• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Өнер 02 Тамыз, 2021

Сахна суреткері

413 рет
көрсетілді

Жаныңды жүз сезімге бөлейтін театр атты тылсым да таң­ғажайып, сырлы да сиқырлы өнер ордасында кімдер ойнамады деңіз! Бүкіл саналы ғұмырын театрға, сахнаға арнаған қаншама өнер саңлақтарының қайталанбас айшықты өнерлері әлі күнге дейін жадымызда сайрап тұрғандай.

Осы орайда Қазақ КСР-нің халық әртісі атанған ерекше талант иесі Сейфолла Пірімұлы Телғараев туралы сөз ете отырып, оның жеке өміріне қатысты тың деректерді де оқырманға ұсынбақпыз.

 Тоғысқан тағдырлар

Он жетіге енді толған балаң жігіт 1927 жылы Қызылордадан Алматыға арман қуып келген-ді. Әсем қаланы ұнатқаны сонша – күні бойы көше кезуші еді. Бірде кешке қарай Сауда көшесінің (қазіргі Жібек жолы) бойымен қыдырыстап келе жатып, қолмен бір жапырақ қағазға жазылған хабарландыруға көзі түседі. Онда «тоғыз жылдық мектеп-интернатта Камал Қармысұлы мен Күләш Бейісова концерт көрсетеді, ән салады» деп жа­зыл­ған. Астында басталатын уақыты да жазылған. Сағатына қарап еді, уақыт таяп қалыпты. Жылдамдата солай қа­рай беттеді.

Мектепке жиналғандардың дені жас­өспірімдер екен. Бірен-саран үлкендер де байқалады. Сәлден соң шымылдық ретінде екі ұшын байлап қойған мата айқара ашылды да ойын-сауық басталды. Алдымен Асқар Тоқ­ма­ғамбетовтің «Екі заң» пьесасына негізделген қойылым көрсетілді. Онда Күләш қыздың, Камал жігіттің рөлін ойнады. Соңынан Күләш пен Камал кезек-кезек ән салды.

Жастардың өнеріне тәнті бол­ған Сей­фолла концерттен соң іле-шала екеуімен кездесіп, тез-ақ тіл табысып кетеді. Дәл осы күні басталған таныстық әрі қа­рай тамырын тереңдете түсті. Бер­тін келе олар ажырамас дос, жолдас болып, өнер­дегі өзек­тес, үзеңгілес әріптеске айнал­ды. 1972 жылы Камал досы 60 жас­­қа толғанда Сейфолла «Социалис­тік Қазақ­стан» («Егемен Қазақ­стан») газетіне «Та­лант табиға­т­ы» (22 сәуір, 1972 жыл) де­ген тақырыппен үлкен мақала жазып, өзінің біраз сырын ақтарды. Дегенмен бұл мақалада айтылмай қалған жайлар аз емес еді.

1927 жылы Алматы қалалық комсомол ұйымы «Жұмысшы жастар театры» (ТРАМ) деп ата­латын Бүкілқалалық жастар үйір­месін ұйымдастырады. Үйір­меге өнерден хабары бар, азды-көпті шы­ғармашылық тәжірибе жинақтаған, осыған дейін әр­түрлі мектептерден өт­кен, ерекше дарынымен танылған өнер­паздар тартылды. Оның алғашқы мү­шелері болып болашақ Қазақ ұлттық театрының әртістері Қапан Бадыров, Кү­ләш Бейісова (Байсейітова), Камал Қа­р­мысов, Сейфолла Телғараев қабыл­данды.

Міне, осы кезден бастап Сей­фолланың театр, сахна, көрермен туралы түсінігі қалыптаса бастады, алғашқы сәттен-ақ «өнер» деген құдіретті күшке аңсары ауып, бар ықыласымен ден қояды.

