• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 03 Тамыз, 2021

Хосенің қос өлеңі

644 рет
көрсетілді

2013 жылы, арада жүз отыз бес жыл өткен соң, Гватемала мем­ле­кетіне келген Куба елшісі ескі қорым­дағы бір жас қыздың бейі­тіне ес­керткіш тақта орнатты. Онда ал­тын әріптермен мынадай сөз жа­зылған еді:

«Сезінемін, сәт туғанын –

Сырды ашатын – дертті арман:

Гватемалалық қыз туралы,

Ғашықтықтан мерт болған!

Мұнда Мария Гарсия Гранадос жа­тыр, ол – «Ла Нина де Гва­темала».

Куба Сыртқы істер министрлігі»...

Әлқисса. Сыртта – он тоғызыншы ғасыр, ал ақ мәрмәрдан қаланған зәулім сарайдың ішінде – бейне бір аққудай шәки басып, әнтек күлген сұлу бойжеткен ән салып, айнала билеп жүр. Ол мәңгілік махаббат жайлы, бір-біріне ынтыққан қос жүректің, бәлкім, ешқашан да қосыла алмайтын қос жүректің сағынышы жайлы ән салатындай. Ол – Мария Гарсия Гранадос еді. Гватемаланың экс-президенті, генерал Гарсия Гранадостың жалғыз қызы.

1877 жылы, Куба халқының ұлт қа­һарманы, «Куба азаттығының киесі», ақын, журналист, ұстаз Хосе Марти-и-Перес өз еліндегі саяси қысымнан жер ауып, Гватемалаға келеді. Әрдайым үйінде саяси элита мен өнер интеллигенциясына арнап қонақасы беретін генерал ақынды да шақырады. Өзінің туа бітті шешендігі және кісі баурап алатын көркем мінезімен Гватемалада «Доктор Торронте» атанған Хосе Марти бұл шақырудан бас тартпайды. Мария бір көргеннен ақынды ұнатып қалады. Одан кейін Орталық Америкадағы Қыз­дар академиясында Хосе Марти философиядан дәріс оқып жүреді. Оның алғыр шәкірттерінің бірі – тағы да сол Мария. Біз біраз алға ұзап кеткен секіл­діміз. Кейін сол қонақасыда болған М.Б.Мартинес деген кісі осы оқиғаны былайша еске алады: «Гватемалаға кел­геніне екі күн болған ақынды генерал құрметтеп үйіне шақырды. Сиқырлы би шеруін тамашалап отырғанымызда Хосе Марти менен «Мысырлық ханшайым­ша киінген анау сұлу қыз кім?» деп сұра­ды. «Генералдың қызы Мария» дедім. Оның сұлулығы мен биіне ақынның арба­лып қалғанын бірден аңғардым». Марти мен Мария арасындағы сезім ұшқы­ны осылайша жалт еткен еді. Алайда ақын Мексикада өзінің қалыңдығы қалып кет­кенін де айтқан сыңайлы. Себебі «Сіз­­дің Гватемалаға қайтып кел­гені­ңіз­ді естідім. Алайда менімен кез­десуге кел­­медіңіз. Неліктен? Бірақ маған бола са­парыңыздан қалмаңыз. Сіз қалың­ды­ғыңыздың бар екенін, оған үйленуге мо­ральдық міндеттеме алғаныңызды әр­дайым жадыма салушы едіңіз. Сонда да, тезірек келуіңізді өтінемін» дейді Мария ақынға жазған хаттарының бі­рінде. Бірақ ақын сол сапарында өзінің қалыңдығын ерте келеді. Ақын келген күні өзенге шомылуға кеткен Мария­ның өлі тәні ғана табылады. Дәрігер­лер «өкпесіне суық тиген» деген ұйғарым­ға келеді. Жас сұлуды жерлеу рәсіміне қатысқан ақын кейін Марияны мәңгілік өлмес жырдың музасына айналдырады. Енді оның әлем әдебиетіндегі есімі – «Ла Нина де Гватемала». Ақынның осы даңқты өлеңін оқиық:

Сезінемін, сәт туғанын –

Сырды ашатын – дертті арман:

Гватемалалық қыз туралы,

Ғашықтықтан мерт болған!

