Коронавирустың таралуын болдырмау үшін Түркістан облысы аумағында орналасқан 500-ден астам тойхананы полиция қызметкерлері күзетеді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен аймақтағы апталық эпидемиологиялық ахуал талқыланды.
Аймақ басшысы вакцинациялау мен мобильді топтардың жұмысына бақылауды күшейтуді тапсырды.
«Әр тойхананың алдына бір полицей қою керек. Бұл аурудың таралуын болдырмаудың тиімді әдісі болуы мүмкін. Күрестің осы жолын да сынап көруіміз керек. Коронавирустың таралуын болдырмау үшін күресті күшейтуді тапсырамын», деді облыс әкімі.
Айта кетейік, облыста 141 вакцинация пункті жұмыс істейді. 109 пункт жылу контейнерлерімен жабдықталған. 80 жылжымалы вакцинациялау тобы бар.