 Режиссерліктен –

актерлікке

«Жұмысшы жастар театры»­ екі-үш жылдың бедерінде кө­рер­мендеріне кәдімгідей-ақ та­­­­ны­лып қалды. Оның мүше­ле­­рі де есейе түсті. Өзіндік бір­ша­ма тәжірибе жинақтап, ше­бер­­ліктерін шың­дап, актерлік дағ­дыларын жетілдіре білген көр­кем­өнерпаздар болашақта кә­сіби театр ашуға ұмтылды. Егер 1931 жылы Қызылордадағы ­театр ұжы­мы Алматыға көшіп келмегенде, бәлкім ашар ма еді, кім білсін?

«Жұмысшы жастар театры­ның» жұ­мысына әу бастан-ақ мұрындық болып жүрген қалалық комсомол ұйымының жетекшілері оларға одан әрі қамқорлық жа­сауды ұйғарып, ұжым ішіндегі талантты, қабілетті бір жасты оқуға жіберуге шешім қабылдайды. Сәті түсіп, бұл таң­дау Сейфолла­ға бұйырады. Сөйтіп 1931 жылы ол Мәскеудегі Бүкілодақтық Ле­нин­шіл комсомол жастар одағы Ор­та­­­лық Комитетінің (ВЛКСМ) жа­нын­­да­ғы «Жұмысшы жастар театры» ре­жис­серлерінің курсына оқуға жібе­ріледі.

Мәскеудегі курста оқыған аз ғана уақыттың ішінде Сейфолла актерлік ше­берлік мектебінің классикалық үлгісімен алғаш рет танысты. Театрдағы режиссура, сахнадағы сөйлеу мәнері, қимылдау техникасы, тіпті грим мен жарық түсіру сияқты қа­рапайым мәселелермен де бет­пе-бет келді. «Театр» деген ға­ламат әлемнің енді ғана есігін аш­қандай әсерде болған ол ерекше қанаттанды. Кейін, оның оқу­да көкейіне түйген, көрген, біл­гендері мен үйренгендері театр сахнасында шын мәнінде кәдеге асты.

Оқудан соң оны комсомолдық жол­да­мамен Қарағандыға жібе­реді. Мұн­да шахтерлердің «Жұ­мысшы жас­тар театрының» же­текшісі ретінде шығар­машылық әрі ұйымдастырушылық жұ­мыс­пен шұғылданады. Әсіресе ре­жис­серлікке, жаңа спектакльдер қоюға баса назар аударады. Қыс ортасына дейін бес-алты спектакльді сахналайды. Бірақ жергілікті жердегі шағын топпен шағын спектакльдер қоюды місе тұтпаған жас талант құлашын кеңге сермеп, үлкен сахналарды бағындыруды армандайды. Осы арманның жетегімен Сейфолла 1932 жылы Алматыға келеді де, мемлекеттік театрға актер болып жұмысқа орналасады.

 Ғұмыр бойы бір театрда

Отызыншы жылдардың басы театр ұжымының жаңаша бір қалыптасу, шығармашылық жа­­ғы­нан өсу, алға ұмтылу ке­зе­ңі болды. Қалибек Қуа­ныш­­баев, Серке Қожамқұлов, Елу­бай Өмір­­­зақов, Қанабек Байсе­йі­тов, Кү­­ләш Байсейітова, Құр­ман­бек Жан­дарбеков, тағы бас­қа да қа­зақ театрының негізін қа­лау­шы­лардың ізінен ерген екін­­ші тол­­­қын таланттар легін то­­лық­тырды. Шә­кен Айманов, Қал­­­кен Әділшінов, Камал Қар­мы­сов, Сәбира Майқанова, Жағ­да Өгізбаев және басқалары театрға жаңа леп ала келді. Осы тізімнің бел ортасында Сейфолла Телғараев та бар еді. Бұл аталған актерлер ондаған жылдар бойы театр ұжымының негізгі тірегіне айналды.