Жасмин мен лала гүлі,

Жансыз жүзін көмкерді,

Бауырына алды дала мұңын,

Бауырына оның дерт енді.

Сүйген еді ол... ерте ме еді?!.

«Күтем» деген, серт етіп,

Жігіт... жарын ерте келді,

Қыз сезімін тәрк етіп.

Ел бетке алды жас қабірді,

Ауыр табыт көтеріп,

Жұрт ағылды – жас төгілді,

Көздің құны өтеліп.

...Келді жігіт! Шерте келді,

Арман әнін, жарқ етіп...

Бірақ жарын ерте келді,

Қыз жүрегін тәрк етіп!

Неге, сәулем, бұлай еттің,

Қоңыраулатты-ау күй өктем!

...Суық жүзін жылай өптім,

Суығы өтті сүйектен.

...Өлі тәнін кеткен суып,

Өзеннен ап, көп деді ел:

«Өкпесінен өткен суық»,

Жоқ, жүректен өткен ол!

Неге, сәулем, бұлай еттің,

Жиып кеп ем бар гүлді!..

Қос қолынан жылай өптім,

Қабір алды-ау сол гүлді!

Молаңнан кеп алып кетті

мені...

Сені – алды түн!..

Жарық кетті!

Зарық кетті!

Қалып кетті жалғыз үн...

(Өлеңді аударған: Е.Жүніс)

Ақын Марияны тек гүлдердің арасында қалғандай елестететіні өлеңнен анық аңғарылады. Ең таңғаларлығы, қалалық зираттың қызметкерлері кейбір түндерде қорымнан бір қыздың ән салған дауысы естілетінін және «менің зиратыма гүл қойыңдаршы» деп жүретін ақ көйлекті қызды үнемі көретіндерін айтады. Бұл да бір қалалық аңыздардың бірі болар. Алайда осы бір ғасырдан астам уақыт бойы Марияның құлпытасынан жасмин мен лала гүлі үзілмеген екен. Қабір басында әрдайым жаңа ғана жұ­лын­ған гүлдер жатады екен.

Хосе Мартиге қалыңдығы Кармен Заяс Базан ұл сыйлады. Ақын үшін Мария Гранадос образы махаббат музасы ғана емес, революция жанкештілігінің бейнесіне айналса, ұлы Хосе Франциско – революция жасампаздығының және жеңісінің культіне айналған секілді. Ақын­ның өзі «Исмаэлло» деп еркелеткен жал­ғыз ұлының екі жасқа толған ту­ған күнінде жазған өлеңін оқып көрелік:

Жас ханзада құрметіне,

Бұл мейрамды ойлап таптық.

Жас ханзада құрметіне,

Мерекенің отын жақтық.

Оның толқын сүмбіл шашы,

Иініне төгіледі,

Қос жанары сəуле шашып,

Қос жұлдыздай көрінеді:

Жалт етеді таңғы нұрдай,

Жарқ етеді сөнбеу үшін;

Ол мен үшін – жастығымдай,

Тəж бен семсер – ол мен үшін!

Қанқұйлымен алысқанда,

Қалт етпейтін берік, бекем –

Менің қолым – ол ұстаса,

Балауыздай еріп кетер.

Қабағы сəл түйілсе егер,

Қабағының астындамын,

Көзіне жас үйірсе егер,

Көзіме алам жастың бəрін.

Соның қаны тамырым мен

Тұл бойымда, білегімде,

Соның ғана əмірімен

Соғып тұрар жүрегім де!

Жас ханзада құрметіне,

Бұл мейрамды ойлап таптық!..

(Өлеңді аударған: Е.Жүніс)

Кейін ақынның ұлы Хосе Франциско да ұлт азаттығы жолындағы күрескерге айналып, генерал шенінде зейнетке шыққан.

Латын Америкасының ең ұлы ақын­дарының бірі Хосе Мартидің, бәлкім, ең бір даңқты, аңызға айналған осы екі өлеңінен оның өмірін де, өмірлік ұстанымдарын да байқауға болады. Сүйген, күрескен, бұлқынған, ауырған, сенген жүректің бір баяны осы.