табуы керек» деген. Астарыңда бір шындық бар емес пе?», деді басқарма басшысы.
Елорда әкімі Алтай Көлгінов пандемия басталғалы бері қаланың денсаулық сақтау жүйесі айтарлықтай жаңғыртудан өткенін, жедел жәрдем машиналарының паркі толық жасақталғанын, 200 төсектік қалалық инфекциялық орталықтың ғимараты пайдалануға берілгенін мәлімдеді.
«Медициналық жоғары оқу орындары мен колледждердің 350-ден астам түлегі COVID-19-ға қарсы күрес бойынша жұмысқа тартылды, медициналық саланың кадрлық құрамын толықтыру үшін жергілікті бюджеттен қосымша 500 грант бөлінді. Жедел жәрдем машиналарының паркі 107 бірлікке толықты және біз оны 100% жабдықтадық. Жаңа ғимарат – 200 төсектік қалалық жұқпалы аурулар орталығы пайдалануға берілді», деді қала әкімі.
Сондай-ақ алғашқы медициналық-санитарлық көмек – амбулаториялық қызметтер мен емханалардың жұмысы жаңғыртылды. Бұл шаралар ауруханалардағы жүктемені азайтуға көмектесті.
«Қазір науқастар үйде емделуде, дәрі-дәрмектер тегін тасымалданады. Қашықтан емдеу ұйымдастырылды. Сондай-ақ резервтен жаңғырту жұмыстары мен медициналық жабдықтар сатып алу үшін қаражат бөлінеді. Оның ішінде қосымша оттегі резервуарлары, өкпені жасанды желдету аппараттары, рентген, компьютерлік томограф аппараттары сатып алынды. Қазір бұл біздің мамандарымызға айтарлықтай көмектесіп жатыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлерінің жалақысы едәуір артты», деді А.Көлгінов.
Пандемия басталғалы бері Нұр-Сұлтанда зертханалар саны 2-ден 27-ге дейін артты. Қазір тәулігіне 13 мыңға дейін ПТР-тест өткізуге болады. Бұл шаралар КВИ ауруының алдын алуға және науқастар қатарын анықтауды арттыруға мүмкіндік берді, бұл өз кезегінде уақтылы емдеуге әсер етеді.
«Қазір тұрғындар арасында вакциналау белсенді жүргізілуде. Бірінші кезекте өздері келіп, вакциналанған жандарға алғыс айтқым келеді. Бұл қосымша ұжымдық иммунитетті қалыптастырады және азаматтардың өзін және өзгелерді қорғайды. Бүгінге дейін 100-ден астам вакциналау пунктін аштық: барлық емхана, жеке және мемлекеттік амбулаториялық қызметтер күн сайын жұмыс істейді. Сондай-ақ біз ірі сауда орталықтарында вакциналау пункттерін аштық. Осы сауда нысандарының кәсіпкерлеріне, басшыларына, құрылтайшыларына алғыс айтқым келеді. Бұл бізге көп көмектесіп жатыр», деп атап өтті А.Көлгінов.