Аталған кезеңде де және одан кейін де Сейфолла ойнаған рөлдер екі бағытта – драмалық және комедиялық жанрда өр­бі­ді. Тіпті бір күлдіріп, бір жы­лататын траго-комедиялық си­пат­тағы рөлдер де аз болмады. «Абай» трагедиясындағы Бай­мағамбет пен Жиренше, «Ең­лік-Кебектегі» Жапал, «Аман­гелдідегі» Ты­мақбай, «Қобы­лан­дыдағы» Қараман, «Шоқан Уәлихановтағы» Жайнақ, тағы басқа толып жатқан сахна кейіп­керлері көп жыл өтсе де әлі күнге дейін аға ұрпақ­тың жадында.

Отандық авторлардың пьесалары негі­зінде қойылған спектакльдерде жеткілікті дәрежеде ойнаған актер сахналанған аударма пьесалардағы бейнелерді де шебер сомдайды. «Отеллодағы» Родриго, «Ревизордағы» Боб­чинский, «Шыңырау түбіндегі» Лука, «Екі қожаға бір қыз­мет­кердегі» Труфальдино, «Асауға тұсау­дағы» Грумио, тағы бас­қа­лары тұтас бір сахналық кейіп­керлер галереясын құрайды.

Бүкіл өнерсүйер қауымның, жазушы, драматургтер мен театр­ зерттеушілерінің ықыласы­­на бөленген Сейфолланың кезін­де Мұхтар Әуезовтің де назары­на іліккенін айта кеткен жөн. Жаңа қо­йылған спектакльдерді мін­детті түр­де көріп, ол туралы өз пікірін үнемі біл­ді­ріп отыратын Мұхаң 1937 жылы «Қа­зақ сахнасындағы аударма пьесалар» (М.Әуезов, «Уақыт және әдебиет». Қазақ мемлекеттік әде­биет баспасы, 1962 ж.,) деген ма­қаласында сәтті шыққан «Ре­визор» спектаклін «қазақ теат­ры үшін тарихи табыс» деп атай келіп, «актерлердің ішінде Қалибек, Камал, Елубай, Мәлике, Серке, Шәкен, Сейфолла, Айша, Сәбира, Әбен, Жыныспектер... сүйсінерліктей еңбек етіп шықты» деп жазды.

Ұлы жазушымыз соңғы жылдары жаз­ған мақалаларында да С.Телғараевтың «сахнадағы өмі­рі» туралы әр кез сөз етіп отыр­ған. Тіпті 1949 жылы жазған бір мақаласында (жоғарыда аталған жи­нақта) пьесада кейіпкерді өз дәрежесіне жеткізе алмаған ав­тор­дың кемшілігін тілге тиек етіп, сол рөлді спектакльде ойнаған Сейфолланың кінәсі жоғын айтып, араша түседі. «Телғараевқа Қоқым образының өзі екіұдай болғандықтан әзірше қояр кінә да жоқ» деп нақтылайды. Оның бұл пікірі «әу баста толыққанды кейіпкерге айналмаған образдың сахналық нұс­қа­сының солғын шығуын актерге жап­пайық» дегенге саятын сияқты.

Актер сахнада қырық жылдан аса еңбек етіп, екі жүздей рөлді ойнаған екен. Әлемдік, орыс және қазақ драматур­гия­сының інжу-маржандары саналатын спектакльдер еліміз­дің театр тарихын қалыптастыр­ған кесек дүниелер десек, сол спектакльдердің бәріне дерлік қа­тыс­қан С.Телғараев тұ­тас бір за­манның сан қырлы, алуан-алуан кейіпкерлерін сом­даған сахна-­ның саңлақ сардары іспетті.

