• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 03 Тамыз, 2021

Кимешек

3780 рет
көрсетілді

Кимешек – қазақ әйелдерінің дәс­түр­лі ұлттық бас киімі. Көшпелі тұр­мыс-салттың нәтижесінде пайда болған. Кимешекті республикамыздың кей өңірлерінде шылауыш деп те ата­ған. Сонымен қатар бұрама жаулық, иек­ше, т.б. атаулары да кездеседі. Кимешекті көбінесе ақ матадан, кей­де ақ жібектен адамның басына лайық­тап пішіп, тігеді.

Кимешек әжелердің салтанатын, биік­тігін, тазалығын білдіреді, сонымен қатар басын шаң-тозаңнан сақтап, шашы қобырап тұрмауына септігін тигізеді. Кимешек басты, кеудені, иықты және арқаны жауып тұратындай тұйық етіп тігіледі. Тек адамның бет-әлпеті ашық тұратын жері ойық болады. Ойықтың екі жағы, кеудеге келер тұсы кестеленіп әшекейленеді, ұшына күміс теңгелер, моншақтар тағылады. Бұл кимешекке сән береді, әрі төмен қарай басып, жазылып тұруға әсер етеді. Әр өңірдің әйелдері киетін кимешек негізінен ұқсас болғанмен, үлгісінде және өрнегінде кейбір айырмашылықтар бар.

С. Мұқановтың әдеби-мемориалдық музей-үйінің  жатын бөлмесіндегі киім сө­ре­сінде ілініп тұрған ерекше жәдігер – киме­шек музей келушілерінің назарын аудар­тып, әрдайым олардың көкейлерінде «Бұл жазушының жары – Мәриям апай киген кимешек пе?» деген сауал оятады. Музей экскурсоводы бұл кимешекті Мә­риям Қо­жах­метқызына атақты актриса, Қазақ­стан­ның халық әртісі Бикен Римова сыйға тарт­қанын баяндайды.

Кимешек ақ түсті. Жалпы тігілу пішіні екі бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі – басқа иекті айналдыра киетін жамылғы. Оған  қанық сары және ақшыл сары моншақтармен көмкеріліп, әдемі гүл тәріздес өрнектер түскен. Кеудеге түсіп тұратын тұсына әр жерден ақ, жылтыр моншақтар тігілген. Төменгі етегі ішке қарай қайырылған. Екін­ші бөлігі – түндік.  Ақ матаның ішіне қатты қағаз (картон) салып, айналдыра дөңгелене тігілген. Үстінен жартылай қосымша сары түсті мата жүргізілген. Оған жасыл түсті өрнектер араласқан. Жоғарғы жағынан ете­гіне дейін әр жеріне сары жылтыр мон­шақтар тігілген.

Бикен апамыз Мұқаң, Ғабең, Сәбең секілді ұлы тұлғалардың көзін көрген, олар­дың отбасымен аралас-құралас болған. Сахнадағы ғажайып өнерінен бөлек, ол он саусағынан өнер тамған шебер, ісмер екен. Ол кісі қолы қалт еткенде өзіне көйлек, балаларына киім-кешек тоқығанды ұнатқан. Ал мына өз қолымен өрнектеп тігіп, сыйға тартқан кимешекті  Мәриям Мұқанова  1960 жылы Сәбеңнің 60 жылдық мерейтойында киген. Мәриям апай сол тұста 50 жаста болған. Музей кешені қорында осы мерейтойда Мәриям апайдың кимешекті киіп, Сәбеңмен бірге түскен  фотосуреті де сақталған. Кимешекті музейге  Жанна Сәбитқызы Мұқанова сыйға тартқан.

 

Назгүл АЛТАЕВА,

 «Алматы қаласы музейлер

 бірлестігіне» қарасты

С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық

 музей кешенінің ғылыми бөлім жетекшісі