Жуырда Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев пен облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов аймақ орталығындағы бірнеше медициналық мекемелерге барып, дәрігерлермен кездесті. Медицина қызметкерлерімен жүздескен шаһар басшысы мен мәслихат хатшысы емдеу мекемелеріндегі бірнеше мәселені назарға алды.
Көпбейінді облыстық аурухана жанындағы 7 650 шаршы метрді құрайтын автотұраққа күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Бүгінде аумақ тегістеліп, асфальт жабындысы төселіп жатыр.
Ал көпбейінді қалалық ауруханада қала басшысы мен мәслихат хатшысына мекеменің бас дәрігері Бауыржан Төлегенұлы қазір 220 науқас емделіп жатқанын, қажетті жабдықтардың жеткілікті екенін айтты. Ал ауруханадағы тапшы мамандарды сырттан шақыру керек. Бірақ оларды баспанамен қамту қиындық туғызып отыр. Бас дәрігер айтқан мәселені қала басшысы назарға алатын болды.
Жаңадан салынған 200 орындық модульді жұқпалы аурулар ауруханасында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов бүгінде мекеменің құжаттарын рәсімдеу жұмыстары аяқталғанын жеткізді.
– Заманауи үлгіде салынған ғимаратта науқастарды емдеу үшін барлық жағдай жасалған. Эпидемиялық ахуал ушығып тұрған қазіргі кезде ғимаратты газға қосып, айналасын абаттандырып, апта ішінде ашылуына бар күшімізді саламыз, – деді қала әкімі Ғанибек Қазантаев.
Қызылорда