 Комедия құдіреті

Сейфолланың бүкіл әртіс­тік өнерін сөз еткенде шығармашы­лы­ғының өне ­бо­йына негізгі ар­қау болып өрілетін ко­­медия жан­рын айтпай кету мүмкін емес. Жа­ратылысынан жаны жай­саң, ақ­кө­ңіл, адал да аңқау жан – үл­кен адам­гершілігімен де ерек­ше­ленетін тұлға. Ол – сол ішкі жан дү­ниесіндегі пәктік пен тазалық­ты өзі ойнаған рөлдердің бойына ­«дарыта» алатын, сол шынайы­лық­ты көрерменге айна-қатесіз жет­кі­зе алатын та­лант иесі. Әсі­ресе «Еңлік-Ке­бектегі» Жапал рөлі актердің «төл­құжатына» айналды. Рөлді ойнаған Сейфолла мен Жапал бір қолдың саласын­дай бірігіп, қабысып кеткен тә­різді. Бұл, әри­не, оның сол рөл­мен іштей үйлесімділігі, жан­ дү­ние­сінің со­ған жақындығы. Сол арқылы ол көрер­менін өзіне кәміл сен­діреді.

Жапал, «Шоқан Уәлиханов­тағы» Жай­нақ, «Кек кеттідегі» қойшы бала – бір-бі­ріне өте ұқсас, жақын тұлғалар. Үшеуі бірін-бірі толықтырып, қазақ сахнасында тұңғыш рет классикалық нұсқадағы комедиялық кейіп­кер­лер тобының пайда болуына тікелей әсер етті. Осы ізбен тек қана комедиялық емес, дра­малық және трагедиялық бейнелер тобы да өнер айдынына жүзіп шықты.

Халық әртісі туралы көлемді тамаша зерттеу мақаласын жаз­ған Халық жазушысы Тахауи Ах­та­нов оның шын мәнінде ак­тер ретін­дегі, қарапайым адам ре­тіндегі ас­қан талантын жо­ғары баға­лайды. «Советтік Қазақ­станның бү­гін­гі ең ірі әртістерінің бірі Сейфол­ла Тел­ғараев жайлы сөз қозғаған­да оны осы қазақ сахнасының қарашаңырағын көтеруші алып топтан бөліп, жеке даралап әкете алмаймыз. Өйткені: оның таланты өзгеге ұқсамай оқшау тұр­ға­нымен – әртістің туған топы­ра­ғы, тамыр тартып өскен ортасы осы қауым» деп жаза келіп, «Сейфолла Тел­ғараев – негізінен күлдіргі актер. Ол қазіргі қазақ сахнасының ірі комиктерінің бірі» деп атап көрсетті (Т.Ахтанов. «Кө­­кей­кесті». «Жалын» баспасы, 1980 жыл).

Аталған кітаптағы «Ақжар­қын талант» деген мақаласында жазушы, дра­матург мына бір оқиғаны ерекше тол­ғаныспен еске алады. «Сәуле» драмасын­да Құдайбергеннің рөлін орында­ған Сейфолла әйеліне ашула­нып, қатты ұр­суға тиіс еді. Айқайы тым зәрсіз болып шы­ғады. Ре­жиссер мен автор екі-үш күн әуре­ленгенмен оның бойынан ашу таба алмай қояды. Ақыры, режиссер басқа амал тауып кетеді. Ол кісі өмірде де сон­дай адам еді. Біреуге ұрсуды, кеюді біл­мейтін. Оның қатты ашуланғандағы айтатыны «өй, ақымақ!» деген сөз болатын.

Театр сахнасында ойнаған дра­ма­лық, комедиялық рөлдерінен хабардар ре­жиссерлер оны ки­но­ға түсуге шақыра­ды. Киноның сах­надан айырмашылы­ғы­на қа­рамастан, бұл міндетті де тама­ша орындап, кино түсірушілердің үмітін ақ­таған талант иесі енді театрдың ғана емес, көрермені көп, ауқымы кең кино­ның да белгілі актеріне айналады. Қазақ киносының «Алтын қорына» ен­ген бірнеше фильмдерге қа­тысуы – со­ның дәлелі. «Алтын мү­йіз», «Біз осын­да тұрамыз», «Шабандоз қыз», «Ал­дар Көсе», «Қыз Жібек», тағы басқа жиырмадан аса фильмде ірілі-ұсақты кейіпкерлерді көрермендерге тар­ту етті. Бұған оның сол кездегі әуе толқы­нында жиі берілетін көп­теген радио қойылымға қа­ты­сып, табиғи даусымен рөл­дерді дыбыстауға атсалысуын қос­саңыз, шығармашылықпен шұ­­ғылданудың жауапкершілігін, қиын­­дығын жете сезінгендей боласыз.

