• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Тамыз, 2021

Тойды тоқтатпай төніп тұрған тажалдан құтыла алмаймыз

683 рет
көрсетілді

Ресми мәліметке жүгінсек, коронавирус алғаш тіркелген сәттен бастап індеттің covid-19 (ПЦР+) түрін 572 576 адам жұқтырып, одан 473 344 адам жазылып шық­­са, қайтыс болғандар саны 5 866-ға жетіп­ті. Сондай-ақ осы кезде індеттің covid-19 (ПЦР-) бойынша 60 893 адам сыр­қат­танып, оның 54 550-ы сауықса, 3 711 адам бақиға аттаныпты.

Қазіргі кезде елі­міз бойынша індеттің таралу айма­ғы мен қарқыны туралы ресми мәлімет ұсынатын coronavirus2020.kz сайтында жарияланған статистикалық көр­сеткішке жүгінсек, бүгінгі күні індеттің ек­піні аса қатерлі деңгейде. Мысалы, өткен жылы маусым-шілде айларында вирустың таралу коэффициенті күніне орта есеппен 1000-ға жуық адамды қамтыса, дәл қазір бұл көрсеткіш сегіз есе өсіп, орта есеппен рес­пуб­лика бойынша індет жұқтырушылар саны тәулігіне 7-8 мың адамды құрап отыр.  

«Еліміз бойынша коронавирустың шарық­тау шегі тамыз айында тіркелуі мүмкін, біздегі болжам бойынша вирус жұқтыру­шы­лар саны тәулігіне 9 мыңнан 11 мыңға дейін жетеді деп жорамалдаудамыз», деді Ден­саулық сақтау министрі А.Цой мырза бірнеше күн бұрын жасаған мәлімдемесінде.

Бұл дегеніміз, ел аумағында аса күрделі, алаңдарлық ахуал қалыптасады дегенді білдірсе керек. Оның сыртында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша еліміз коронавирус жұқтырудан әлем бо­йынша Кубадан кейінгі екінші орынға иелік етіпті. Мысалы, 28 шілде күнгі статистика бойынша 300 миллионнан астам халқы бар АҚШ-та 1287 адам індет жұқтырса,  Қазақстанда 6797 адам вирус жұқтырған. Ал Қытайда бір тәулікте вирус жұқтырушылар саны 100 адамның маңайында.  Сондықтан  болар бүгіннен (2 тамыз) бастап, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды қала­ларында карантин шараларын күшейту туралы шешім қабылданды.

Аталған қаулы мәтінінде көрсетілген­дей, жоғарыдағы әкімшілік аумақтарда орта­лық мемлекеттік органдар, әкімдік­тер, құқық қорғау органдары, денсаулық сақ­тау ұйымдары, БАҚ, азық-түлік дүкендері, дәрі­ханалар және тіршілікті қамтамасыз ету ұйым­дарын қоспағанда, Ashyq жобасы­на қатыс­пайтын барлық кәсіпорындар мен ұйым­дардың қызметін тоқтата тұру; ойын-сауық, спорттық, отбасылық, естелік және өзге де бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салу; мемлекеттік органдар, кеңсе­лер, ұлттық компаниялар мен өзге де ұйым­дар қызметкерлерінің 80%-ын қашық­тан жұмыс істеуге ауыстыру (вакцина салдырған­дарды және соңғы 3 ай ішінде ауырып жазыл­ғандар­ды қоспағанда) мәселесі нақтыланды.

Әрине, бәрі дұрыс. Заң талаптары­на қоя­тын кінә тіптен жоқ. Мәселе өзіміз­ге ті­реліп тұр. Жоғарыдағы қаулыда нақ­ты көр­се­тілген заң талаптарына жүрдім-бар­дым мән берудеміз. Жақында елорда ірге­сінде қоныстанған бір әулет жақын  туыс-туған, құда-жекжаттарын жинап той өткізді. Артынан білгеніміздей, той иесінің әйелі коронавируспен ауырып жүріпті.  Ақыры осы жиын-тойда болған көп адам індетке шал­дығып, алты адам қайтыс болды. Ол ол ма, бір ауылда коронавирустан қаза тапқан кексе әйелді туысқандары дәрігерлер орап бер­ген медициналық кебінінен ашып алып, қай­тадан арулап көмген. Содан сүйекке түскен апалы-сіңлілі екі адам індет жұқтыру салдарынан өмірден өтті. Айта берсек, бұл сияқты оқиға көп.

Жуықта ғана елорда іргесіндегі Қоянды ауылында жасы келген апамыз тойға барып індет жұқтырып келіп, ақыры өмір­ден өтті. Жаназасына жиналған қарақұрым халық. Сондағы айтатындары: «Өлімнен ұят күшті, өлсек өлерміз жасы үлкен апаға топырақ салмасақ болмайды». Атақты имам Ғазалидың «күн сайын көр қазатын адамның өзі өлетініне сенбейді» дегеніндей, адамдар коронавирустан өлген адамды жерлеп тұрып, өздеріне жұғатынына сенбейді.

Расын айтқанда, қазір барлық жерде – той. Үлкен қалалардағы мейрамхана, дәмхана, тойханалар адамдарды артқы есіктен кіргізіп алып, дүңкілдетіп той өткізіп жатыр. Құдай-ау, бұл халық Абай атамыз айтқандай, жа­ман­шылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып аларлық қайраты жоқ болғаны ма?! Немесе дана атамыз 34-ші қарасөзінде: «Жұрттың бәрі біледі өлетұғынына және өлім үнемі қартайтып келмейтұғынына, бір алғанды қата жібермейтұғынына қазақ амал жоқ нанады, бірақ анық өз ойына, ақылына тексертіп нанбайды», деп қалай дәл басып айтқан. Яғни ақылмен тексеріп нанбаудың кесірінен жұрт той қуалып, індет жұқтырып жүр. Тойды тоқтатпайынша, мына төніп келген індеттен құтыла алмаймыз, ағайын!