Оралдағы жұқпалы аурулар ауруханасында «жәрмеңке» ұйымдастырып, жұмыс орындарын саудалаған әйел анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz Astanatv.kz-ке сілтеме жасап.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, ол жұқпалы аурулар ауруханасында санитарлардың жұмыс орындарын ұсынған. Қызмет құны 150 ден 400 мың теңгеге дейін болды. Адамдар жұмыс орындарын сатып алу үшін несие алып, ақша берген. Алайда, алаяқтың құрығына түсіп, уәделенген жұмыс орындарын ала алмаған.
«Мен жақсы жалақысы бар жұмыс іздедім. Таныстар маған тиісті бос жұмыс орны туралы айта бастады. Жанара маған хабарласып, 150 мың теңге төлеу керектігін айтты. Бұл ақшаны мен пайызбен қарызға алдым. Ол ақшаны алып, берген уәделерін орындамады. Енді ақша да, жұмыс та жоқ», деді Орал қаласының тұрғыны Рая Исмағұлова.
Алаяқтың айтуынша, барлығы 16 шілдеден бастап жұмысқа шығуы керек еді. Зардап шеккендер бұл схеманың артында жұқпалы аурулар ауруханасы қызметкерлерінің бірі тұр деп санайды. Бірақ мекеме директоры бұны жоққа шығарды.
«Біз арыз жаздық. ІІД бізге ешкімге шығын келтірілмегенін, ақша қайтарылғанын хабарлады», деді Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметова.
Аталған оқиға бойынша полицияға барлығы 70 өтініш келіп түскен. 1991 жылы туған азаматша алаяқтық жасағаны үшін ұсталды. Полиция оның осындай 30 фактіге қатысы барын анықтады. ҚР ҚК-нің 190-бабы, 3-бөлігі «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.