Айтылмаған ақиқат

Отызыншы жылдардың ба­сында қоғамда неше түрлі ке­леңсіздіктер орын алғаны тарих­тан мәлім. Мұндай тұрақсыз жағ­дайлар жергілікті халықтың азап­ты өмірін одан сайын то­заққа айналдыр­ды. Оған «жы­ғылғанға жұдырық» бо­лып келген ашаршылық атты зұлматты қосыңыз. Балалық пен жасөспірім ша­ғы «Балапан – басына, тұ­рымтай – тұсына» кеткен сол за­манға тура келген Сейфолланың басынан ешкім сипай қойған жоқ. Бүкіл ел сияқты бір күн аш, бір күн тоқ болып күнелтіп жатты.

Бірде балалық қиялға беріліп, үлкен­дерге еріп қалаға кетті де, кері қайтпай қал­ды. Екі-үш күн көшеде жүріп, шар­шап, сүлдесі құрып, біреулердің сілтеуі­мен Қызылордадағы «Балалар үйіне» табан тірейді. Мұнда ол «аты-жөнімді білемін, бірақ ешкімім жоқ» деген жауаптан танбай қоя­ды. Сөйтіп құжат бойынша «тұл жетім» болып шыға келді. Өмірбаянында да «жетіммін, балалар үйінде тәрбиелендім» дегеннен басқа мәлімет жоқ.

Бірақ «тауық жоқ болса, жұ­мыртқа қайдан шықты?» демекші, шын мәнінде оның отбасы да, туған-туысқандары да бар еді. Кезіндегі қатыгез, запыран құсқан заманнан қорқып, жалған айт­қаны үшін оны ешкім кінәлай қоймас. С.Телғараев Қызылорда облысына қа­расты Жалағаш ауда­нындағы Аламесек деген жерде туған. Кіші жүзден тарайтын Шөмекей аталығына жататын әкесінің, ағаларының, туған-туыс­тарының ата­қонысы да осы жер. Шөмекейден бері қарай Бозғыл, Сарбай, Дәурен, Бөл­те, Сәмет, Аткелтір, Телғара болып жалға­сады. Ал Телғарадан туған екі ұлдың – Ерімбет пен Пірімнің ұр­пақтары бар­шылық. Пірімнен Сәдуақас, Мәлік, Әбіл­мәжін, Шах­нама, Сейфолла деген бес ұл туған. Ағайындылардың ең үл­кені 1901 жылы туса, кенже ұлы Сей­фолла 1910 жылы дүниеге кел-­ген. Бұл де­ректерді оның өз аузы­нан естіп, жа­зып алғандықтан ұр­пақтарына да, оқыр­мандарға да жеткізуді өзімізге парыз санадық.

Сахнада немесе кинода ойна­ған кейіп­керлерінің болмысын, жан дүниесін, түйсігі мен сезімін көрерменнің жүре­гі­не ұялата білу, соған иландыра білу актердің ең басты мұраты екені даусыз. Осы мұрат үдесінен шыққан, елі­не, туған халқына, соның өнеріне өмір бойы қалтқысыз қызмет еткен талант иесі 1975 жылы 27 тамызда дүниеден өтті. Мақаламыздың соңын Т.Ахтановтың жоғарыда аталған кітабында жазға­нын­дай «Кейбір суреткерлердің өнері өздерінен әлдеқайда бұрын өліп қалып, атақ-лауазым оларды құлатпай демеп тұратын балдаққа айналады. Ал Телғараев болса сол атақтың өзіне сән беріп, салмағын арттырып тұратын суреткер» деген сөзімен түйіндеуді жөн көрдік. Ендігі жерде оның есімі ескерусіз қалмай еленіп жатса құба-құп болар еді.

 

Бақтияр ЕРІМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan» газетінің ардагері